«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН АДАСТЫРМАЙДЫ

2014 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!” – “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасы жастардың тегін әрі сапалы білім алуларына жол ашты. Бастапқыда мемлекет тарапынан жасалған бұл жақсылықтың шарапатын көруге ұмтылғандардың саны көп болып, бір оқу грантына екі-үш адамнан таласқан. Ал қазір олардың қарасы тіпті қалыңдады, есесіне талап та күшейтілді.

Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама бойынша бүгіндері Қызылжар өңіріндегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 1024 ұл мен қыз білімдерін ұштауда. Дені Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан келген студенттердің 600-ден астамы өңірдегі университетте, одан қалғаны алты колледжде педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алуда. Биыл алғашқы лек – Петропавл темір жол көлігі колледжінің 45 студенті оқуларын тамамдамақ.

Мен Қызылорда облысының тумасымын. Игі жобаның арқасында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түскенімді естігенімде төбем көкке жеткендей болды. Өйткені, мұғалім болсам деген бала күнгі арманымның жүзеге асуына мүмкіндік берілді. Бүгінде мен аталған жоғары оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығының 3-курс студентімін. Тобымда оқитын өзім сияқты оңтүстіктің қыз-жігіттері тұрғылықты жердің студенттерімен бірден етене араласып, бауырласып кеттік. Жатақханада да бір үйдің балалары сияқты тату-тәтті тұрамыз.

Жалпы арамызда спорттық үйірмелерге, биге, театрлық қойылымдарға үздіксіз қатысатын талантты да талапты жастар көп. Олардың бәрі де жатақханамен толық қамтамасыз етіліп, шәкіртақы алады. Мен өзім өлең шығарамын, “Серпін” жастары арасында ұйымдастырылатын түрлі ғылыми жобалардан шет қалған емеспін. Осындай белсенділігім үшін серпіндіктердің сардары болып сайландым. Жастар шығармашылығы шыңдалатын “Аламан” фестивалінде бақ сынап, “Жалынды сардар” аталымында бас жүлдегер атандым. Мойныма көшбасшылық жауапкершілікті ала отыра түрлі семинарларға қатыстым. Мәселен, былтыр өңірге жұмыс сапарымен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбеновтің алдында оңтүстік жастарының атынан сөз сөйледім.

Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының жастары болғандығымыздан бастапқыда тіл, жол мәселесі сияқты түрлі қиыншылықтардың орын алғанын жасырмаймын. Біз мектепте, шыны керек, орыс, ағылшын тілдерінің грамматикасын ғана оқыдық. Ал орта болмағандықтан сөйлеу дағдысы қалыптаспады. Ол кезде Петропавлға барып оқимыз деген ой үш ұйықтасақ та, түсімізге де кірмейтін. Сондықтан мұнда келгенде орысшаға тіліміз күрмелді. Алайда, бертін келе бұл қиындықты еңсердік. Ал жол мәселесіне келер болсақ, осыған дейін біз Қызылордаға жету үшін алдымен Көкшетауға, не болмаса Астанаға билет алатынбыз. Бұл қалтаға әжептәуір салмақ түсірді. Жол жүруге жылына екі рет 7,5 мың теңгеден берілетін жолақы діттеген жерімізге жетуге жетпейтін. Алайда, жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырманның арқасында бұл мәселе де толық шешіліп, Петропавлдан Қызылордаға пойыз қатынайтын болды.

Уақыт деген жүйрік қой. Кеше ғана университет табалдырығын аттаған аңғал студент едік, бүгінде оң мен солды танитын деңгейге жеттік. Алла бұйыртса, оқуды тамамдаған соң осы ақ қайыңдар өлкесінде ұстаздық қызмет етсем деймін. Арманымның ауылы алыс емес.

Шынарай ЖҰМАБЕКОВА,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp