«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ ӨМІРЛІК МАҚСАТЫНА ҰЛАСҚАН

Сәуле Макина – жоғары санатты невропатолог дәрігер. Оның неврология ауруларын емдеудегі ойлап тапқан соны әдістері облысымызда кеңінен қолданылып келеді. Медицина саласында жаңалық болып қабылданған емдеу тәсіліне шетелдің дәрігерлері қызығушылық танытуда. Ол бүгінгі таңда үш бірдей патенттің авторы. Әрдайым ізденіс үстінде жүрген дәрігердің медицина саласына сапары қарапайым арманнан бастау алған.

Ол бұрынғы Целиноград қаласындағы мемлекеттік медициналық институтты 1982 жылы тамамдайды. Еңбек жолын кіндік қаны тамған туған жерінен бастауды әуелден көздеген дәрігер интернатурадан облыстық аурухананың неврологиялық бөлімшесінде өтеді. Петропавл қалалық ауруханасының емханасында да қызмет етеді. Еңбегі еленіп, оған облыстық аурухананың неврологиялық бөлімшесінің меңгерушісі қызметін ұсынады. Бірақ таңдауы басшылық қызметке емес, ғылымға ауады. Оның айтуынша, қазіргі таңда омыртқа аурулары өршіп, жұқпалы емес аурулар арасында індетке айналып, медициналық және әлеуметтік маңызы бар мәселенің тізімін толықтыра түсті. Тыныс алу органдарының өткір дерттерінен кейін дәрігерлердің қабылдауына адамдардың ең көп келетіндері де арқаның сырқаттарымен байланысты екен. Дәрігердің өңіріміздегі жағдайға жүргізген зерттеу нәтижелері де көңіл көншітпейді. Сүйек-бұлшық ет жүйесі дерттерімен сырқаттанғандардың саны 100 мың адамға шаққанда соңғы үш жылда 1,1 есеге көбейген. Бір ғана Петропавл қаласында аталмыш дертке шалдыққан жасөспірімдердің саны 1,5 есе ұлғайған. Омыртқа ауруларымен сырқаттанудың көбею себебін түрлі факторлармен байланыстыратын дәрігер негізгі мәселе қимыл-қозғалыстың азаюында, дейді. Аристотельдің “Өмір – қимыл-қозғалысты талап етеді” дегені осы түйінге саятындай. Сол себепті де, бұл дертпен күресудің өзіндік әдіс-тәсілдерін ойлап табуды мақсат тұтқан жоғары білікті невропатолог дәрігер жеке медициналық орталығын ашады. Медициналық орталық “Vega-Plus” деп аталады. Осы орталықта омыртқа ауруларын емдеуде жаңаша әдістерді қолданып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.  

Медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Макинаның бұл жолды таңдауы тегін емес.

Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде ол кенеттен ауырып қалады. Дерттің пайда болу себептерін жоғары оқу орнының дәрігерлері де анықтай алмайды. Жасалған түрлі медициналық тексерістер еш нәтиже бермейді. Өзі дәрігер бола тұра, ағзасын дендеген дертті жеңуге дәрменсіз еді. Ақыр-аяғында ауру аллергиялық сипатқа ие болады. Өмір сүру сапасы өзгереді. Тамақтануда шектеу қойылады. Дертінен құлан-таза сауығып кетуді қаламайтын адам болмайтын шығар, Сәуле Макина ақыры медицинаның өзге тәсілдерін меңгеруді жөн көреді. Дәрісіз емдеудің тәсілімен ол 1987 жылы Алматы қаласындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында танысады. Бұл оның адам тәнінің қызметіне әсер ететін энергия турасында білімін кеңейтуге жол ашты. Осыдан кейін ол энергияның адам ағзаларының дұрыс жұмыс істеуіне толықтай қатысы бар деген пайымға келеді. Дертінен сауығудың жолын да осы уақытта анықтайды. Медицинада толыққанды зерттелмей жүрген бұл салаға бет бұруы сырқатынан сауығуға көмектесіп қана қоймай, өміріне, мамандығына, науқастарды емдеуге деген түсінік, пайымын өзгертеді. Ағзаларды бөле-жарып емдеуден еш нәтиже қалай шықпаса, адамның тәнін жанынан бөлек қарастыруға болмайтындығына тағы бір көзі жетеді.

Нәтижесінде, дәрігер созылмалы арқа аурулары бар науқастарды емдеуде биофизикалық технологияны, яғни биорезонансты терапияны пайдаланып, өзінің емдеу тәсілін ойлап тапты. Аталмыш инновациялық емдеу әдісін паттентеді де. Ғылыми еңбегі “Дорсопатиядағы биорезонансты терапияны қолдану тәсілдері” деп аталады. Ұлттық патенті 2011 жылы Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы бойынша комитетінде тіркелді. Ғылыми еңбектерінің мұрагерлік күші бар екен. Бұл әдісті болашақта оның қос қанаты – екі ұлы пайдалана алады. Ал Еуразиялық патентінің арқасында оның емдеу тәсілін шетелдік әріптестері де пайдалануға ниетті.

– Физиотерапия, ультрадыбыстық сараптама, ультрадыбыстық терапия, магниттік-резонанстық томография терминдеріне құлағымыз үйренді. Соңғы жылдары биорезонанс, құрылымды-резонанс және тағы басқа түрлері пайда болды. Биохимиялық медицинаның орнына биофизикалық медицина келді. Медицина жаңа дәуірге аяқ басқалы тұр. Бұл – медицинадағы жаңа белес. Адам электромагнит өрісін шашады. Ол жайында барлығымыз білеміз. Оны ақпараттық медицина деп те атайды. Биофизикалық құрал-жабдықтарды пайдалану кезінде адамның бойынан таралатын энергияны анықтап, оның денсаулығындағы жағдайды зерттеуге болады, – дейді дәрігер.

Ол өз білімін жетілдіру мақсатында Алматы, Астана, Мәскеу қалаларында өткен көптеген ғылыми конференцияларға қатысты. Сәуле Макина – Қазақстанның гомеопатия және невропатологтар қауымдастығының мүшесі. Ол биофизикалық медицинаның қыр-сырын Мәскеудегі Сеченев атындағы медициналық академия мен “ИМЕДИС” орталығында меңгерді.

Сәуле Кәрібайқызы дертіне шипа іздеп келген науқас емделуі үшін алдымен ойлау жүйесін өзгертуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, адам денінің сау болуын қаласа, алдымен таптаурынды ойлау жүйесінен арылуы керек. Және ең бастысы, қоршаған орта, яғни туған-туыстар арасындағы байланыс үзілмеуі қажет. Әсіресе, әйел адамның отбасымен қарым-қатынасы түзу болса, кеселдерге қарсы тұратын күш-қуаты молаятынын айтады.

Оның негізгі мақсаты – сырқаттың ауруын жансыздандыру емес, емдеу, дерттің пайда болу себептерін анықтау. Арманы өмірлік мақсатқа айналған дәрігер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол медицинаның әлі де ашылмаған қырлары бар, деп есептейді. Және осы бағытта талмай еңбек етіп келеді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp