«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арманы асқақ Асанәлі

“Домбыра, сен туралы

Талай жаздым мен мына.
Күйді ұқпаған кісілер
Сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбы­ра?!” – деп дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, өңірімізде атадан балаға жеткен күй өнерінің қадірін жете бағалайтын жасөспірімдер аз емес. Сондай талапты өрендердің бірі – өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің 1-курс студенті Асанәлі Ораз.

Зерек жас – Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасы. Ұстазы Шайтас Айтбаева шәкіртінің өз ісіне тиянақты, ұқыпты, еңбекқор еке­нін, болашағынан үлкен үміт күтетінін айтады. Соның дәлелі – өткен тамыз айының соңында ол ХХІ республикалық Абай оқуларының “Көңілім әнді ұғады” аталымында 3-орын иегері атанды. 120 оқушы бақ сынаған байқау ақынның 175 жылдық мерейтойына орай қашықтан өтті.
Дарынды жас бұған дейін де көптеген республикалық байқауларға қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады. 2018 жылы Алматы қаласында дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының оқушылары арасында өткен республикалық жас орындаушылар байқауында үшінші орынды иеленіп, ұстазының мерейін үстем етті. Сондай-ақ, биылғы шілде айында Қазақстан халқы Ассамблея­сының 25 жылдығына арналған “Тарт, домбыра!” атты шығар­ма­шылық байқауында да үздік үштікті түйіндеді. “Болмасаң да, ұқсап бақ” демекші, өнердің биік шыңынан көрінгісі келетін жасқа тек сәттілік тілейміз.
Мұхтар ХАҚНАЗАР. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp