
Ертеде бейбіт жатқан бір рулы елді тұтқиылдан жау шабуылдапты. Ер-азаматтар қолдарына қару алып, лезде атқа қонады. Алайда, қаһары күшті жаудың беті қайтар емес. Рулы ел жан сақтау үшін бас сауғалап көшіп кетеді.
Сол елдің батыры дұшпанмен айқаста өзі де, астындағы сенімді тұлпары да қатты жараланады. Көшпен бірге ол да бауыр еті – баласын алдына отырғызып алып, қасіретті мекеннен жөней беріпті. Сол мезетте соңынан: “Көке, мені тастап қайда барасыз?!” – деген қарындасының аянышты үнін естиді. Бірі – өмірінің жалғасы баласы, екіншісі – бір құрсақтан шыққан бауыры. Қайтпек керек? Көп ойлануға уақыт жоқ. Сонда батыр: “Тірі болсақ жар құшып, ұрпақ сүйе берерміз. Ал өзіңдей қарындас, бір құрсақтан өрбіген бауыр енді қайда маған?” – деп нәрестесін тастап, қарындасын атына мінгестіріп ажал тырнағынан сытылып шыққан деседі.
Сонау заманнан осы күнге аңыз болып жеткен бұл әпсананың астарында бауырға деген қамқорлық пен құрметті аңғарамыз. Әкенің қанынан жаралып, ананың көкірегінен нәр алып өскен бауырдан артық жан бар ма? Дана халқымыз “Бауырды өкпеге қисаң да, өлімге қимайсың” деп бекер айтпаған. Өйткені, әр адам үшін бауырдың орны бөлек. Бүгінде бірталай жасқа келсем де, ата-анаға, бауырға деген сағынышым толастар емес. Бірге тумақ бар да бірге өлмек жоқ. Қиналған сәтте қарлығаштың қанатымен су сепкендей қол ұшын созып, мерейімді өсіріп, мәртебемді асқақтатқан бауырларымның орны бүгінде ойсырап тұр. Жалған өмір-ай!
Біз үш ағайынды едік. Ағаларым Жақсыбай мен Есілбайдан біршама кішімін. Олардың әрқайсысы менің өмірімде ерекше орын алады. Ортаншы бауырым Есілбай Елемесұлы 1940 жылы дүниеге келді. Анамыз Қайнижамалға тартқан зерек болды. Жер мен ел аттарын, аталар шежіресін жақсы білуші еді. Әкем Елемес 1962 жылы қайтыс болған кезде мен мектепте оқимын. Үйдің кенжесі болған соң маған екі бауырым барынша қамқорлық танытып, мейірімдеріне бөледі.
Есілбай еңбекке ерте араласты. Тың игеру жылдары өзі қатарлас Қайрат Ахметов, Әскер Баянтаев, Талғат Досатаев, Амантай Алпысбаев, Көшеғалды Омаров, Өмірбай Өсіпов, Нұрыш Қариев, Халық Шәйкенов сынды азаматтармен бірге таңның атысы, күннің батысы қырда тынбай еңбек етті. Алдымен бригадир, кейін “Заря” кеңшарына қарайтын Социал бөлімшесінің басшысы болды. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.
– Бала болсақ та, соғыстың тауқыметін көрдік. Есілдің жағасындағы алқапта шөп шауып, шөмеле үйетінбіз. Өмірбай, Көшеғалды үшеуіміз тетелес өстік. Жұбымыз жазылмайтын. Шөп шабу науқаны кезінде тракторларға су тасыдық. Суды уақытында апармасаң, жұмыс тоқтап қалады. Сол жылы жақсы жұмыс істегенім үшін маған кеңшар басқармасы бір қой берді, – деп Есілбай ағамның айтқаны бар.
1980 жылдары ауылдың жағдайы біршама жақсарды. Орта мектеп, астық сақтайтын қойма салынып, мал фермасының ауқымы кеңейіп, 500 гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Сергеевка, Афанасьевка ауылдарына апаратын жолға қиыршықтас төселді. Егістік көлемі ұлғайып, мал басы көбейді. Тұрмысы түзу ауылдың берекелі өміріне жұрт сүйсіне қарады. Ауданды әр жылдары басқарған Ніл Болатбаев, Есім Шайкин, Мәркен Ахметбеков сынды ел ағалары көркейген ауылды көпке үлгі етті.
Еңбек ескерусіз қалмады. Ағам Есілбай Қантаев Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, үш мәрте “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. Социал ауылы Қазақстанның “Алтын кітабына” енді. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың алдынан шаруа үркіп тұратын. Өзінің зеректігінің, еңбекқорлығының, жауапкершілігінің арқасында ол КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Осындай өнегелі ісімен ел есінде қалған білікті ұйымдастырушы жасқа – жол, үлкенге ізет көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Әсіресе, Жүніс, Гәкку, Әбілжан, Қожабек, Мұқамедия, Қабдөш, Зарап, Әбжан сияқты ардагерлер оны ауыздарынан тастамай, жақсы істерін көпке үлгі ретінде айтып отырушы еді.
Есілбай орта бойлы, ақсары өңді болатын. Оның айтқан әр сөзі менің есімде жатталып қалды. “Октябрь революциясының 50 жылдығына орай Кремльде өткен салтанатты жиынға Қазақстаннан делегация қатысты. Бәріміз ескерткіш суретке түсуге дайындалып жатырмыз. Делегацияның құрамында сол кезде облыс басшысы болған Василий Демиденко да бар. Бір кезде делегация басшысы Дінмұхамед Қонаев маған Георгий Жуковты шақырып келуді өтінді. Осы сәт әлі есімде”, – деп бірде ол өткен күндердің естелігімен бөлісті. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген Талғат Бигелдиновпен кездесуде алған әсерін әңгімелегенде ұйып тыңдаушы едік.
Еліміздің өркендеуіне оның сіңірген еңбегі зор. Қырық жыл бел жазбай еңбек етті. Асыл жары Ұлпаш екеуі 4 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. Әке жолын қуған ұл-қыздары – жоғары білімді азаматтар. Бүгінгі күні олар да тәуелсіз елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуде.
Зейнетке шыққан соң олар қалаға қоныс аударды. Ауыл десе, әркімнің де көңілі алып-ұшып тұрады емес пе?! Саналы ғұмырын ауылда өткізген ағам елдің жағдайына елеңдеп отыратын. Оның әр сөзінен ауылға деген сағыныш аңғарылатын. Жеңгеміз дүние салғанда жаны жабырқаған ағамның көңілін қаяу мұң басты. Қатары сиреп бара жатқан замандастарын да жиі еске алушы еді.
Өмірден өтер алдында ол ауылға барды. Бұл 2017 жылдың тамыз айы болатын. Бірден Есілдің жағасына тоқтадық. Өзен жағасында ол ұзақ отырды. Кейін ата-бабаларымыз жатқан зиратқа барып, аруақтарға Құран бағыштадық. Бірер айдан кейін ол да мәңгілік мекеніне аттанды. Туған жермен үнсіз қоштасқан Есілбайдың сол бір бейнесі көз алдымнан кетер емес.
Серікбай ЕЛЕМЕСОВ,
еңбек ардагері.