«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына енгізіп, 2015 жылға да қадам басқалы отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында өткен жылдың қорытындысын жасап, есігімізді қағып тұрған алдағы жылға мақсат пен міндеттерімізді айқындайтын сәтке де келіп жеттік.

Өткен жылға шолу жасасам, Жылқы жылы мен үшін жеңістер мен жағымды жаңалықтарға толы жыл болды деп айта аламын. Себебі, мен бір жыл ішінде кілең мықтылар бағы мен бабын сынға салатын бірнеше халықаралық додаға қатысып, нәтижелі өнер көрсете алдым.

Көп жылдардан бері өзімнің үздік велоспортшыларымен танымал солтүстікқазақстандық велоспорт мектебінің тәрбиеленушілерімен бірге облыстық және республикалық сайыстарда нәтижелі өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне білсем, кейін өзінің мықты спортшыларымен бай “Continental Team Astana” құрамында бірнеше халықаралық және әлемдік аламандарда бақ пен бабымды сынадым. Бапкерлерімнің сенімін ақтауға тырыстым.

Спорттың бұл түрімен 12 жыл айналысып келген мен соңғы жылдары бірнеше ірі бәйгелерде үздіктер қатарынан көріне алдым. Атап айтқанда, “Тур де Әзірбайжан” көпкүндігінде үшінші нәтиже көрсетіп, “Таулы кезеңнің дарасы” атансам, Канадада өткен “Ұлт кубогы” кезеңінің бірінде қоладан алқа тағындым. Велоспортшылар арасында шағын “Тур де Франс” аталып кеткен “Тур де Л’Авенир” турнирінде үздіктер қатарында болып, төртінші орынға табан тіреген едім. “La Cote Picarde” әлем біріншілігінде – алтыншы, Азия біріншілігінде топтық сайыста бесінші орынға жайғастым. Ал танымал “Джиро Валлед’Аоста” велокөпкүндігінің үшінші кезеңінде үшінші болдым.

“Жақсылық пен игілік жалғыз келмейді” дегендей, астаналық “Astana Pro Team” кәсіби велокомандасымен екі жылға келісімшартқа отырғандығым Жылқы жылының маған жасаған тағы бір зор сыйлығы деп білемін. Енді алдағы уақытта кәсіби велокоманда мүшелерінің көмегімен шеберлігімді шыңдай түсіп, спортта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізетініме сенімдімін.

“Astana Pro Team” командасына кеше ғана алынғаныммен, кәсіби спортшылар арасында сайысқа түсу – мен үшін басшылық тарапынан жасалған құрмет пен зор мүмкіндік. Егер андерлер арасында тәжірибемді шыңдасам, енді жаңа командада мықты кәсіби велоспортшы ретінде қалыптасуға барымды салмақпын.

Жыл соңына қарай жаңа командада тағылымдамада жүріп, екі бірдей ірі халықаралық сайыста – Испанияда және Қытай елінде өткен “Tour of Hainan – 2014” додасында сынға түсіп үлгердім. Аталмыш жарыстар арқылы жаңа маусымға күш жинағандай болдым. Өйткені, келесі маусым мен үшін ерекше болмақ. Сол себепті алдағы жылдан мен тек қана жақсылық пен арман-мақсатымның орындалуын күтемін.

Бахтияр ҚОЖАТАЕВ,

“Astana Pro Team” кәсіби велокомандасының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp