Хабарландырулар сайты арқылы автокөлігіне жаңа қозғалтқыш сатып алмақ болған петропавлдық қыз алаяқтың құрбанына айналды. Ол қосалқы бөлшектің тым арзан екеніне қызығып, 320 мың теңге алдын ала төлемді аудара салған. Бұдан соң сатушы байланысқа шықпай қойғандықтан, жәбірленуші полицияға жүгінуге мәжбүр болған.
Ал Шал ақын ауданының 31 жасар тұрғыны әлеуметтік желіде жақын туысынан хабарлама алыпты. Онда туысы карточкасының мәліметтерін және телефонына келген SMS хабарламаның мәтінін жіберуді өтінген. Оның айтқанын орындаған ер адам кейін интернет-банкинг арқылы өзінің картасынан басқа картаға ақша аударылғанын анықтайды. Полицейлер қазір осы екі дерек бойынша тергеу жүргізуде.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, қаскөйлер ақшаны түрлі жолмен жымқырады және олардың сценарийлері жылдам өзгеріп отырады. Қазіргі төтенше жағдайды пайдалана отырып, қаскөйлер карантин кезінде құжаттарды ресімдеу, жәрдемақы тағайындауға қатысты алаяқтық әрекетке баруы мүмкін.
Сәуір айы басталғалы облыста 5 интернет-алаяқтық тіркелді.