«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРҒЫ-БЕРГІ ТАРИХЫМЫЗ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ

Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бір-ақ тағы”, – деген Қадыр Мырза- Әлі арғы-бергі тарихымыздың өз деңгейінде зерттелмей, тереңнен зерделенбей жатқандығын меңзеген еді. Тұңғиық ұлт тарихының сырын ашу – өзекті мәселе. Бүгінде шетел мұрағаттарынан қазақ хандарының сыртқы саясаты туралы құнды-құнды деректер табылып жатыр. Естуімізше, қазақ тарихына қатысты деректер әлемнің 14 елінің мұрағаттарынан кездеседі екен. Осы орайда тарихымызды танып, жоғалтқанымызды тауып, білімімізді тереңдетіп, оқулығымызды қалыңдатар сәт туған сияқты. Бұған үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы да зор түрткі болып отыр.

Біздің еліміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан көк түріктерге жалғасады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай ұзақ та бай тарихымыз бар. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы – Қазақ хандығы шамамен 1455 жылы құрылған. ХІV-ХV ғасырларда Алтын орда әлсірегеннен кейін Дешті Қыпшақтан Әбілқайыр хандығы немесе көшпелі өзбектер мемлекеті деп аталатын Ақ Орда, Ноғай ордасы бөлініп шығып, өз мемлекеттерін құрған. Қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстігінде жер өңдеу, қала салу, қолөнердің дамуы, жартылай отырықшы Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі тұрғындарының Оңтүстік Қазақстан диқандарымен байланысының күшеюі түбі бір осы елдердің бірлесуіне, ақыры қазақ халқының құрылуына әсер етті. Дегенмен, қазақ халқының бірігуіне кейбір ру-тайпалардың оқшаулануы, жүздік аймақтарына бөлінуі қиыншылық туғызған. XV ғасырдың орта шенінде тұрақты біртұтас мемлекеттің қажеттігі айқын сезілді. Себебі, осындай біртұтас мемлекет қана Қазақстанды мекендеген ұлыстардың жерлері мен шаруашылығын сақтай алатын еді.

Әбілқайырдың қарсыластары – Орыс ханның шөбересі, Ақ Орданың билеушісі Барақ ханның ұлы Жәнібек пен оның туысы Керей сұлтандар Моғолстан ханы Есенбұғамен одақ құрады. Есенбұға дүние салғаннан кейін Моғолстандағы билік дағдарысы қазақ сұлтандарының өздері иемденіп отырған Жетісу жерінде жеке саяси бірлестік кұруға жағдай туғызады. Қазақ хандығы алғаш батыс Жетісу, Шу, Талас өлкесінде құрылған. XV ғасырдың ақырында Жәнібек хан мен Керей хан қазақ ру-тайпалары мекендеген сонау Сырдария, Арал маңы, Қаратау етегінің едәуір бөлігінде үстемдігін орнатты. Қазаққа қаны қас Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанимен Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Отырар, Ясы қалалары үшін кескілескен ұрыстар болды. Алғашқы Қазақ хандығы Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне таласушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Ақыр-соңында Созақ, Сығанақ калаларын Қазақ хандығына қосып, Шайбаниді Мауреннахрға кетуге мәжбүр етті.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының саяси, экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол 1503-1510 жылдары Мұхаммед Шайбанидың бірнеше тонаушылық жорықтарына тойтарыс берді. Хандықтың шекарасы батыстан Жайыққа дейін, оңтүстік-батыста Сырдарияның оң жағалауына, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, оңтүстікте хандыққа Сырдария бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды. Жайлау қоныстары солтүстікте Ұлытаудан асты. Оңтүстік шығыста оған Жетісудың біраз жері қарады. Қасым ханға қараған халық саны 1 млн. адамға жетті.

Тәуекел ханның Қазақ хандығын нығайтуға қосқан үлесі аса зор. Ол үздіксіз жорықтарын жалғастыра отырып, Орта Азияның көптеген жерлерін қаратты. Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Әндіжанды, Самарқанды алды. 1598 жылдары ол Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы Қазақ хандығының құрамына қосты. Шайбани әулеті жойылып, оның орнына билікке Аштархан әулеті келді. Мұның өзі Қазақ хандығының экономикалык жағынан күшеюіне және Орта Азиядағы шекарасының тұрақтануына ықпал етті. Тәуекел хан қаза болған соң билік басына Есім хан келді. Есім ханнан кейін таққа Жәңгір хан отырды. Бұл кезде Қазақ хандығына жоңғарлардың шабуылы жиілей түскен еді. 1643-47 жылдары қазақ-жоңғар соғысы басталып, қазақ даласына шапқыншылығы үдей түсіп, жаулар көптеген аймақтарымызды басып алды. Әбілқайыр хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан өз иеліктерін дербес басқаруға кірісті. XVII ғасырдың бірінші ширегінде жоңғар басқыншылығының күшеюі салдарынан қазақ елінің экономикалық және саяси жағдайы қиындай түсуіне байланысты Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі туындады. 1731 жылы Ресей императоры Анна Иоановна Кіші жүзді Ресей бодандығына алатындығы туралы грамотаға қол қойды. Бұдан кейін Ұлы және Орта жүздердің билеушілері Әбілқайыр хан арқылы Ресей патшасына өз өтініштерін білдіре бастады. Ресей өкіметі жаңа қосылған жерлерге билігін нығайту үшін 40-шы жылдары Орынбор экспедициясын ұйымдастырды. Ал бұл кезде жоңғар шапқыншылығы үдей түскен еді. 1771 жылы үш жүздің билері Абылайды хан тағына отырғызды. Міне, осы кезден бастап Қазақ хандығы қайта күшейеді. 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы тағы да орталық биліктен айрылады. Абылайдың орнына хан болып сайланған Уәли тек Орта жүзді ғана биледі. 1824 жылы Ресей патшасының “Орынбор қырғыздары (қазақтары) туралы” жарлығы бойынша хандық билік Ресейдің әкімшілік жүйесімен алмастырылды. Алайда, Қазақ хандығының жойылуын жергілікті халық мойындағысы келмеді. Сөйтіп, олар Ресей отаршылдығына қарсы жиі-жиі бас көтерді. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі бүкіл қазақ даласын қамтыды. Сол кезде үш жүздің ханы болып сайланған Кенесары 1847 жылы қырғыз жерінде қаза тауып, Қазақ хандығы мүлде жойылды. Міне, Қазақ хандығы туралы тарихи деректер осылай сыр шертеді. Бұдан кейін қазақ халқының тағдыры мен тарихын 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейін Мәскеу шешіп келді. Енді егеменді ел болып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптер сәт туғанда халқымыздың арғы-бергі тарихы қандай болсадағы асыл қазынамыз болып қала береді. Соңдықтан бүгінгі және келер ұрпақ қазақтың осыдан 550 жыл бұрын да өз мемлекеті, ұлан-байтақ жері болғанын біліп өскені абзал. Осы тұрғыдан алғанда Елбасымыздың үстіміздегі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын республика көлемінде атап өту жөніндегі шешімі өте орынды.

Таңат СМАҒҰЛОВ,

Тайынша ауданының №3 аудандық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp