Өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бір науқас анықталды. Қазіргі таңда облыста қауіпті індетке шалдыққан 30 адам тіркеуде тұр. Соның 25-і емделіп, ауруханадан шықты. Бірақ арқаны кеңге салуға әлі ерте, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен 21 сәуірдің түнінен бастап облыс көлемінде карантин шаралары қатаңдатылды.
Соңғы мәлімет бойынша ауру жұқтырған соңғы науқас 1994 жылы дүниеге келген Мамлют ауданының тұрғыны. Ол 15 сәуір күні Түмен қаласынан келген. “COVID-19″ инфекциясына жүргізілген бастапқы тексеру теріс нәтиже көрсеткен. Алайда, 18 сәуір күні науқастың дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, өзін жайсыз сезінген. Алдымен провизорлық стационарда, кейін сараптама қорытындысы оң нәтиже көрсеткен соң, Петропавлдағы №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды. Бүгінде облыста бес науқас инфекциялық стационарда емделіп жатса, 65 адам карантиндік стационарда. Ал 75 өңір тұрғыны үй карантинінде, үшеуі провизорлық стационарда.
Облыста сақтық шаралары күшейтілуде. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері өңір аумағында карантин шараларын күшейту туралы қаулы шығарды. Онда кәсіпкерлікпен айналысатын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері, транзиттік жүк көліктері, көктемгі егіс жұмыстарына, қоршаған ортаны қорғау, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы шараларына жұмылдырылған азаматтар, соның ішінде жеке төлқұжаты, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі мен жұмыс орнынан анықтама ұсынған ара шаруашылығымен айналысатындардан басқа адамдардың карантин аумағындағы аудандар мен Петропавл қаласына кіруіне және шығуына рұқсат жоқ. Өңір тұрғындарының себепсіз үйден шығуына шектеу қойылып, 65 жастан асқан азаматтар мен үлкендердің бақылауынсыз кәмелетке толмаған балалардың бейсауат жүруіне тыйым салынған.
Айнаш САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы.
Сурет: https://iz.ru/