Ұланның жекеменшік құрылымға бет бұрған кезі – 1996 жыл. “Быламық жейін деген асым ба еді?” дегендей, бұл қадамға амалсыздан барғанды. Бір кездері дәулеті де, сәулеті де келіскен кеңшарлардың бірі жекешелендіріліп, бірі банкроттыққа ұшырап, не керек, “жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасқан” кезеңде оның отбасына пай үлесі ретінде 87 гектар жер телімі бұйырған. “Барға – қанағат, жоққа – салауат” айтып үйренген азамат кейбіреулерге ұқсап азырқанбаған. “Сан-Ар” шаруа қожалығын (Сандыгүл және Ардақ деген ұл-қызының басқы буындарынан алынған) құрып, жеделдетіп іске кіріскен.
Бастапқыда қыры да, сыры да беймәлімдеу саланың күрмеуге келе бермейтін проблемалары көп болғанымен, қанша айтқанмен, жастайынан еңбектің “отымен кіріп, күлімен шыққан” ауыл баласы емес пе, шынықты, ширады. Ешкімге жалтақтамай, күнін түсірмей, тиесілі алқапқа арпа, бидай егіп, агротехникалық талаптарға сай күтіпбаптады. “Еңбек етсең, емерсің” деген осы – өз күшіне сенгеннің, жинақталған тәжірибенің арқасында “балапанды санар шақта” төккен тердің төлеуі ақталып, бойында бұла күш, ойында келешекке деген берік сенім пайда болды. Негізгі мамандығы – механик. Оның үстіне жүргізуші, инженер, директордың орынбасары секілді еңбек баспалдақтарынан өткені бар, егіншілік саласы оған пәлендей қиындық тудыра қойған жоқ. Қабырғасымен кеңесе отырып, шаруашылықты кеңейтудің жолдарын қарастырды.
– Кеңшарлардың дүние-мүлкі – ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанда, өзгелер сияқты мен де не істерімді білмей дағдарып қалғаным рас. Дүниеде жұмыссыздықтан асқан уайым жоқ екенін басқа түскенде қатты сезіндім. Бала-шағаны асырау үшін сауда-саттықпен айналысуға тура келді. Бірақ түпкілікті нәпақа болмасын біліп, отбасылық қожалық құруға тәуекел еттім. Одан ұтпасам, ұтылған жоқпын, – дейді өткенді еске алған “Сан-Ар” ШҚ-ның басшысы Ұлан Мейірманов.
“Жас өспей ме, жарлы байымай ма?” – деп аталарымыз текке айтпаса керек. Жыртығын жамауға, тесігін бүтіндеуге қалтасы жұқа, астығын сеуіп, орғанды ғана жанына медет, дәтке қуат етіп жүрген кешегі Ұланның бүгінгі тіршілігі адам қызығарлықтай. Үкіметтің жеңілдікпен берілетін қаржылық демеулеріне сүйене отырып, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 1 асылтұқымды бұқа мен 15 сиыр сатып алды. Тындырымы көп тынымсыз жанның малсақ қасиеттерін бағаласа керек, аудан басшылары иелігіне 930 гектар жайылымдық жер бөліп берді. Осылайша егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүруді мақсат етті. 3 ауылдасын жұмысқа орналастырды. Алдағы уақытта “Құлан”, “Алтын асық” жобалары аясында жылқы, қой түліктерін өсіруді бизнес-жоспарына енгізген. Ол үшін 4 қора әзірлеп қойыпты. “Сыбаға” бағдарламасымен есептескеннен кейін біржола шұғылданбаққа ниет етіп, қос алақанын ысқылап отыр.
Былтырғы ауа райының күрделілігі Ұланға да оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан, күзгі жиынтерімді ойдағыдай аяқтай білді. Қамбаға құйып алынған 110 тонна арпаны кейбіреулерге ұқсап, бағаның көтерілуін күтіп отырмады. Көрші ауылдардан сұрай келген ағайындарға қолжетімді бағамен сатып, қарызға да босатты. Есесіне 3 ірі қара сатып алып, табынды молайтты. 40-50 тонна шөп маялап алды. Техникасы жеткілікті. Аулада “ДТ”, “МТЗ” тракторлары, “ГАЗель”, “КамАЗ” көліктері сайлаулы тұр.
Ол – “Егемен Қазақстан”, “Солтүстік Қазақстан” секілді қазақша басылымдарды жаздырып алатын тұрақты оқырмандардың бірі. Қазақтың дәстүрлері мен мәдени қазыналарын жоғары қадірлейді. Арманы асқақ азаматтың бір ойы – күрежолдың бойын қоныс еткен ауылды ыдыратпау, сүттей ұйыған ынтымағын сақтап қалу. Ұлан секілді ұлттық сана-сезімі, азаматтық парасаты биік жандардың қатары көбейіп, ортақ іске білек сыбана кіріссе, ол күнге де жетеріне сенгің келеді.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аққайың ауданы,
Аралағаш ауылы.