Жуырда Булаево қаласында “Низкоцен” желісінде жұмыс істейтін жаңа супермаркет құрылысының алғашқы кірпіші қаланды. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстары арасындағы өзара шекаралық ынтымақтастық шеңберінде іске асып отыр.
Айтулы шараға аудан әкімі Асқар Бегманов, “Холлифуд” ЖШҚ өкілі Сергей Смирнов, аудандық қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Сауда құрылысындағы бұл бастаманы облыс әкімі Ерік Сұлтанов осы жылғы ақпан айында өткен өңір басшыларының екіжақты кездесуінде көтеріп, ол ресейліктердің тарапынан бірден қолдау тапқан болатын. Ресейлік “Холлифуд” жауапкершілігі шектеулі қоғамы “Низкоцен” атты көтерме-бөлшектеп сату тауарлар дүкендерінің желісімен өздерінде ғана емес, сонымен бірге қазақстандықтар арасында да аса танымал.
Жобаның құны 137 млн. теңгені құрайды. Әзірге онда жергілікті тұрғындар арасынан 5 адам ғана жұмысқа тартылғанымен, осы жылдың күзінде супермаркет ашылған кезде сауда орталығында жаңа 35 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы бұл жаңалық мағжандықтарды өте қуантып отыр. Өйткені, “Низкоцен” дүкенінде тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие әрі арзан тауарлардың алуан түрлері табылатын болады. Сондай-ақ, мұндай сауда орындарында өзінің жеке азық-түлік өндірісі (шағын наубайхана, гриль, жартылай дайын өнім және әртүрлі салаттар өндірісі) жұмыс істеуге және олардың шығарған өнімдері осы супермаркетте бірден сатылуға тиіс. Оған қоса, “Низкоцен” сауда орталығы бөлшектеп сатылатын тауарлардан басқа, аудан аумағындағы мектептер, балабақшалар мен асханаларға көтерме сауда тауарларын жеткізіп беруге де қауқарлы.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа супермаркет ашылғанда аудан тұрғындарының бір бөлігі жұмыспен қамтылса, өзгелерінің одан сапасы мен бағасы арзан қажетті тауарларын таңдап, сатып алуларына тамаша мүмкіндік туатын болады.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.