«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАҚТЫ ТҰЛҒА

Абыз басылымның алғашқы саны осыдан тура жүз жыл бұрын Омбы қаласында жарық көрді. Кейін Ақмола губерниясы құрылып, оның орталығы – Петропавл қаласына газет “Бостандық туы” деген атаумен көшірілді. Басылымның алғашқы редакторларының қатарында Әбілқайыр Досовтың есімі де аталады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіл­қайыр Досов 1899 жылы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында (қазіргі Ақмола облысы) туған. Әкесі Ысқақ ұлының әріп танып, білім алғанын қалаған. Алдымен жас Әбілқайыр ауылдағы бастауыш мектепте сауатын ашады. Кейін ол оқуын Омбыдағы орыс-қазақ жетім балалар мектебінде жалғастырады. Қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласқан Әбілқайыр Ысқақұлы жергілікті қазақ оқушы жастардың мәдени-ағарту “Бірлік” үйірмесінің жетек­шілерінің бірі болғанын білеміз.
Әбілқайыр Ысқақұлы 1920 жылдың қазан айында Қазақ советтерінің құрылтай съезінде Қазақстанның Орталық Атқару комитетінің төралқа мүшесі және хатшы­сы болып сайланады. Қиыншылығы көп жұмысты абыроймен атқара білген ол сол кезде бар-жоғы 21 жаста болатын. Азат­тық жолындағы күресте шыныға түскен жас Омбыда Батыс Сібір саяси басқармасының инспекторы, Партияның Сібір бюросы жанындағы татар, қазақ секциясының хатшысы қызметін атқарады. Сол жылы Әбілқайыр Досов “Кедей сөзі” газетін шығаруға бір адамдай атсалысады. Мұрағаттардан табылған деректерге сәйкес жаңа басылым Омбы қаласындағы баспаханада аптасына үш рет, бес мың данамен шығып тұруға тиіс болған. Алайда, маман тапшылығына байланысты газеттің бірінші саны 22 ақпанда жарық көрсе, екінші саны араға уақыт салып басылып шыққан.
Небір ардақты тұлғалардың іздері сайрап жатқан басылымның жарық көрген алғашқы санында “Кеңес өкіметі деген не?”, “1917 жылғы ақпан көтерілісі қазақтарға не берді?”, “Автономия кімдікі?” деген өзекті тақырыптарды көтерген мақалалар жарық көрген. Сөйтіп, жаңа газет Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Атбасар уездеріне таратылып, өз оқырмандарын табады. Ал Ақмола губерниясы құрылғаннан кейін газеттің атауы “Бостандық туына” ауыстырылып, ол 1921 жылдың 19 наурызынан бастап Петропавл қаласында шыға бастайды.
Әбілқайыр Ысқақов кеңпейілділігімен, көпшілікпен тез тіл табыса білетін қасиеттерімен танылған. Ол Мағжан Жұмабаев, Әбдірахман Әйтиев, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов және басқа қазақ зиялыларымен аралас-құралас болған. Әсіресе, ел арасында сый-сияпатқа ерекше бөленген жазушы Сәбит Мұқановпен жақын дос болыпты. Мұны “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің 1960 жылы шыққан №197 санында жарияланған: “Бақытты Отанымыз – Советтік Қазақстанның қырық жасқа толуын тойлауға азғантай ғана күндер қалды. Осы тойға жақындаған сайын республикамызды ұйымдастыруда, оның партиялық-мемлекеттік істе­рін басқаруда зор еңбек сіңірген қа­дірлi жолдастар да еске түседі. Солардың бірі – Әбілқайыр Ысқақұлы Досов. Әбілқайыр – менің қызмет бабымда ғана емес, пікірлес, сырлас болған, жақын болған досымның біреуі”, – деп басталатын Сәбеңнің мақаласынан анық байқауға болады.
Әбілқайыр Досовтың газеттегі қызметі ұзаққа созылмаған көрінеді. Ол 1922-1926 жылдары Семей Губаткомының, содан соң Түркістан облыстық ревкомының төрағасы қызметтерін атқарады. Кейін оған Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің 2-ші хатшысы, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтері сеніп тапсырылады.
Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатынан Сәбит Мұқанов пен Әбілқайыр Досовтың 1925 жылы 7 қаңтарда Сталиннің қабылдауында болғаны туралы ақпарат табылды. “1925-1928 жылдары Сталиннің қабылдауы туралы жиынтық деректер” деген қорда “Прием И.В.Сталиным работников печа­ти. 1925 год. 1. Досов и Муканов – Киргизия, о киргизской печати 7 января” деген жазу бар. Сондай-ақ, 1926 жылғы 29 желтоқсанда Сталиннің қабылдауына кіргені туралы “Досов АбельКаир” – представтель Казахской республики” деген дерек толтырылған.
Қызыл қырғынмен билікті заңсыз ба­сып алған бүлікшіл большевиктердің идеологиясы халқымызға орасан зор зардабын тигізгені тайға таңба басқандай тарихта жазылған. Әсіресе, 1937 жылдың қанды құрсауына түскен зиялы қауым өкілдері көп болды. Сол құрсаудан Әбілқайыр Ысқақұлы да құтыла алмады. Алғашқы редактордың өмірі туралы деректерді оның аталас бауыры, экономист Серік Мұқашевтан сұрап білдік. Бүгіндері Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқан Серік Тасқараұлы: “Біздің арғы аталарымыз бірге туысқан. Атам Мұқаш Тәжібайұлы жас Әбілқайырдың білім алуына ағаларым Сатыбай Байғошұлы және Балташ Дәуітұлы қолдау білдіргенін жиі айтушы еді. Большевиктер саясатына қарсы шықты деген желеумен ағатайларым режім құрбандары болды”, – деп еске алады.
Оның айтуынша, Әбілқайыр Досов 1937 жылдың 28 қарашасында Шымкент қаласында “халық жауы” деген жаламен тұтқындалған. Кейін Алматыға жеткізіліп, 1938 жылдың 8 наурызында ату жазасына кесіледі. Алматының жанындағы Борылдай ауылының маңындағы зиратта жерленген Әбілқайыр Ысқақұлының есімі тек 1956 жылы ақталды. Содан бері облыстық және республикалық газеттерде бірқатар мақалалар жарияланып, қоғам қайраткерінің есімін жаңғырту шаралары қолға алынды. Әбілқайыр мен зайыбы Зухренің үш баласы болған. Қазіргі уақытта ұлы Досланнан, қыздары Рауза және Аидадан тараған ұрпақ Ресейдің Мәскеу қаласында тұрып жатыр.
Бұл дүниеде бар-жоғы 39 жыл ғана өмір сүрсе де, еліміз үшін қаншама іс тындырып кеткен Әбілқайыр Досовтың өмірі мен қызметі кейінгі ұрпаққа халқы үшін қалтқысыз еңбек етудің өнегесі болып қала бермек.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp