
“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі қоғам өкілдері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерімен бірге әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізді.
Облыс орталығындағы ірі сауда үйлерін аралаған мониторингтік топ мүшелеріне тұрғындар азық-түлік бағасының өскенін айтып шағымданса, кәсіпкерлер тұрақтандыру қорындағы көкөністердің сапасы нашар екендігін жиі алға тартады. Бақылаушылар облыстық тұрақтандыру қорының көкөністері – картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сақталған “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасына барды. “Солтүстік” ӘКК” ҰК” АҚ департаментінің басшысы Роза Тастанбекованың айтуына қарағанда, өткен жылы 440 тонна картоп, 200 тоннадан астам сәбіз, қырыққабат, пияз сатып алыныпты. Бұл көкөністердің ішінде пияздан басқасы жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімі болғандықтан, олардың сапасы жоғары екендігін тілге тиек етті. “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қойма логистикасы бойынша директорының орынбасары Владимир Михайленко көкөністер тиісті градустық режімде сақталатынын айтты. Қойманы аралаған мониторингтік топ мүшелері сауда орындарына жөнелтілуге дайындалған көкөністердің сапасынада көз жеткізді.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы сауда үйлері тарапынан тұрақтандыру қорының өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Тұрғындар арзан көкөністерді “Тайга”, “Рахмет”, “Айсберг”, “Северный”, “Семейный”, “Dostyq MALL”, “Пирамида” сауда орталықтары мен “Волна”, “Стекляшка”, “Ишим” сынды дүкендердің сөрелерінен таба алады.
Аманжол НҰРТАЗИН.
Сурет https://www.zakon.kz/ сайтынан алынды.