«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЗАН ТАУАР АҒЫНЫ

Қазіргі әлемде әртүрлі себеппен қаржылық қиындыққа душар болған елдердің бірі – Ресей. “Көршілес мемлекетте қалыптасқан күрмеуі қиын ахуал Еуразиялық экономикалық одаққа кірген біздің де шаңырағымызды шайқалтып, экономикамызды тұралатып кетпей ме?” – деген күпті көңілде жүрген қазақстандықтар да аз емес. Өйткені, Жылқы жылы девальвацияға ұшыраған рубльдің әлі “ес жиятын” түрі көрінбейді. Міне, жаңа жылдың алғашқы айы да түгесілді. Алайда, жерлестеріміздің арзан зат пен тауар үшін толассыз шекара асуына қарағанда, “ауылымыз аралас, қойымыз қоралас” көршілеріміздің ұлттық валютасы бағамының түсуі қаншаға созылатынын болжап айту қиын.

Ресейдің қаржылық құлдырауын шекараның шетін, желдің өтін мекендеген теріскей аймақ қалай қабылдап отыр деген сауалға жауап алу мақсатымен түрлі мамандық иелерін әңгімеге тартқан едік.

Айгүл БЕЙСЕНОВА, мұғалім: “Ойда отыз сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды” демекші, мұнай бағасының құлауы аздай, Еуроодақ елдері мен АҚШ тарапынан қолданылған санкциялар Ресейдің қаржы жүйесіндегі бейберекетсіздіктің басты себебі болды. Жан-жақтан “шабуылдаған” экономикалық қыспақтар рубль бағамын күрт түсіріп жіберді. Бұдан ешкімнің еш нәрсе ұтпасы анық. Оның тауқыметін біз сияқты қарапайым отбасылардың сезініп отырғаны рас. Менің жұбайым көп жылдан бері Түмен облысында жұмыс істейді. Рубльдің құнсыздануы салдарынан жалақысы екі еседей кеміп қалды. Отбасылық табыстың азаюы көңіл күйімізге қатты әсер етті. Есесіне ол сол жақтан арзан көлік пен тауарлар әкеліп, қуантып тастады. Жұртпен жағаласып, үш жүз шақырым Омбыға бірнеше мәрте барып келдік. Кеден бекеттерінен өту бір мұң болды. Қазір де кезек көп көрінеді. Арзан заттар мен тұрмыстық бұйымдарды тіркемелі машиналармен алып жатқандарды көріп, қай жыртығына жамау болар екен деп ойладым. Біреулер аз жалақысын үнемдеп, бала-шағаны киіндіру қамымен барса, енді біреулердің қымбатқа сату тірлігімен айналысып жүргені анық.

Қазіргідей халықаралық ынтымақтастық заманында елдердің бір-бірімен байланыссыз, томаға-тұйық өмір кешуі мүмкін емес. Біздің ерекше үміт артатынымыз – Еуразиялық экономикалық одақ. Оған мүшелікке енуге мүдделік танытушы елдер қатарының көбейгені қуантады. “Көрші ақысы – Тәңір хақысы”, “Үй салсаң, алдымен көршіні таңда” дейді қазақ. Ресейдің үш облысымен шектесетін Қызылжар өңірінің тұрғындары рубль бағамының орнығуына тілектес”.

Дмитрий ЕФИМЦЕВ, кәсіпкер: “Жаңа жыл қарсаңында қарақұртша қаптап кеткен шоп-турларды айтпаңыз! Халықтың шекара бекеттерінде иін тірескені соншалық, күні бойы кезекте тұруға тура келді. Ресейден бұрынырақ әкелінген тауарларды арзанға бұлдауға мәжбүр болдым. Негізгі кәсібім үзіліп қала ма деп қатты қобалжыдым. Кей жергілікті кәсіпорындар өнімдерін өткізетін нарық көзін таппай, әбден әуре-сарсаңға түсті. Өйткені, азық-түліктен бастап, құрылыс материалдарына дейін дүкен сөрелері лық толды. Оны айтамыз-ау, айырбас пункттерінде рубль таусылып қалғандықтан, Астанаға барғандар, ал арзан жеңіл көлік іздеп, Татарстан, Башқұртстан, Мәскеу, Санкт-Петербург жаққа жол шеккен таныстарым аз емес.

Мен ресейлік кәсіпкерлермен жиі байланысып тұрамын. Олар да рубльдің құлдырауынан қатты зардап шекті. Меніңше, басқа елдердің өтпелі, уақытша қиындықтарына еш қуануға болмайды. Бәлкім, жекелеген адамдардың әл-ауқаты жақсарып-ақ кетер. Ал тұтас мемлекет үшін зардаптары ауыр болуы ықтимал. Шүкіршілік, Қазақстан оның салдарын сезіне қойған жоқ. Өйткені, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді әлеуметтік бағдарламаларымыз бар.

Экономикалық ықпалдастық, бірыңғай нарықта болу заңдылыққа, қажеттілікке айналған тұста “Кемедегінің жаны бір” деген мақал еске түседі. Бұл орайда, Ресей секілді үлкен елдің қиындықтарды еңсеріп, рубльдің тұрақтанып кетеріне сенгің келеді”.

Бүгінде Қызылжарда жеңіл көлік саудасы қызып тұр. Жаңа жылға дейін петропавлдықтар 600 автокөлік сатып алса, биыл 200-ге жуық “темір тұлпар” әкелген. Халыққа қызмет көрсету орталығында 800-дей көлік рәсімделген. Бұлардан 72 миллион теңге салық алымдары түскен.

Арзан заттар, тауарлар, бұйымдар әкелу мақсатымен Ресейге қарай сапар шеккен жолаушылардың қатары әлі қалың. Бір ғана “Жаңажол” бекетінен тәулігіне бір мыңдай көлік өтетін көрінеді.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp