Белгілі тележурналист Арман Шораев – Айыртау ауданының тумасы. Қызмет жолын бұрынғы Көкшетау облыстық радиосы жастар бағдарламасының редакторы ретінде бастаған әйгілі жерлесіміз – бүгінде қазақ күресіне арналған “Қазақстан барысы” атты ірі жобаның авторы әрі жетекшісі. Ол ұлттық спортымызды әлемдік деңгейде танытқан бірнеше турнир ұйымдастырды. Сондай турнирдің бірі – “Еуразия барысы” биыл үшінші рет өткізілгелі отыр.
“Қазақстан барысы” қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораевтың “ҚазАқпарат” агенттігінің тілшісіне берген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Арман Төлегенұлы, қазан айының тоғызында “Тараз-Арена” стадионында өтетін кезекті “Еуразия барысына” дайындық қызып жатқан шығар?
– Дұрыс айтасыз, 9 қазанда Тараз қаласында ІІІ “Еуразия барысы” өтеді. Былтырғы турнирді Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдығына арнаған едік, биылғы жарыс Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Оның үстіне, қазан айының басында Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен шара өтеді, міне, біздің турнир осы бағдарлама аясына кіргізілді. Айта кетерлігі, биыл турнирге қатысатын мемлекеттердің санын азайтамыз ба деп отырмыз. Неге екенін түсіндірейін, бұрын бір мемлекеттен бес салмақ бойынша күресетін бес балуан қатысатын. Биыл екі қосымша салмақ қостық, яғни бір мемлекеттен жеті балуан қатысады. Біздің турнирді Қазақстан телеарналары ғана емес, Ресейдің “Боец” арнасы мен Түркия елінің “TRT AVAZ” телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді, ал трансляция уақыты алты-алты жарым сағаттан аспауы керек. Сондықтан биыл турнирге қатысатын мемлекеттердің санын қысқартуға мәжбүр болдық. Қатысатын елдердің саны әлі нақты бекітілмесе де, шамамен, 8 ел өз балуандарын сайлап әкеледі деген жоспар бар. Дегенмен, неше ел, неше спортшы қатысса да, өте тартысты әрі әдемі күрес болады деп ойлаймын. Моңғол елінің балуандары міндетті түрде келеді, оларды біздің басты қарсыластарымыздың бірі деуге болады. Өйткені, бірінші “Еуразия барысында” қазақ балуандары жеңіске жетті, екінші турнирде моңғол спортшыларының жауырыны жерге тимеді, енді биыл қарымта қайтарамыз деп отырмыз. Ресей, Тәжікстан құрамалары да жақсы дайындықпен келеді. Ал жүлде қорына келсек, бұрынғы теңге бағамымен 100 мың доллар, яғни 18,5 миллион теңгеге жуық еді, қазіргі бағаммен турнирдің жүлде қоры 70-75 мың доллар болады. Жүлделі орындар арасында бұл қаржы қалай үлестірілетінін жуық арада есептейміз.
– Турнир Таразда өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралармен қатар келіп тұр екен, жалпы, дайындық жұмыстары қабаттасып жатқан жоқ па?
– Жоқ, себебі, жоғарыда айтқанымдай, турнир осы тойдың бағдарламасына енгізілген. Оның үстіне мерекелік шаралар өтетін орын бір бөлек, ал турнир “Тараз-Аренада” өтеді. Стадионға келетін көрермендерден басқа, “Қаз-Спорт”, “Боец” және “TRT AVAZ” арналарының аудиториясын есептегенде, турнир қызығын шамамен 100 миллион көрермен тамашалайды.
– Биылғы маусымдағы бір жаңалық – Қазақ күресі федерациясы ресми түрде Қазақстан Республикасы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының құрамына қосылды. Бұл қазақ күресінің дамуына қандай ықпал етеді?
– Осы ретте конфедерация төрағасы Тимур Құлыбаев мырзаға өз ризашылығымызды айтқым келеді. Конфедерация өз ұсынысын айтып, тиісті өзгерістер енгізді. Бұл, әрине, қазақ күресінің дамуына өте жақсы ықпалын тигізетін өзгеріс болды. Нақты қандай нәтиже береді десек, мысалы, алдағы желтоқсан айында біз Қазақ күресі федерациясының тарихында алғашқы рет федерация кубогы үшін күрес ұйымдастырамыз. Кубоктың жүлде қоры 20 миллион теңге болады деп жоспарланып отыр. Бұл қадам аймақтарда қазақ күресін дамытуға оң ықпалын тигізеді.
– Конфедерацияға Олимпиада ойындарындағы спорт түрлерінің федерациялары мүше. Қазақтың ұлттық спорт түрлері арасынан қазақ күресін Олимпиада ойындарының қатарына қосу туралы оқтын-оқтын айтылып жүр. Конфедерацияға кіру осы мақсаттың алғашқы қадамы шығар?
– Иә, мұндай әңгіме спорт саласын басқаратын лауазым иелері тарапынан айтылып жүр. Әрине, бұл бір жылда, бес жылда, тіпті, он жылда шешілетін мәселе емес. Бірақ бәрібір алдымызға осындай мақсат қоя білуіміз керек. Мысалы, біз “Мәңгілік Ел” боламыз дейміз, ендеше, сол “Мәңгілік Елдің” бір спорты Олимпиада ойындарына қосылуы керек қой.
– Сізбен толық келісемін. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет қана емес, сіз сияқты азаматтар, ең алдымен, спортшыларымыз өз үлестерін қосулары керек сияқты. Жалпы “Барыс” атанамын дейтін балуандардың миссиялары да әртүрлі болуы мүмкін ғой. Біреулер боз кілемге атақдаңқ үшін шығуы мүмкін, біреуі спорттағы мансап үшін күресуі мүмкін. Жалпы осы “барыстарымызда” жүлде алудан басқа, қазақ күресін көркейтсем деген ой болмаса, азаматтық позиция болмаса, бәрі бекер сияқты. Бұған не дейсіз?
– Менің ойымша, “барыстарымыздың” аты затына сай болуы керек. Мен бұрын күрескен біраз ақсақалдарды білемін, кейде дидарласудың сәті де түсіп жатады. Сонда ақсақалдар қазіргі күрес пен жүлде туралы айта келе: “Кезінде біз бір-ақ қағаз үшін, ұзаса, бір радио қабылдағыш құрылғы үшін күресетін едік”, – деп сол заманды еске алады. Ал қазір күресіп, “барыс” атанып жүрген азаматтар аз-кем болсын материалдық табыс табады. Және ол солай болуы керек. Мысалы, шетелде футболшылар мен боксшылар миллиондаған ақша табатынын білеміз ғой. Біз де спортшыларымызды сондай дәрежеге жеткізуіміз керек. Ең бастысы біз спорт пен шоуды біріктірдік. “Қазақстан барысы” атанған жігіттер қазір спорт жұлдыздарына айналды. Ал “жұлдыз” болған соң оның жағдайы да жақсы болуы керек. Азаматтық позицияға келсек, балуандарымыздың бәрі – кешегі ауылдың қара домалақ балалары. Олар алған жүлдесін өзіне ғана жұмсамайды. Мысалы, Мұхит былтыр жеңіп алған ақшалай жүлдесінің қақ жартысын жақындарына таратып, несиелерін жабуға көмектескен. Міне, нағыз азамат! Құдайға шүкір, балуандарымыз – күресте ғана мықты емес, бойларына азаматтық пен адамгершілікті қалыптастырған адамдар. Сегіз қырлы бір сырлы жігіттер.
– Жалпы спортшыларға қатысты жеке ойыңызды айтыңызшы, Мұхит, Айбек, Бейбіт сынды балуандардың соңдарынан еріп келе жатқан және сіздің көзіңізге түсіп жүрген жастар бар ма?
– Әрине, бар. Қарап отырсақ, соңғы екі жылда “Қазақстан барысына” іріктеліп келетін балуандардың қақ жартысы – бұрын аты шықпаған 17-18 жастағы бозбалалар екен. Жуырда менің жеке телефоныма Қызылорда облысынан бір бала жаттығуын жіберіпті, бейнежазуды қарасам, бойы – 190 сантиметр, салмағы – 110 килограмм, ал жасы небәрі 17-де екен. Міне, біз нағыз Қажымұқан бабамыздың ұрпағы екенімізді осыдан байқауға болады. “Қазақстан барысы” қоры жас балуандарды ынталандыру үшін “Жас барыс” турнирін де өткізіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын “Жас барыста” көзіме түскен балуандар биыл “Қазақстан барысының” іріктеу жарыстарынан өтіп келді. Жалпы әуел баста осы жобаны қолға алғанда, “Қазақстан барысы” әлеуметтік лифтке, әсіресе, ауыл балалары үшін әлеуметтік лифтке айналса екен деп ойлаған едік. Сол мақсатымызға жеттік деуге болады. Өйткені, “Қазақстан барысы” пайда болған бес жыл ішінде қазақ күресімен шұғылданатын азаматтардың саны 4 есеге артты. Егер 2010 жылы еліміз бойынша қазақ күресіне қызығушылық білдірген 30 мың адам болса, қазір олардың саны 120 мың адамнан асты. Бұл – өңірлерде дене шынықтыру үшін жаңа нысандар салынып, жаттықтырушылар үшін жаңа штаттық жұмыстар ашылып жатыр деген сөз. Яғни, қазақ күресі қарапайым азаматтар үшін табыс көзіне айналып отыр. Оның үстіне, күшіне сенген кейбір жігіттердің жаман жолға түсіп, қарақшылықпен айналысып, ақша табуы да сәнге айналған кездер болғаны белгілі ғой. Менің ойымша, спорт, соның ішінде қазақ күресі талай талантты жігіттерді теріс жолға түсуден құтқарды.
– Сізді қазақ күресінің керегесін кеңейтіп, бұқаралық спортты дамытуға жан-жақты, соның ішінде, материалдық қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкер десек бола ма?
– Жо-жоқ, мен кәсіпкер емеспін…
– Онда сізді кім деуге болады?
– Мен өзімді “креатормын” деп айтамын. Жаңа идеялар тауып, соны жүзеге асырамын. Менің кәсібім – осы.
– Осындай тың идеялардың бастауы қайдан шығады?
– Шығармашылық адамы болған соң идеялардың қайдан шығып жатқанын өзіміз де білмей қалып жатамыз. Былтыр 25 жыл бойы қызмет еткен медиа саладан “құтылдым”. Бірақ айтарымды айттым, ойымдағы армандарымды орындадым… Неге екенін білмеймін, бәлкім, әскер қатарында болғаннан соң шығар, әлде, әскери білім алғаннан кейін бе, жас кезімде соғыс жылдары туралы кино ма, сериал ма, әйтеуір, бір ілікке жарайтын дүние түсірсем деп армандадым. Медиа саласында жүріп сол арманымды орындадым. Басты рөлді актер Қуандық Қыстықбаев орындаған “Қасым” атты төрт сериалы фильм түсірдім. Қасым ағамыздың аруағы риза болса, болды. Бұған қоса, мюзикл жанрында бір комедия түсіргім келетін. Оны да түсірдік. “Дос-Мұқасан” тобының әндерін пайдаланып, “Сұлу бойжеткен” деген мюзикл түсірдік. Жалпы, бір нәрсені бастасам, уақыт өте келе, ол бағыт қызық болмай қалады. Осы дүниелер арқылы медиа жобалар саласындағы қызметімді қорытындыладым деуге болады. “Қазақстан барысын” бес рет өткіздім, енді бес рет өткізсем, бұдан да “жалығып” кететін шығармын…
– Телеарна, спорт салаларынан кейін енді қай бағыт қызықтыруы мүмкін?
– Қазірдің өзінде қызығып жүрген бағытым – туризм саласы.
…Түркияда екі қазақ кездесіп қалыпты да: “Бурабайға барып демалуға ақшаң жетпеген соң осында келдің бе?” – депті бір-біріне. Мен осындай қалыптасып қалған стереотипті бұзғым келеді. Түркия, Тайландқа бармай-ақ, өз елімізде де демалуға болатынын дәлелдегім келеді. Сол үшін осы салада “шағын революция” жасасам деген ойым бар.
– Ол “революция” басталды ма?
– Иә, басталды. Туризм саласында біраз ойларымды жүзеге асырғым келеді және жұмысты бастап та кеттім. Нағашы жұртым – Зерендіде демалыс орнын аштым. Аналарымыз қонақ күтпесе, көңілдері көншімейтін еді ғой. Міне, осындай қонақжайлылығымызды кәсіпке айналдырсам деген ойым бар.
– Шенеунік болып, проблемаларды шешу үшін мемлекеттік қызметке келгіңіз келмей ме?
– Жоқ, мемлекеттік қызметке бармаймын.
– Ендеше, тың идеяларыңыз таусылмасын! ІІІ “Еуразия барысы” сәтті өтіп, келесі сұхбатымыз балуандарымыздың жеңісі туралы болғай!
Әңгімеңізге рахмет!
Кенжекей ТОҚТАМҰРАТҚЫЗЫ,
“ҚазАқпарат”.