Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен болған кезекті бір кездесуінде: “Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады”, – деген болатын. Қазіргі жастар – ел болашағының іргетасы. Бүгінде ел ертеңінің тұтқасын ұстаған жастарымыз білімге, ғылымға құштар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 4-курс студенті Ниязбек Үкенов – сондай жастардың бірі.
Ол – Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. 2013 жылы Қарағанды қаласында орта мектепті үздік бітірді. Ниязбек өзінің талантты да талапты шәкірт екендігін бала күнінен-ақ байқатқан болатын. Мектепте оқи жүріп алғырлығымен көзге түсті. Жыл сайын өтетін пәндік олимпиадаларға қатысып, үздік жетістіктерге қол жеткізді.
2013 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің физика факультетіне грантқа оқуға түсті. Университеттің үздік студенттерінің бірі. Анасы Роза Ғаббасқызы мұғалім болғандықтан, ол мамандық таңдауда көп қиналған жоқ. Студент атанған күннен бастап қоғамдық өмірге белсене араласып, көшбасшылық қабілетін танытты.
Бүгінде 4-курс студенті бос уақытында өзінің сүйікті ісі – спортпен шұғылданып, қоғамдық өмірге белсене атсалысып, шешендік қабілетін шыңдауға бар күшін жұмсайды. Университет қабырғасындағы ауқымды шараларға қатыса отырып, өз бизнесін ашу бойынша семинар-тренинг ұйымдастыруға атсалысты. Курстастары арасындағы рейтинг көрсеткіші бойынша физика кафедрасының үздігі деп танылды.
Ал 2015 жылы сабағын өте жақсы оқығаны және университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, өзге құрдастарына үздік нәтижелерімен үлгі болғаны үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ниязбек Үкеновке президент шәкіртақысын тағайындады.
– Президент шәкіртақысына ие болу үшін алдымен үздік оқу қажет. Білім ордамыздағы көптеген ғылыми конференциялардан тыс қалмай, ғылыми жұмыстар жазып, жетістіктерге жету керек. Елбасымыздың жастарға сенімін ақтау жолында еңбек етіп, көзге түсіп Елбасы шәкіртақысын иелену – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді Ниязбек.
Елдің қуаты мен қозғаушы күші – жастар. Өркендердің сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, жақсы азамат болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Болашағын ғылыммен байланыстырып, оны дамытуға бар күш-жігерін арнауды мақсат тұтқан Ниязбек 2013 жылдан бастап университеттің ғылыми қоғамдастығын басқарып келеді.
Екінші курстан білім ордасының жас ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әр уақытта жас ғалымдардың басын қосып, жиындар, дебаттық сайыстар өткізеді. Алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстармен қатар, ғылыми ізденістерін жалғастырмақ ойы бар студент “адам өмірі физикамен толықтай, етене байланысты” деп санайды.
Жуырда ол Булаево қаласында студенттер арасында өткен сайыста “Білім саласындағы көшбасшы” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Жол басында осындай биіктерді бағындырған Ниязбектің алда да талай асулардың шыңынан көрінетініне сенеміз.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.