«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АРНАЙЫ КОЛЛЕДЖ БОЛА ТҰРА, АУЫЛДА МАМАН ТАПШЫ»

Ауыл тұрғындарының қалаға үдере көшуінің түрлі себебі бар. Соның бірі ретінде күре жолдан алыс жатқандығы жиі айтылады. Бірақ жол бойындағы елді мекендер де жойылып барады. Мысалы, Есіл ауданындағы Петровка ауылдық округіне қарасты кейбір ауылдардың тағдыры қыл үстінде тұр. Жақында округ әкімі Оралбек Қоңқабаевпен жүздесіп, мән-жайды анықтадық.

– Оралбек Жансейітұлы, өзіңіз басқарып отырған ауылдық округтің құрамында бес ауыл бар екен. Бұл елді мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Петровка ауылдық округінің құрамында Петровка, Мәдениет, Бірлік, Оседлое, Жекекөл ауылы бар. Жалпы округ бойынша тұрғындар саны – 1116 адам. Оның 946-сы Петровка ауылында тұрады. Округте «Тілеп Нан», «Блинов» және «Есіл Петровка» деген үш ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Олар егін, мал және балық шаруашылығымен айналысады.

– Ауылдық округ тұрғындарының жалпы саны – 1116 адам дедіңіз. Соның 85 пайызы Петровканың тұрғындары екен, сонда қалған төрт ауылға қанша тұрғыннан келеді?

– Қазіргі таңда Бірлік ауылында 150 адам тұрады, 48 үй бар. Бір кездері бұл ауылдың мектебі жабылып, үш жылдай жұмыс істемеді. Дегенмен «Еңбек» бағдарламасының нәтижесінде сырттан 25 отбасы көшіп келді. Осының нәтижесінде мектеп төрт жылдық болып қайта ашылды. Қазіргі таңда онда 18 оқушы білім алып жатыр. Биыл ауылда 8 бала дүниеге келеді деген хабарды естіп, қуанып отырмын.

«Еңбек» бағдарламасы аясында 15 үй салынса, соның біреуі Бірлікте, қалғандары Петровкада бой көтерді. Осы бағдарламаның арқасында Петровка орта мектебіне 32 бала қабылданды. Мектеп толыққанды жұмыс істеп жатыр. Бірлік ауылында да осы үрдіс сақталса, негізгі мектеп ашылып қала ма деген үмітіміз бар. Биыл екі отбасы көшіп келді. Тағы үш отбасы келуге ниет танытып отыр. Алдағы уақытта Бірлік ауылында үй салу қажет болуы мүмкін. Себебі онда бос баспана жоқ.

Жекекөлде бір үй ғана қалды. Ауылдың жабылатындығы туралы қаулы шықты. Ал мектеп ғимаратын алматылық кәсіпкер сатып алды. Болашақта сол жерде кәсіп ашпақ. Оседлое елді мекенінде 4 үй ғана бар. Бұл ауыл да жабылып, Петровкаға қосылады. Ол жерде Қалиасқар Жәкенов деген азамат қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Яғни Петровкада тұрып, он бес күннен барып- келіп жұмыс істеп жатыр.

Мәдениет ауылында сегіз үй қалды. Бұл ауыл күре жолдың бойында тұр, әзірге жабылатын ауылдардың тізіміне ілеккен жоқ. Алдыңғы жылы 12 млн. теңгеге ауыл көшелеріне қиыршық тас төседік, үйлердің барлығына су тартылған. Жол бойында тұрғандықтан сақталады деген үміт бар.

– Жекекөл мен Оседлое жабылған екен. Ал қалған үш ауылды дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мәдениет ауылының тұрғындары мен демеушілер зиратты қоршап, басына үй салсақ деген бастама көтеріп отыр. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында Петровка ауылында Жеңіс саябағы салынып, сол жердегі ескерткішке жабылып қалған елді мекендер мен Мәдениет ауылы ардагерлерінің аты-жөндері жазылды.

– Тарихты ұмытпаған дұрыс, алайда тірілердің жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар істелмек?

– Өткен бір жылда ауылдық округті дамытуға жалпы сомасы 1 млрд.160 млн. теңге қаражат бөлініпті. Округ аумағында екі мектеп және ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледж жұмыс істеп тұр. Петровкада – орта, Бірлік ауылында – бастауыш мектеп. Биыл орта мектептің сырты мен шатырын жөндеу көзделген. Жұмысшы мамандығы жылы аясында колледжде бірталай жұмыс атқарылмақ. Осыдан бес жыл бұрын 78 млн. теңге қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілсе, биыл сырты мен шатыры ауыстырылады.

Ауылдық округ ауызсумен 98 пайыз қамтылған. Мүмкіндігі барлар суды үйлеріне тартып алды. Петровка – болашағы бар елді мекендердің бірі. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Петровка ауылының көшелеріне асфальт төселген. Биыл «Блинов» серіктестігімен үш жақты келісімге отырып, шамаман 3,5 км жерге асфальт салуды жоспарлап отырмыз.

Петровкада мұз айдыны, фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында стадион жөнделді. Футбол және шағын футбол алаңдары салынды. Сонымен қатар мұнда балалардың ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Оған 32 млн. теңге бөлінді. Республикалық трассадан Бірлік ауылына дейінгі жолға қиыршық тас төселді. Елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 680 млн.теңге қажет. Бүгінгі таңда оның 220 млн. теңгесі бар. Жуырда республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деген ақпарат келді. Құжаттар дайын, мердігерлер анықталды. Көктем шыға бұл жұмыс басталады. Бірлік ауылындағы мектептің ауласына ойын алаңын салдық. Петровка, Бірлік және Мәдениет ауылдары автобус қатынасымен қамтылған.

Республикалық жолдардың бойында интернеттің қуатын күшейту бойынша бағдарламаға сәйкес 100 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжат даярлап қойдық. Биылғы жоспарға енді. Енді тиісті қаражатты тосып отырмыз.

– Есілдің жағасындағы ауылдар тасқын судан қорғалған ба?

– Былтыр Петровка ауылында 24 үйді су басты. Төрт үйді басқа баспанаға көшірдік. Қалған 20-сы жөндеуге келетіндіктен барлық жағдайын жасадық.

– Қайтадан су басса не болмақ?

– Тасқынға алдын ала дайындық жасап жатырмыз. 200 қап құм даярлап қойдық, қажетті техника, малдарды көшіру бойынша келісімшарт жасалынды. 150 орындық эвакуациялау пункті даяр.

– Бұл ауылдардың әлеуетін арттыру үшін тағы не жетіспейді?

– Петровкаға Мәдениет үйі қажет. Оның жобалық-сметалық құжаты дайын, сараптамадан өтті. 100 орындық Мәдениет үйін салу үшін 616 млн. теңге қажет. Бұл жоспарымызды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен ақша бөліне ме деген үмітіміз зор. Бірлік ауылындағы бастауыш мектепті 9 жылдыққа жеткізу жоспарда бар. Қазір ауылдардың жабылып қалмауын ойлап отырмыз. Ауыл сақталса, мектепке бір-бір сыныптан қоссақ та, орта мектепке жеткізуге мүмкіндік туады ғой. Қазіргі таңда Бірліктің жоғары сынып оқушылары Николаевкада, Явленкада, облыс орталығындағы интернаттарда тұрып, білім алып жатыр.

– Мектепте отырған санаулы балаға сапалы білім беретіндей пән мұғалімдері бар ма?

– Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Петровкаға да, Бірлікке де мұғалімдер келді. Сарман және Қаратал ауылдарындағы мектептер жабылып, мұғалімдері осы жаққа көшті. Бір сөзбен айтқанда, білім саласында маман тапшылығы жоқ.

– Округ орталығында ауыл шаруашылығы колледжі бола тұра осы салаға қажет маман тапшы дегенді естідік. Неге олай?

– Бізге дәнекерлеуші, механизаторлар шеттен келіп жұмыс істейді. Себебі мамандар өзімізде даярланғанымен, жастар барғысы келмейді. Медицина саласы бойынша сырттан екі медбике келіп жұмыс істеп жатыр.

– Үш ауылға қызмет көрсететіндей дәріхана бар ма?

– Дәріхана ашу үшін кәсіпкерлер ниет танытуы керек. Қазір осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Осыған дейін медпункттің ішінде дәрі-дәрмек сатып көргенбіз, өзін-өзі ақтамады. Алдағы уақытта тағы бір талпынып көреміз.

– Бір жылдары Бірлік ауылында жайылым жерге қатысты дау туындаған болатын. Бұл мәселе қалай шешілді?

– 2020-2023 жылдар аралығында Бірліктің маңайындағы жайылым жерлер тұрғындарға қайтарылды. Әр жерде орналасқан 200, 360, 50 гектар шабындық елдің игілігіне берілді. Осы мақсатта үш жыл бойы үздіксіз жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда Бірлік ауылында жайылым мәселесі толық шешілген. Петровкада да жайылымға қатысты мәселе жоқ. Ауылда екі табын бар. Жалпы қазір мал басы азайып кетті. Жастар жағы мал ұстай қоймайды. Оңтүстік өңірлерден, Ираннан келген ағайындар мыңдап қаз бағып жатыр. Қазір қаздың саудасы қызған уақыт.

– Петровка ауылының байырғы атауын қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр ма?

– Аталарымыз Петровка ауылын Тілеп елі деп атайтын. Биыл мұз айдыны салынған кезде оны Тілеп деп атайық деген ұсыныс түсті. Көпшіліктің сұрауын құп алып, мұрағатқа сұрау салдық. Тиісті құжаттар қолға тигесін, мұз айдынын Тілеп деп атадық. Ал ауылдың атауын өзгертуге қатысты мәселе көтерілген жоқ. Жалпы округ аумағында идеологиялық мағынасы ескірген көше атауларын ауыстырып жатырмыз. Петровкадағы Ленин көшесі – Бейбітшілік, Комсомол көшесі – Болашақ, Юбилейный көшесі Ыбырай Алтынсарин атындағы көше болып ауыстырылды. Бірлік ауылындағы Ленин көшесі – Дүйсен Аяғанов, Молодежный көшесі – Байман Тұрғынов атындағы көше деп өзгертілді. Бұл көшелердің атауын қазақшалау жұмысы 2019 жылы басталып, 2022 жылы өз мәресіне жетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp