«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАН АТТАҒАННЫҢ ЖАЗАСЫ АУЫР

Бүгінгі күні баршамызға жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыру міндеті жүктеліп отыр. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген еліміздің Қылмыстық кодексінде де жемқорлық қылмыстарға қатысты арнайы жеке тарау бар. Құжатта “Алаяқтық”, “Сеніп тапсырылған біреудің мүлкіне иелік ету немесе жымқыру”, “Қаржы пирамидасын құру немесе басқару”, “Экономикалық контрабанда”, “Ойын бизнесін заңсыз ұйымдастыру”, “Пара алу”, “Пара беру”, “Парақорлыққа делдал болу”, “Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу”, тағы басқа баптарға жан-жақты түсінік беріледі.

Жаңа Кодекске сәйкес лауазымды тұлғалар енді қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны, сондай-ақ, іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасағаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Нақтырақ айтар болсақ, ойын мекемесiн заңсыз ашқан, ұстаған немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастырған адамдар Қылмыстық кодекске сәйкес мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айрылады, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі. Ал қаржылық (инвестициялық) пирамида құру, бұл тартылған қаражатты кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн, не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру болып табылады. Сондықтан бұл қызмет түрімен айналысқандар да жазасыз қалмайды, кінәлі тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айрыла отырып, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге темір торға тоғытылады.

Сонымен қатар, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу мақсатында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларға қатаң жаза түрлері қарастырылып отыр. Алдымен жемқорлық әрекеті әшкере болған тұлғалар мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіледі. Бұрындары араға жеті жыл салып мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкіндігі берілетін. Сот шешімімен кінәлі тұлға шені, әскери атағы, дәрежесі, мемлекеттік марапаттарынан міндетті түрде айрылады.

Сондай-ақ, айыппұл жүйесі енгізіліп отыр. Айыппұл көлемі алынған параның 50 еселенген мөлшерін құрайды. Мәселен, 100 мың теңге көлеміндегі пара алса, онда 5 миллион теңге көлеміндегі қаржыны мемлекет қазынасына қайтарады. Бұл қаражатты төлей алмайтын жағдайда 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айрылмақ. Егер пара ірі көлемде алдын ала келісілген топтың бопсалауы арқылы берілсе, онда 70 еселенген көлемдегі айыппұл төлеу міндеттеледі. Болмаса, 7 жылдан 12 жылға дейін қамау көзделген. Жоғарыда пара берген адамның да жазасыз қалмайтынын айттық. Ал егер параны қорқытып алу орын алған болса, пара бергені туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын да ескерткім келеді. Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал еткен тұлғаларға да жаза қарастырылған. Мұндай қылмыс түрімен айналысқан кінәлі тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айрылады немесе параның он еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл төлейді, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі.

Элнара АЯПБЕРГЕНОВА,

Петропавл гарнизонының әскери

прокуратурасының аға прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp