«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арқаны кеңге салуға әл ерте

Қазіргі таңда облыста қауіпті індет жұқтыр­ған науқастардың жалпы саны 3822 адам. Соның 2388-інде ауру белгісі анықталды. Инфекциялық вирус жұқтырған науқастардың 70 пайыздан астамы емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, 19 адам қауіпті індеттің құрбаны болды.

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Арман Күшбасов өңірдегі жеңілдетілген карантин шараларына тоқталды. Оның айтуынша, көтерме және бөлшек сауда, азық-түлік қоймалары, аумағы 2 мың және одан да көп шар­шы метрді құрайтын дүкендер, сауда үйлері, ойын-сауық кешендер, әуежай, темір жол вокзалдары мен тағы басқа ұйымдардың жұмысы жанданғанымен, санитарлық талаптарға сай болуы қадағаланады. Ол қоғамдық көліктердің жұмыс кестесіне де өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Елді мекен ішіндегі, саяжайға қатынайтын, қалааралық бағыттағы қо­ғамдық көліктер дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңғы 6.30-дан кешкі 22.00-ге дейін ғана жүреді.

– Туризм нысандары мен демалыс орындарында келушілердің саны барлық орынның 80 пайызынан аспауы тиіс. Ал Ұлттық құрама мен клубтардың спортшылары үшін оқу-жаттығу жүргізуде сақтық шаралары қатаң ескерілуі керек, – деген Арман Күшбасов демалыс күндері өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізілгенін айтты. Қоғамдық көліктер тоқтап, 65 жастан асқан адамдардың үйден шығуына шектеу қойылды. Сауда үйлері мен ойын-сауық нысандарының жұмысы да уақытша тоқтады. Сонымен қатар сенбі-жексенбі күндері азық-түлік сатпайтын базарлар мен сұлулық салондары, шаштараз, косметологиялық қызмет көрсетуші нысандар, спорттық-сауықтыру орталықтары, жаттығу залдары, қоғамдық монша, аттракциондар жұмыс істемейді.

Баспасөз мәслихаты бырысында көпшілік, отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынып, қауіпті індеттің таралуын тоқтату үшін сақтық шараларына баса мән беру керек екені айтылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp