«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ АҒА БУЫН

Әр заманның өз жүгі болса, ардагерлеріміз сол ауыртпалықтарға мойымай, бір адамдай еңсере білді. Тарих қойнауына өткен кешегі күндерді ұмытып, болашаққа бағыт-бағдар жасау мүмкін емес. Жаңа жыл қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің Петропавл қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің әкімшілігі мен ардагерлердің бастауыш ұйымы сала зейнеткерлерімен кездесті. Олар 25 ардақты қартты үйді-үйіне барып құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Солардың қатарындағы Зоя Юхновец, Вера Посохова, Анна Бержатая, Валентина Гуфенко, Роза Мұқашева, Мария Чередниченко, Қадырбай Жусалин, Алексей Соколов, Иван Циподой сияқты ардагерлер – соғыстың ызғарын сезінген аға буын өкілдері жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп, төтенше оқиғалардан талайлардың аман қалуына атсалысты.

Зоя Юхновец өртке қарсы қызмет органында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Ол қарттыққа да бой алдырмайтын көңілді жан. Әріптестерін көріп, әңгіменің жібін тарқатты, ілтипаттары үшін алғысын білдірді. Зура Жамалиева да өмірінің 27 жылын өртпен күреске арнаған. Қонақтардан бүгінгі құтқарушыларға қойылатын талап-тілектерді сұрап, өз заманында қалай жұмыс істегендерін еске алды. Қазіргі уақытта Зура апа – 10 немере мен үш шөберенің ортасында отырған мәуелі бәйтерек.

Ардагерлерге құрмет көрсету шараларын ұйымдастыруды департаменттің әр бөлімі дәстүрге айналдырған. Зейнеткерлер де олардың келуін тосады. Аға буын өкілдерімен байланыстың пайдасы мол. Ардагерлер жастарды ізеттілік, мейірімділік, қайырымдылық, жауапкершілік сияқты адамгершілік қасиеттер мен рухани байлықтарды сақтауға үйретеді. Өмірлік тәжірибелері мен өнегелік істері мол ардагерлер ортамызда көп болған сайын, бүгінгі еңбек қатарындағы замандастардың бойына да жақсы қасиеттер шоғырлана түседі. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл құндылықтар осылай өз жалғасын табуда.

Наталья ПОПОВА,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік

тіл және ақпарат

тобының маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp