Мектептің жүрегі болып табылатын ұстаздың жетістігі – он бір жыл бойы оқытып, білгенін үйретуден жалықпаған шәкіртінің еңбегін ақтап, шыңдардан көрініп, айтулы табыстарға қол жеткізе алуы. Сонда ғана ғалым да, ақын да бас иетін абыройлы мамандық иелерінің мерейі асып, мәртебесі тасиды. Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің биылғы түлектерінің қатарында әртүрлі халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленгендері де жетерлік. Олар өздерінің таңдауы бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі беделді оқу орындарында жоғары білім алуды көздеп отыр. Білім бәйгесінде атын оздырғандардың барлығының санаға білім сәулесінің нұрын құйған мұғалімдеріне айтар алғыстары шексіз. Солардың кейбіреуін әңгімеге тартқан едік.
Назерке БЕКТҰРҒАНОВА, мектеп түлегі:
– Үстіміздегі жылы Алматы қаласында өткен Ө. Жолдасбеков атындағы V халықаралық “Математика және механика” атты ғылыми жобаның жеңімпазымын. Математика пәніне баулыған ұстазым Жадыра Қоспаева “Адам өміріндегі граф” тақырыбын зерттеуіме себепкер болды. “Граф” теориясы арқылы түрлі есептер шығарудың жолын, математика ғылымының дамуына атсалысқан атақты ғалымдардың дәлелдеген тұжырымды ойларын, оның жолдарын үйретті.
Ата-анам да ұлағатты ұстаздықты таңдады. Екеуі де облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатында мұғалім болып қызмет атқарады. Ынталы өрендердің алға шығып, білім додаларында өздерін биіктерден көрсете білуіне ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Олар оқушылардың асыл арманына да қол жеткізулеріне бірден-бір себепші бола алады.
Болашақта ақ халатты абзал жан атануды көздеп отырмын. Отандық медицинаның дамуына атсалысқым келеді.
Мақсат ЕЛЕУКИН,
мектеп түлегі:
– Білектінің бірді, білімдінің мыңды жығатынын жоғары сыныптарда оқып жүріп, ғылыми жобалармен шұғылдануға кіріскенімде ұғына бастадым. Еліміздің Байқоңыр қаласында өткен “Ғарыш әлемін ашамыз!” атты халықаралық ғылыми жобалар сайысында оқуға, озық технологияларды игеруге ұмтылудың маңыздылығын тағы бір мәрте түсіндім. Байқауға республикамыздың он төрт облысынан, Ресей мен Түркия мемлекеттерінен 600-ге жуық талапкер қатысты. Аталмыш білім сынағында жүзден жүйрік шыққандармен сынға түсуіме ұстазым, физика пәнінің мұғалімі Қылыш Ахметовтың еңбегі зор. Ол менің ғарыштық технологияға деген қызығушылығымның артуына бағыт сілтеп, жеңімпаздар қатарынан көрінуіме көп еңбек сіңірді. Оның үйретуімен ғарыш техникасын жасап шығарып, оны баламалы энергия көзімен байыттым. Генератордың макетін құрастырып, оған жел арқылы энергия бердік. Техника неғұрлым үлкен болса, соғұрлым энергияға бай болады. Бұл қағиданы да шама-шарқымызша атқардық. Жобамыз қазылар алқасы мүшелерінің де көңілдерінен шығып, бізге одан әрі жалғастыруымызға сенім білдірді.
Ұстазымның берген білімі менің өміріме, таңдаған болашақ мамандығыма да себепкер болып, бүгінде Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне түсуді мақсат етіп отырмын. Оның үстіне, ғарыш технологиясын зерттеуді қолға алмақпын.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.