«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ ЖАН

Талайдың өміріне араша түскен білікті дәрігер Төлеген Имановтың есімі уәлихановтықтарға жақсы таныс. 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тамамдаған ол ауданның орталық ауруханасына жолдама алып, содан бері 41 жыл бойы осы мекемеде еңбек етіп келеді. Еңбекқор, қайратты, жауапкершілігі мол жанды әріптестері де, жерлестері де қатты құрметтейді.

Төлеген Талғатұлының өткен ғасырдың қиын-қыстау заманында аудандық аурухана басшылығын қолына алып, сондағы ауыртпалықтарды еңсере отырып, жерлестеріне үлкен қамқорлық жасағанын замандастары ұмытпайды. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, дәрігерлік тәжірибесі мол басшы әріптестерімен бірге ауданның денсаулық сақтау саласын көтерді.

Ол тәлімгерлік қасиеттерімен талай ақхалатты абзал жанның жақсы дәрігер болып қалыптасуына көмектесті. Төлеген Талғатұлының көптеген шәкірттері – медицинаның нағыз майталмандары. Дәрігерлік мамандықты оңай деп ешкімнің де айта алмасы анық. Төлеген Талғатұлы өмір бойы сол ауыр жұмыстың ортасында жүрсе де, жабыңқы көңіл, қатулы қабақ, шаршаған түр танытқан емес. Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білуінің арқасында абырой мен құрметтің биік шыңынан көріне білді. Кеудесінде қажырлы еңбегінің өтеуіндей мемлекет марапаттары жарқырайды. 2008 жылы Уәлиханов ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Бұл – оның қырық жылғы еңбегіне берілген жоғары баға.

Мамандығын жан-тәнімен сүйетін, дәрігер деген атаққа лайық жан бүгінде зейнет демалысына шықса да, әріптестерінің, халықтың қалауымен еңбектен қол үзген жоқ. Саналы ғұмырын адам өмірін құтқаруға арнап келе жатқан Төлеген Талғатұлының денсаулық сақтау саласында өзіндік ойып алар орны бар екендігін қанша қайталасақ та, артық болмайды.

Ербол УАХИТОВ,

аудандық

аурухананың

бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp