Ақжар, Аққайың, Тимирязев аудандық жұмыспен қамту орталықтарында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде тұрғындардан артық құжаттар талап етілген.
“Жасырын сатып алушылар” қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына мониторинг жүргізу және әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатымен аудандық жұмыспен қамту орталықтарына барды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артық құжаттарды талап етуді тоқтату, тұрғындарды әбігерге салып, қағазбастылықтан арылту бойынша шаралар қабылданды.
Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы орталықтардың мамандары “жасырын сатып алушыларға” көрсетілетін мемлекеттік қызмет бойынша толық ақпараттар ұсынып, кеңес берген. Ал Ақжар, Аққайың, Тимирязев аудандарында келушілерден артық құжаттар сұратылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен тәртіпке сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру және сәйкестендіру үшін жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік қызмет көрсетушілерге аталған ескертулерді назарға алу жөнінен ұсыныс хаттарын жолдады.