Уәлиханов ауданындағы қазба жұмыстары кезінде Жошы хан әулетінің өкілдері жерленген ежелгі зираттың орны табылды. Бірегей археологиялық нысанның құнды жәдігерлері облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен шарада таныстырылды.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің “Margulan centre” орталығының ғалымдары бірлесе жүргізген археологиялық жұмыстар “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Арнайы экспедиция кезінде археологтар өңір аумағында көне мазардың болғанын анықтады. Экспедиция жетекшісі Тимур Смағұловтың айтуынша, Уәлиханов ауданының Береке ауылының маңында жүргізілген алғашқы зерттеулер “Қызыл оба” кесененің он төртінші ғасырда тұрғызылғанын көрсеткен. Ғалым бұл мазарда Моңғол империясын құрушы Шыңғыс ханның ұрпағы жерленіп, нысан айналасында ел басқарушылары бас түйістірген үлкен қалашықтың да болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. “Тарих беттерінде Алтын Орда дәуіріне қатысты деректер өте сирек кездеседі. Сондықтан мұндай бірегей орынның табылуы біз үшін үлкен жаңалық болып отыр. Қолымызда бар жәдігерлер негізінде біз бұл жерде өмір сүрген рулық тайпалардың егін және мал шаруашылығымен айналысқанын байқаймыз. Қазба жүргізілген жерден төрт қабір анықталды. Олардан біз о баста мәйіттерді жерлеу рәсімінің ислам діні негізінде жүзеге асырылғанын көреміз. Сондай-ақ, археологиялық нысан аумағынан темір дәуірінен сақталып қалған түрлі ескерткіштер табылып отыр”, – дей келе, Тимур Сүйлейменов жиналғандарды археологтардың тапқан олжасымен таныстырды. Мысалы, “Алтын Орда” дәуіріне тиесілі қызыл кірпіштер, алтын және күміс бұйымдар өңірімізде шеберханалар мен күйдіру пештерінің болғанын дәлелдейді. Ал қазба орнынан табылған қыштан жасалған шығыр сауыттар ата-бабамыздың егіншілікпен айналысқанын айғақтайды. “Бұл кесене орта ғасырдың бірегей ескерткіші болып табылады. Археологтарымыз оның қасында жеті қорғанның тұрғызылғанын да анықтап отыр. Елімізге шаруалардың жаппай қоныс аударған 19-ыншы ғасырдың аяғы мен 20-сыншы ғасырдың басында көптеген археологиялық ескерткіштеріміздің тоналып, жойылып кеткені белгілі. Ал мына қалашық маңында су айдындары болмағандықтан, қоныс аударушылар бұл жерге мүлде аяқ баспаған. Соның нәтижесінде өркениеттің орталығы болған қалашық сақталып, бүгінге қаз-қалпында жетіп отыр”, – дейді экспедицияға қатысушы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы Анатолий Плешаков.
Археологиялық қазбаларды жүргізуші топ 2020-2021 жылдары аталмыш нысанды толығымен зерттемек. Бұл жұмысқа Ғылым академиясының археологтары мен жергілікті университеттің студенттері де жұмылатын болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов археологиялық қазба жұмыстарымен таныса отырып, бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлінетінін жеткізді. “Алтын Орда” дәуіріне тиесілі нысан толық зерттелген соң, оны киелі жерлер тізіміне қосуды қарастыратын боламыз”, – деген облыс әкімі Жошы хан билік еткен кезеңнен сақталған қалашықты анықтаған ғалымдарға алғысын білдірді.
Өңір басшылығы тарапынан зор қолдауға ие болып отырған археологтар зерттеу ісін жалғастыруды келесі жылға жоспарлап отыр. Демек, алдағы уақытта археология саласындағы жаңалықтар қатары еселеніп, бұдан да басқа жәдігерлер анықталуы әбден мүмкін.