«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ “АҚ ҮЙІМІЗ”

Еліміздегі ең ардақты тарихи ескерткіштердің қатарынан орын алған Петропавлдағы “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінің “өліп, тірілгендей” шежіресі шымбайымызға бататынды. Қазақтың ұлы ханының кесенесі, тарихи деректерде дәйектелгендей, 1829 жылы бой көтерген екен. Халқымыз “Абылайдың Ақ үйі” деп ардақ тұтып, тәу еткен кесененің келе-келе қадірі кетіп, өткен ғасырдың сексенінші жылдары мұнда ағаш тілетін шеберхана орналасып, көр-жерді сақтайтын қоймаға айналыпты.

Кеудесінде намыс оты бар қызылжарлық ағайындардың, әсіресе, өңірімізге келіп аты дардай үйдің бәкене күйін көріп қынжылған аузы дуалы ақын-жазушылардың дүмпуінен кейін кесенеге назар аударыла келіп, ақыры Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен ел тарихындағы маңызды ескерткіш мәртебесімен мемлекет қарауына алынды.

Тәуелсіздіктің, әсіресе, ұлттық мәдениет пен тарихтың қадір-құрметін асқақтатудан артық мәртебе жоқ деп білетін Елбасымыздың жанашырлығының, қазақтың басына үйірілген бұлтты серпіп тастап, бірлік пен ынтымақтың туын тіккен, елдің тұтастығын ақыл-парасатымен сақтап қалған Абылайға деген ыстық ілтипатының арқасында кесене қалпына келтірілді.

Осының айғағындай, Нұрсұлтан Әбішұлы 2008 жылдың 21 тамызында Петропавлда кесененің ашылу салтанатында болып, дүйім жұртшылыққа ұлт болып ұйысудың ризығына айналған лебізін арнағаны жадымызда.

Осы оқиғаға орай ашылар алдында кесене толық жөнделді, тарихи кейпіне келтірілді. Оның алдына ақылман да айбынды ханымыздың ат үстіндегі тұлғасын бейнелеген ескерткіш тұрғызылды.

Содан бері ұлы ханның кесенесі көрген көзге сүйік болып, баладан кәріге дейін келіп, тарихымызға бойлайтын ғибрат орнына айналды. Атап айтқанда, мұражайымызда көшпелі көрмелер өтетіні көрермендерге игілік болды. Осылайша, өткен жылы Түркістандағы ұлттық мұражайдың аса бай жәдігерлері, әсіресе, Әзірет-Сұлтан кесенесінің экспозициялары, соның ішінде Қожа Ахмет Яссауидің, оның ішіндегі Тайқазанның көшірмелері және басқа аса құнды заттар бір айдан аса уақыт бойы қызылжарлықтардың көзайымы болды.

Біз мұражайдың төрт бірдей залын жәдігерлерге толтырып, солар арқылы келген адамдарға Абылайдың ғана емес, әмсе Қазақ мемлекетінің тарихи кезеңдерін баяндайтын әңгімелерді зердеге құямыз. Мұнда қазақ және орыс тілдерінде әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Оларға өңіріміздің мектептерінің оқушылары, колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, аудандардан арнайы делегациялар үнемі келіп, мемлекеттігіміздің өткенін, бүгінін және болашағын саралайды. Сондай-ақ, алыс және жақын шетелдерден Қызылжарға ат басын тіреген сыйлы қонақтар оның табалдырығын аттамай кеткен емес. Әсіресе, Ресейдің көрші Қорған, Омбы, Түмен облыстарынан делегациялар жиі келеді.

Сонымен бірге, біз осы кесенеде жастардың неке қию салтанаттарын да өткіземіз. Мұндағы мақсатымыз – ұлы ханның ғибраты, орасан кең ауқымды ақыл-парасаты жас отауларға жұғысты болсын деген ата-аналардың ақжолтай тілектерін орындау.

Мұражайда болып, тарихымызға бойлаған азаматтарымыз осындай игілікке қол жеткізіп, ұрпақтарды отаншылдыққа баулып отырған Елбасымызға алғысын арнайды. Біз де осы мұражайда қызмет ете жүріп, Абылайдың айбыны мен айбарын, ақыл-парасатын, көрегендігі мен кемелдігін мақтаныш етеміз.

Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,

“Абылай ханның резиденциясы”

мұражай-кешенінің

бөлім меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp