«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЫ ТАЗА АЗАМАТ ЕДІ

Уақыт деген керуен көші алға қарай жылжыған сайын жақсы адамдардың аттары да, істеген істері де ел жадынан өшпей, олардың тұлғалары тау сияқты алыстаған сайын биіктей береді екен. Көзі тірісінде халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени мұрасын насихаттауда ерен еңбегімен елге танылған арда азамат – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовтың орны қашан да бөлек. Тектіліктің ізі қалған киелі Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылының топырағында дүние есігін ашқан абзал азаматтың әрбір ісі мен қадамын бақылап, әр кез сол сияқты болуға ұмтылушы едік.

Қуандық Қасымов Қызылжар өңірінің руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Текті азамат жастайынан елі үшін жүрегі сыздайтын ерлердің қатарында болды. Әсіресе, ол ұлтжандылық қасиетімен көпке үлгі еді. Көпбалалы отбасында дүниеге келген Қуандық еңбекке ерте араласты. Сұрапыл соғыстың бел ортасында болып, елге аман оралған әкесі Ишанғали Қасымовқа еріп, ауыл ішіндегі кішігірім той-томалақтарда ән айтып, жастайынан өнерге бір табан жақын екенін аңғартты. Кейін Баян орта мектебін тамамдаған соң өзінің жүрек қалауымен мәдениет саласын таңдап, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесіне оқуға түсті.
Қазақ танымында “сегіз қырлы, бір сырлы” деген ұғым бар емес пе? Оны Қуандық ағаға қарата айтсақ, қателеспеспіз. Білім ордасында жүргенде-ақ ол туған ауылымен байланысын үзбей, демалыстарда түрлі кештер өткізіп, жастардың алды бола білді. Кешегі кеңес өкіметінің қиындықтарын жеңе отырып, өзге қазақ ауылдарында да шағын өнер ұжымдарын құрып, мәдениет саласының дамуына атсалысты.
Қуандық Ишанғалиұлы Шымкенттегі мәдениет институтын тамамдаған соң 1967 жылы еңбек жолын Сергеевка Мәдениет үйінде сырнайшы болып бастады. Бұдан соң балалар музыка мектебінде сабақ беріп, кейін Мәдениет үйінің директоры лауазымында қызмет етті. Бірақ өнер десе ішер асын жерге қоятын қасиетінің арқасында әкімшілік жұмыспен шектеліп қалған жоқ. Ол үнемі түрлі конкурстарға қатысып, қоғамда алдыңғы қатарда жүрді. Осылайша, дүйім елдің алғысын арқалап, өңіріміздің абыройлы азаматы дейтіндей дәрежеге жетті. Қуандық Ишанғалиұлы 1975 жылы Бүкілодақтық вокалистер конкурсында еліміздің атын шығарып, лауреат атанды. 1983-84 жылдары өңіріміздің тарихында алғаш рет айтыс ұйымдастырды. Төрт жылдан соң бұрынғы Соколов ауданында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Геннадий Заволокиннің қатысуымен “Играй гармонь, звени домбыра” облыстық фестивалін өткізді. Әсіресе, Қуандық ағаның облысымызда алғашқылардың бірі болып “Ақ бидай” ән-би ансамблін құрғаны көпшіліктің есінде. Аталмыш өнер ұжымы аз уақыттың ішінде елімізге танылып, ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мақсатында бірнеше жыл қатарынан Ресей қалаларына гастрольдік сапарлармен шығып тұрды. Жергілікті өнерпаздар “Ленин комсомолы” үгіт-насихат пойызы құрамында Омбы, Пермь, Түмен және Қорған қалаларында өнер көрсетіп, ресейліктерді қазақтың әні мен биіне тәнті етті. 1980 жылы Қуандық Ишанғалиұлы Мәскеу қаласында өткен Олимпиадада өнер көрсеткен санаулы қазақстандықтардың қатарына енгені – біз үшін үлкен мақтаныш. Әр жылдары “Тың гүлі” эстрадалық және “Әдемі-ау” би ансамблін, Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрін, сондай-ақ, камералық хорды құрып, көптеген азаматтарға сахнаға жол ашты.
Жергілікті мәдениет басқармасында жауапты қызметтерді атқарған ол өңір басшылығының ұсынысымен ондаған өнер ұжымы шоғырланған облыстық филармонияға жетекшілік етті. 2006-2014 жылдар аралығында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры болды. “Адам баласына жан, ар тазалығынан артық ешнәрсе керегі жоқ. Қалғанының бәрін Алла өзі береді” дегенді жиі айтушы еді. Өзі де өмір жолында адал еңбекпен ғана танылуға ұмтылды. Руханиятқа, өнерге деген жанашырлығымен, намысшылдығымен көпке үлгі болып, қарапайым, ізетті жан ретінде көзге түсті. Бәріміз де қиын заманда туып, жоқшылықтың дәмін татып өстік қой. Қуандық та көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, тағдыр тауқыметін көрсе де, өнерге деген ықыласының арқасында ел арасынан суырылып шығып, адамгершіліктің өресін таныта білді. Оның осындай кемелденген кезі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жетекшілік еткен тұсы еді. Өнер ордасына басшы болып барған тұсында театрдың жағдайы мүшкіл болатын. Жан-жақтан келген әртістер баспанадан зәрулік көрген кез. Бұған қоса, жаңадан ашылған театрдың материалдық-техникалық жағдайы нашар болатын. Қуандық аға қызметіне тағайындалған күннен бастап, осы олқылықтардың орнын толтыруға кірісіп кетті. Алдымен қазақ театрының жанынан камералық оркестр мен балет труппасын ашып, өнер ордасының музыкалық бағытта жұмыс істеуіне жол ашты. Солтүстікқазақстандық ақын-жазушылардың, драматургтердің туындыларын сахналап, театр әртістерін түрлі байқауларға жөнелтті. Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян”, Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ”, Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібек” туындыларының желісімен қойылым әзірлеп, жас таланттардың ел деңгейінде танылуына түрткі болды. 2013 жылы Қуандық Қасымовтың бастамасымен Қазақстан тарихында тұңғыш рет ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Өйтпесе Мағжан бола ма?” спектаклі сахналанды. Драматург Дулат Исабековпен бірлесе атқарылған жұмыстың арқасында театрдың көрермендер алдындағы абыройы арта түсті.
Ардақты жерлесіміз мәңгі сапарға аттанса да, жерлестері оның елге сіңірген еңбегін ұмытқан жоқ. Бүгінде Қуандық Қасымов атындағы облыстық фестиваль жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәдениет қайраткерінің 70 жылдығына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылмақ. “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөз бар. Қуандық ағаның өнегелі жолын бүгінде артында қалған ұл-қызы мен немересі жалғастыруда.

Жангелді ТӘЖИН,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp