Өнегесіне, адамгершілігіне ерекше тәнті болғанда атам қазақ: “Па, шіркін, мынау жігіттің төресі екен”, – деп тамсанатыны бар емес пе? Мұндай теңеу, әдетте, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарға арналған. Ауылымыздың аяулысы болған Өмірзақ Ғайсаұлын жігіттің төресі деп ауыз толтырып айтатын едік. Өмекең ел-жұртына қадірлі еді.
Ауылымыздың ардақтысы жайлы әңгімемді бастамас бұрын оның текті әулеттің ұрпағы болғанын айтып өткім келеді. Бүгінгі кейіпкеріміздің аталары Иса мен Ғайса өз заманында ел құрметіне бөленіпті. Иса өмір бойы елдің қамын жеп өтсе, Ғайса шаруаның адамы еді. Иса ақсақал сөзге шешен, тұла бойы жақсы қасиеттерге тұнған, бұрынғы батырлардай алып денелі болатын. Балалары жастайынан шетіней берді, тірі қалған Тайлақ дейтін ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіреді. Ата-анасының жақсы тәлім-тәрбиесін алған жігіт Ұлы Отан соғысына аттанып, Украина жеріндегі қанды шайқастың бірінде ажал құшады. Ата-анасы майдан даласынан суық хабарды естігенде қайғы-мұңға батып, өмірлерінің соңғы күніне дейін күңіренумен өтті. Ғайса жалғыз ұлын жоғалтқан туған бауырының көңілін аулап, жанашырлық танытып, өмір бойы қамқорлық жасады.
Ғайсаның шаңырағында Өмірзақтан басқа Байзақ, Ерғазы деген ұлдар, Сара, Шора есімді қыздар дүниеге келді. Елге сыйлы әке-шешеден тараған ұрпақ бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, жұрт қатарлы ғұмыр кешуде.
Өмірзақ Ғайсаұлы да Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласында жараланып, денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын елге оралады. Өзгелермен қатар қиын кезде ауылдың тұрмысын түзеу мақсатында Есіл ауданындағы Қарағаш кеңшарында есепші болып қызмет істейді. Есеп-қисапты жақсы білетін Өмекең адал еңбегімен басшылықтың ілтипатына бөленеді. Осындай білікті мамандардың арқасында біздің елді мекен аудандағы үздік ауылдардың көшін бастап, егін егу, мал өсіру бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ауылымыз алғашқылардың қатарында соқаға жегілген жылқы мен өгіз айдаудан арылып, техниканың көмегімен шаруашылықты дамытты. Соның нәтижесінде ауылда жұмыс орындары пайда болып, балалардың алаңсыз білім алуы үшін жайлы мектеп бой көтерді.
Мен 1946 жылы жетіжылдық мектепті тамамдаған соң екі жыл кеңшардың мал фермасында еңбек еттім. Еңбексүйгіштігімді, білімге деген құштарлығымды байқаған Өмірзақ аға мені өзінің көмекшісі қылып жұмысқа қабылдады. Оның қарамағында бір жылға жуық жүрдім. Бір күні Өмекең: “Рахмет, енді сағат 8-ден жұмысқа кел, мен де сол кезде боламын”, – деді.
“Ерте тұрған еркектің ырысы артық” демекші, екеуміздің жұмысымыз ұршықша үйіріліп, алға басты. Қолымыз сәл босағанда Өмірзақ ағам соғыста көргендерін әңгімелеп, маған үнемі “білім алуың керек” деп ақылын айтып отырушы еді. “Сен ата-әжеңнің еркесі болып өстің, еш қиындық көрген жоқсың. Үлкенді сыйла, кішіні құрметте, кішіпейіл бол. Кітапты көп оқысаң, ішкі жан дүниең байып, жақсы өмір сүруге талпынасың. Абайдың мұрасынан бастасаң, еш ұтылмайсың”, – деп жол сілтеді. Ағамның сол өсиетіне құлақ түріп, ұлы ақынның шығармаларын оқи бастадым. Өзіме ұнаған оннан астам өлеңін жаттап та алдым. Ол кезде қазіргідей орыс тілін үйренетін орта болған жоқ. Мұнымды түсінген Өмекең Абайдың Крыловтан аударған мысалдарын орысшасымен салыстыра отырып жаттау жөнінде кеңес берді. Дәл солай істедім, нәтижесінде орыс тілін меңгеріп, одан әрі білім алуға деген құлшынысым артты. Сөйтіп, облыс орталығындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Туған ауылымда төрт жылдай қызмет еткен соң ұстаздық жолдағы білімімді Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында жалғастырдым.
Аталмыш оқу орнын тамамдап, ауылға келгенімде Өмірзақ Ғайсаұлының қуанышында шек болмады. Ауылдың ардақты азаматы жоғары білімді жерлестері қатарының бір адамға толыққанына шаттанып, өз батасын берді. Бұл кезде Өмекең облыстық партия комитетінде білім беру мекемелерін қадағалайтын бөлімнің басшысы еді. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым жұмысшыдан білікті басшыға дейінгі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар жан талай биіктерді бағындырды. Қызметінде жоғарылап, ауылдан алыстаса да, жерлестеріне деген құрметі кемімеді. Ауыл азаматтарына көп көмектесті, әсіресе, жас буынның білім алуына жағдай жасады. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Өмірзақ Ғайсин бұрынғы Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Кішіпейіл, ақкөңіл, жауапкершілікті алдыңғы орынға қоятын ауылдасымыздың әр жетістігіне ел болып қуанып, онымен мақтанушы едік. Жан жары Қадаш апай да кеңпейілді, ағайынға қадірлі жан болды.
Өмекеңнің інілері де ағаларындай абыройлы еңбек етіп, Қарағаш ауылының өркендеуіне үлес қосты. Өмекең де, Қадаш та өмірден озған. “Түзу қанаттанған дұрыс ұшар” демекші, олардың балалары мен немерелері де бүгінде елдің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқаруда.
Рахмет ЖҰСЫПОВ, ардагер ұстаз.