Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі аясында жергілікті “Qulager” командасы сырт алаңда көкшетаулық “Arlan”-мен кездесті.
Көкшетау қаласында өткен кездесудің алғашқы ойыны басталысымен екі команда алма-кезек шабуылға көшті. Қызылжарлық Станислав Логинов есеп ашқанымен, сәлден соң айдын иелері таразы басын теңестірді. Үшінші шайбаны да солар салды. Ойынның аяқталуына үш минут қалғанда жерлесіміз Евгений Попитич мергендік танытып, қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Есеп теңескендіктен овертайм жарияланып, бұл сында петропавлдық шабуылшы Денис Стасюк мергендік танытты.
Келесі күнгі қарымта кездесуде жерлестеріміз алғашқы минуттардан-ақ қарсылас қақпасына лап қойды. Осындай белсенділіктің арқасында Денис Стасюк пен Александр Ильин қатарынан екі шайба соқты. 49-минутта көкшетаулықтар есеп айырмасын қысқартып, үш минут өтер-өтпес уақытта таразы басын теңестірді. Осылайша, ойын тең аяқталып, тағы да овертайм жарияланды. Бұл жолғы жеңіс шайбасының авторы – Дамир Рамазанов.
Қоржынында 80 ұпайы бар қызылжарлық “QULAGER” хоккей клубы турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Ертең жерлестеріміз “TEMIRTAY” командасымен кездеседі.