«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ӨРЛЕТУ

Дәуей Шатырбайұлы – Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгей аймағында 45 жыл ұстаздық етіп, сол елдегі қазақ балаларының сапалы білім мен өнегелі тәрбие алуына еңбегі сіңген жан. Ата-бабасының көксеген арманын орындап, атажұртқа келіп, көңілін орнықтырған қандас бауырымыз – шетте жүрсе де, қазақтың ұлттық өнеріне, халық қазынасының сақталуына сүбелі үлес қосқан жан.

Дәуей қартты Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылының тұрғындары шебер қолөнерші ретінде жақсы таниды. Оның жасаған бұйымдары жұртшылыққа таңдай қақтырады.

Ақсақалдың шеберлік шыңына қарай талпынысы 1988 жылы басталған. Мектепте биология пәнінен дәріс беріп жүрген маманның көзқарасын қолөнерге деген сүйіспеншілік жеңіп, ұстаздық тағылымы еңбек және технология пәніне қарай ойысады. Сондай-ақ, ол онда қолөнерді бизнес көзіне айналдырып, шағын өндіріс те ашқан. Осы саланы игере отырып, талай халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысып, шеберлік сыны сайыстарында ысыла түскен. Сондағы ізденістері мен талғамының нәтижесі – омырауындағы ордендер мен медальдар. Оның сол жақ жағасына тағылған “Еңбек Қызыл Ту” ордені – Моңғолияда бірліжарым ұстаз ғана қол жеткізген марапат.

– Мына “Демократиялық партияның аға қайраткері” белгісі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаным үшін берілді. Екі рет аймақта “Жылдың үздік мұғалімі” атандым. “Тоғыз асыл іс иегері” медалін бергендері – қолөнерімді бағалағандары. Ал Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар өте көп, оларды айтпай-ақ қояйын, – дейді ұлағатты азамат.

Дәуей Шатырбайұлы 2008 жылы еңбек дамалысына шыққаннан кейін бір жылдан соң жүгін тиеп, отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Атажұртқа келгелі де өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамның қолөнерге деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін бар күш-жігерін аяп жатқан жоқ. Келлеровка ауылының кітапханасы мен мектебіне қолөнер туындыларын сыйға тартып, ауылдың сәулетін жақсартуға өзінің қолтаңбасын қалдырғысы келетін ақсақал әлі күнге дейін тыным таппай келеді. Өз қауқары жетпей жатса, балалары мен немерелеріне иек артады. Отағасы әр баласын қолөнерге жақын етіп тәрбиелеуге тырысады.

– Менің тілегім – қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын танытатын қолөнерін, бұйымдарын жоғалтып алмаса деймін, – дейді ақсақал.

Оның әр бұйымы – жеке бір жәдігер. Ол ертедегі қазақтың қолөнер туындыларын жаңғыртуды көздейді. Ондағы мақсаты – бүгінгі ұрпақ сол бұйымдарға қарап, ата-бабасының өмір салтын білсе, түйсінсе, оны жаңаша дамытса деген ойы. Сондай-ақ, оның жасаған бұйымдарының арасында кәдесый жүгін көтеретін заттар да көп. Шебердің қолына шүберек, киіз, мүйіз, ағаш, сүйек, темір дейсіз бе, қандай материал түссе де, олар үлкен ізденістен кейін сәнді бұйым болып шығады. Солардың ішінде киіз үйдің кішкентай нобайы көз тартады. Шебер киіз үйдің тарихын терең зерттеп, сегіз сатыдан өтіп құрастырылатын шаңырақ түрін жасаған. Бүгінде ондай киіз үйді жасайтын шеберлер некен-саяқ, дейді қолөнерші. Осындай киіз үйдің шаңырағын ол Моңғолия елінде талай көтерген. Сондағы отбасылық бұйымдардың бірқатарын атажұртқа ала келіпті. Ол заттардың әрқайсысында үлкен еңбек пен ұлттық дәстүрге деген ерекше сүйіспеншілік байқалады.

– Кез келген қолөнер бұйымының тақырыптық мағынасы болуы керек. Мәселен, мына құлынды бие мүсінінен малдың өз төліне деген сүйіспеншілігін байқауға болады. Қойдың етін жеп, сүйегін лақтырып тастауға асықпаймын. Оның жауырын сүйегінен әдемі биші қыздардың мүсіні шығады, – деп әңгіме тарқатқан ақсақал сөредегі әр туындысының неден жасалғанына, өзіндік тарихына тоқталды.

Өнерпаз келсап, тостаған, торсық, қымыз таба, шынықап деген атаулары бар біраз бұйымдарды көрсетті. Ожаудың тарихын зерттеген кезде оның бірнеше түрін тапқан. Соның ішінде “үкібас” деп аталатын ожаудың басы жабайы құстың бас пішініне ұқсатылып, бұйым өзінше бір сипат тапқан. Ертеде қазақтар қандай шелекті пайдаланғанын да осы шебердің жасаған бұйымынан көруге болады. Бұрындары қас шеберлер тамақ, сусын құйылатын ыдыстарға бояу қолданбаған. Ал бұйымның өңін келтіру үшін ағаштың діңгегін, қабығын, бұтағын ұтымды пайдаланып, затқа ақ, сұр, қоңыр түс берген, ою-өрнек салған. Дәуей аға да шелекке шеге немесе желім қолданбаған. Затты сулап, ұрып, кептіру арқылы тығыздап жасапты. Технологиясы күрделі. Мүмкін, сондықтан мұндай шелектер қолданыстан шығып қалған шығар? Шебердің айтуынша, ертеде қазақтар өріске мал жаюға жиналған кезде өздерімен саптаяқ алып шығады екен. Ол – өрісте жүрген ешкінің сүтін сауып алатын ыдыс. Қатты қыздырылған тасты саптаяқтағы сүттің ішіне салып жіберген кезде сүт қайнап, оны ішкен адам кешке дейін тоқ жүреді екен. Қойдың белдемесінің, жылқының тұяғынан жасалған бұйымдар да ерекше сипатқа ие. Ал үйдің нәзік жандары тоқыған бұйымдарға қарап, олар шын мәнінде адам қолынан шыққан ба дейсің таңданып. Ою-өрнектері арнайы тоқу машинасымен тіккендей түп-түзу.

Дәуей Шатырбайұлы мен Сейілхан тәтей үш ұл мен екі қыз өсірген. Моңғолия елінде имам қызметін атқаратын бір ұлы ғана қалыпты, қалғандары қастарында. Олардан он немере сүйіп отыр.

– Ата-бабамыз ерте заманнан қолөнерді құрмет тұтып, тұрмысына игілікті пайдаланған. Алайда, бүгінгі күні олар керексіз болып қала ма деп қапаланамын. Сахнаға шығып, бір ән айтқан адамның өнері жақсы бағаланады. Ал басқа құндылықтарымыздың жойылып кетуіне жол бергеніміз дұрыс па? Мені осы өнерім өзге елде құрметке бөледі. Айтпағым өзім туралы емес, жастар қолөнерге әуестенсе деймін. Қолөнерді дамыту үшін оған көзқарас дұрыс болу керек, жоғары бағаланғаны жөн. Тарих қалыптастырған қолөнер туындылары – ұлтымыздың өзіндік белгілері. Олар жоқ болса, біздің басқа ұлттардан айырмашылығымыз неде болмақ? Соңғы жылдары қолөнермен әуестенгендер қатары қалыңдап келеді. Бірақ ол табыс көзі ғана болып қалмауы керек. Ол құрметке лайық өнер болса деймін, – дейді Дәуей Шатырбайұлы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp