Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев ел ішінде сыйлы азаматтардың бірі. Сексеннің сеңгіріне шыққан бұрынғы спортшы, бүгінгі зейнеткер қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуда. Ол жігіт жасында жеңіл атлетика, шаңғы, күрес спорттарынан аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болған. 1969 жылы қазақ күресінен ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, спорт шебері дәрежесіне қол жеткізген. Сол жылы ауданда күрес мектебін ашып, он бес жыл бойы қанатының астынан талай спорт шеберлерін ұшырыпты.
Сансызбай Мұхамедрахымұлының сондағы шәкірттерінің алды – өзі сияқты ақсақалдар. Десек те, олардың қай-қайсысымен Сансызбай Қалиевтің жолы қиыса қалса, тәлімгерінің алдында кішік болады екен. Сондай бір оқиғаға өзім куә болған едім.
Осыдан бірер жыл бұрын Кішкенекөлдегі мектеп-гимназияның спорт залында еркін күрестен жарыс өтті. Оған жанкүйерлер көп жиналды. Мектептің ұзын дәлізіне қойылған үстелдердің басында теннистен де сайыс өтіп жатты. Жарыс аяқталып, ұйымдастырушылармен бірге қонақүйге бардық.
Сансызбай Мұхамедрахымұлы, оның қасында мен, оң жағымда Кеңес Қалкенов деген замандасым дастарқанға жайғастық. Ыстық ас келіп, сан түрлі сусын құйылды. Қасымда отырған Кеңеске қарап қоямын, рюмкаға қолын созбайды. “Кеңес, көтер”, – деймін. Сонда ол: “Бапкерім отыр, ұят болады”, – деп Сансызбай Қалиевті көрсетеді. “Ол кісі бұрын бапкер болса, сен қазір бапкерсің”, – деп мен де болмаймын. Сол жолы Кеңесім арақтан ұятын жоғары қойып, айтқанынан қайтпады. Бақсам екеуіміздің сөзімізді басқалар естіп отыр екен. Бір-біріне қарап жымың-жымың етеді. Бүгінде марқұм болған Кеңес сияқтылардың талайын тәрбиелеген осы Сансызбай ағамыз болатын.
Сансызбай Қалиев 2008 жылы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Заманның ағымына қарай ұйымның жұмысын, атқаратын міндеттерін айқындап алды. Ол бірінші күннен-ақ кеңестің жұмысындағы көптеген кедергілер мен қиыншылықтарды жеңуге кірісті. Ұйымның ережесін тіркеуден өткізіп, есепшотын ашып, заңды жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Аудандық кеңестің, оның төралқасының жұмыстары жолға қойылды. Ерекше құлшыныспен мекеме басшыларымен, кәсіпкерлермен, әкімшіліктегі бөлімдермен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатты. Соның арасында аудандық кеңестің есеп-шотына жылда 5-6 миллион теңге қаржы жиналады. Оның жұмсалуын тексеру комиссиясы қадағалайды.
Төрағаның бастамасымен ардагер ұстаздардың тікелей араласуымен аудан орталығындағы Мәдениет үйінде, №2 Кішкенекөл орта мектебінде тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Ардагерлер кеңесі аудандағы қарт-қариялардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударып, осы бағытта көптеген жұмыстар атқарады. Ардагерлердің отансүйгіштігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, саламатты өмір салтын қалыптастыру сияқты бағыттарда да ауыз толтырып айтарлық жұмыстарға ұйтқы болып жүр.
Ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай 18 елді мекенде майданда Отанымызды қорғаған 719 жауынгердің есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Аудан орталығында Даңқ монументінің жанында 600 соғыс ардагерінің аты-жөні тасқа қашалып жазылуына, халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің 80 жылдығын тойлауға да түрткі болған аға буын өкілдері. Өз заманында қазақ күресінен бірнеше дүркін чемпион болған Ахметжан Қазымбетовке арналған турнир жылда өтеді. Кезінде коммунистік идеологияға салмақ салған, арғы атасы ауқатты, дін адамы болғандықтан, өзінің лайықты орнын таба алмай кеткен белгілі ұстаз, алғашқы абайтанушы ғалым Зейнілғабиден әл Жауһаридің ғылыми конференциясын да өткізді. Түрлі спорттық ойындардың бел ортасында қатысушы немесе жанкүйер болып жүретін де ардагерлеріміз. Осының барлығына төраға бас-көз болып, бастарын біріктіріп жүр.
Сансызбай Қалиев Уәлиханов ауданының құрметті азаматы. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған. Басқа да марапаттары жетерлік. Олардың барлығы Сансызбай Мұхамедрахымұлына елі, жері, халқының мүддесі жолында аянбай еткен еңбегі, басқаларға үлгі боларлық мінез-құлқы мен замандастарының алды болып жүргені үшін берілген. Ол – қандай құрметке болмасын лайық жан.
Сағидолла ИКЕНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Уәлиханов ауданы.