«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТТА ҚАЛДЫ ҚЫРЫҚ ЖЫЛ

Желтоқсанның бас кезінде жұмыс сапарымен келген “Қазпочта” АҚ-ның бас директоры Бағдат Мусин әріптесі Алма Ахметованың төсіне “Ерен еңбегі үшін” медалін тағып тұрып:

– Қазақстан Президентінің Жарлығымен берілетін бұл марапатты былтыр маған тапсырған кезде мен дәл бүгіндей қуанған жоқ едім. Өйткені, бүгін ол пошта қызметі саласында 40 жыл еңбегі бар нағыз лайықты адамға беріліп отыр, – деген болатын.

Шал ақын ауданындағы Ақанбарақ ауылының пошта тасушысы Алма Ахметова бұл қызметті сонау 1974 жылдың 1 тамызында қолға алған. Ол кезде он сегіздегі өрімдей ғана бойжеткен екен. 1974-1997 жылдар арасында байланыс бөлімшесінің басшысы болып жұмыс істеген ол ауылдағы мекеме жабылған соң хат-хабар, газет тасу жұмысына ауысқан. Әрине, білікті маманға аудан орталығындағы бөлімшеден жұмыс орны ұсынылғаны рас, бірақ елді мекенде мал ұстап, күнкөрістің қамын жасап жүрген, отбасының ахуалына алаңдаған Алма Ысқаққызы жылы орнынан қозғалғысы келмеді. Оның үстіне ол жылдары балалар да әлі аяқтанбаған болатын. Осылайша 17 жыл Ақанбарақ ауылының пошта тасушысы болған ол биылғы жылдың 12 тамызында зейнеткер жасына жетті. Алайда, өзіне үйреніп қалған ауыл тұрғындарының көңілін қимай, әзірге жұмыстан қол үзуге асығып отырған жоқ. Әлі де ауылдастарының зейнетақылары мен жәрдемақыларын, коммуналдық төлемдерін үйді-үйге уақтылы жеткізіп, тұрғындардың алғысына бөленіп жүр. Ақанбарақта 120 адам зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы алады екен, яғни оларға ай сайын 3 миллион теңгені таратып беретін пошташы әйел. Осы қаржыны қолды-қолға таратып берудің өзі үлкен жауапкершілік жүктейді.

– Бұл жұмыс ауыр емес. Бірақ жұрттың бұл мамандық иесіне деген құрметі жоғары деп те айта алмаймын. Кейде тіршілік ауыртпалығынан қиындық көріп жүргендердің ауыр сөздерін де естуге тура келеді. Шындығында, ауылдағы оң-теріс ахуалды пошташылар жүрегіне жақын қабылдайды дер едім. Ауылды жұмыс барысымен аралап, жұрттың хал-жағдайын білуден артық ештеңе жоқ, – дейді Алма Ахметова.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp