Жасы сексеннен асса да, әлі күнге дейін бойын тік ұстайтын, көркем келбетті Сұраған Көпеевпен көрші болу мен үшін тағдырдың сыйы іспеттес. Ұзақ жылдар бойы полицияда қызмет еткен ардагер әлі де аттан түспей, өкшелеп келе жатқан жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Сұраған Мырзахметұлы тәртіп сақшысы боламын деп ойламаған. Үйдегі бес ағайындының арасында күш құрылымдарында қызмет атқарған да осы кісі ғана. Қарияның өзі, тіпті, бала кезінде милиция десе, аттонын ала қашатынын, оларды кәдімгі әзірейілдей көргенін бүгінде күліп, еске алады.
Кейіпкеріміздің ата-анасы кеңес өкіметі кезінде ұжымшар құруға атсалысып, қарапайым колхозшы болып жұмыс істеген. Ауыл шаруашылығы техникумының құрылыс факультетін тамамдаған Сұраған Көпеевті партия комитеті 1960 жылы Петропавлдағы колонияға құрылыс мамандарын даярлау жөніндегі инженер етіп жолдамамен жұмысқа жібереді. Түзеу мекемесінде ол кезде жазасын өтеп жатқандарға құрылысшы мамандығын беруді ұйымдастыру ісі жас инженердің мойнында еді. Бірақ ол жас та болса, жұмысты дұрыс жолға қоя білгенін, жазасын өтеушілердің көмегімен Петропавл ауыр машина жасау, оқшаулағыш материалдар, Мамлют машина жасау зауыттарын, нан-тоқаш комбинатын, Сергеев су бөгетін салуға атсалысқанын мақтанышпен айтады. Осы қызметті атқара жүріп ол К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтын тамамдайды.
Одан соң 1964 жылдан бастап балалар колониясын құруға атсалысып, он жыл бойы осында қызмет еткен кезең Сұраған Мырзахметұлы үшін нағыз шыңдалу жылдары болды. Ең алдымен оған өмірде ақ, адал жолдан тайған жеткіншектерге деген аяушылық сезімі маза бермеген еді. Оның үстіне ол кезде колонияға орталық жылу жүйесі тартылмаған, ғимарат пешпен жылытылатын. Ойнап жүріп от басқан жас өрендерге жасалған жағдай да шамалы. Орталықтандырылған жылу жүйесін тарту, темір тордың арғы жағындағы жасөспірімдер үшін орта мектеп ашу, ағаш және темір ұстасы, жонушы мамандықтарын оқытатын кәсіптік-техникалық училище салу – осының бәрі Сұраған Мырзахметұлының бастамасымен және тікелей араласуымен шешілді. Ол колония бастығы болғанымен, жазасын өтеп жатқан жеткіншектерге ағалық қамқорлықпен қарады. Көрген-білгенімен бөлісіп, ақыл айтудан бір жалыққан емес. Сондықтан да болар, елдің түкпір-түкпірінен алғыс айтып келген ата-аналар легі бір толастамаушы еді. Олардың дені бостандыққа шыққан балаларының түзелгенін айтып, Көпеевке ризашылығын білдіретін. Түзеу мекемесі болғандықтан, ондағы жұмыс әрдайым тақтайдай тегіс жолмен жүргізілді десек, ағаттық болар. Орын алған әртүрлі қиын жағдайларды еске алғанда, ардагер ауыр күрсінеді. Әсіресе, түрмеде отырған бір сақау баланың бейнесі бүгінге дейін көз алдынан кетпейтін көрінеді. “Кемтар баланы неліктен түрмеге тоғытқанын сол кезде де ұға алмап едім, осы жасқа келсем де, сол сұрақтың жауабын таба алмай дал боламын”, – дейді ол. Байғұс балаға басқалардың көрсетпеген құқайы болмапты. Ақыры шыдамай, колония қабырғасында өзіне-өзі қол жұмсаған екен. Ал кісі өлтіріп, түрмеде екі жарым жыл отырған бір жасөспірімнің сонда жүріп тағы біреудің өміріне балта шапқаны үшін оның жазасына небары екі жарым жыл ғана қосылғанына сол кезде күйінген Сұраған Мырзахметұлы бұл әділетсіздікті әлі күнге дейін айтып отырады. Дегенмен, онсыз да он жылға сотталған 14 жастағы жасөспірімге одан артық жаза қолдануға болмайтынын өзі жақсы түсінеді. 1967 жылы түрмеде отырған 700 баланың бір түнде колонияның ішін қиратып, заттарын лақтырып, қоймалар мен цехтарға от қойып, бірі қалмай қашып кеткенін қалай ұмытсын?! Оларды ұстауға облыс басшылығы араласып, тұрғындар, жұмысшылар, милиция түгел жұмылдырылыпты. Бір тәуліктен соң бәрі ұсталып, түрмеге қайтарылған.
Бұдан соң колония басшылары олардың бастарынан сипай қоймаған шығар, дегенмен бұл әрекеттерінің себебін анықтау мақсатымен әңгімелескен. Сөйтсе, сол күні облыстан бір басшы келіп, балалармен кездесу өткізген екен. Сөз арасында әлгі дөкей оларға “сендер қоғамды артқа тартып отырған арамтамақ, жатыпішерсіңдер, паразитсіңдер” деп ұрысып-жекіген көрінеді. Осы сөзге наразылық білдірген жасөспірімдер бәрін қырып-жойып, қашудан басқа амал ойлап таппапты. Сұраған Мырзахметұлы әлі күнге дейін бүлдіргіш балаларды емес, олардың намысына тиетін сөз айтқан басшыны кінәлайды.
Мінсіз қызметімен көзге түскен маман 1974 жылы облыстық ішкі істер басқармасы тыл басқармасының бастығы болып тағайындалды. Мұнда ол аса қауіпті қылмыскерлерді ұстап, күрмеуі қиын істерді тергеумен көзге түспесе де, тылды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелермен айналысып, тағы да асқан біліктілігімен өзін мойындата білді. Милицияны көлікпен, қару-жарақпен, арнайы құрал-жабдықпен, баспанамен, жалпы не керектің бәрімен қамтамасыз ету оның мойнында еді. Бұл қызметті атқарған кезінде Сұраған Көпеев әріптестеріне арнап бірнеше тұрғын үйдің, бес ауданда ішкі істер бөлімі ғимаратының, гараж құрылысының бел ортасында жүріп, тағы да жарқ етіп көзге түсті. Тіпті, облыстық ішкі істер басқармасы Петропавлдағы Пушкин және Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысындағы ескі ғимараттан 1976 жылы қазіргі мекенжайға көшкені де Көпеевтің осы қызметті атқарған кезінде қол жеткен жетістік еді. Жаңа ғимарат салу, гараж құрылысы, қойма ашу, қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін үй тұрғызу тізбектеп айтып шығуға ғана оңай. Оның бәрін одақ басшылығы арқылы мемлекеттік жоспарға енгізіп, шешуге тура келді. Өз ісін ұршықша иіріп әкеткен қызметкердің арқасында баспанаға қол жеткізген бірқатар полицей бүгінде зейнет демалысына шықса да, әлі сол үйлерде тұрып жатқан көрінеді. Сұраған Мырзахметұлы әріптестеріне пәтер кілтін табыстаған сәтте көздеріндегі қуаныш ұшқынын көріп, өз жұмысынан ләззат алып, мейірлене түскенін айтты. Бар қажыр-қайратын осы салаға жұмсағанына бүгінде еш өкінбейді. Он жыл бойы Петропавл қалалық өрт сөндіру жасағының бастығы қызметін атқарды. Жалпы еңбек өтілі – 47 жыл, оның ішінде ішкі істер органдарында – 44 жыл. Облыстық ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесін басқарып отырғанына да 13 жылдың жүзі болды. Оған қоса, 2007 жылдан бастап департамент бастығының кеңесшісі. Ардагерлер кеңесінде де атқарып жатқан жұмысы шаш-етектен. Оның тікелей араласуымен облыстық ішкі істер департаментінің және әкімшілік полиция басқармасының мұражайлары құрылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан тәртіп сақшыларына, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткіш пен Даңқ мемориалы ашылды, қалалық ішкі істер басқармасының жанында еске алу саяжолы жасалды. Зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, дем алуы үшін “Динамо” стадионында “Ішкі істер департаменті ардагерлері клубын” құрған да Сұраған Көпеев екенін екінің бірі біле бермейді. Ішкі істер органдарының 2260 ардагерінің әрқайсысының бабын тауып, қамқорлық жасап, материалдық көмек көрсету, шипажайға жолдама алып беру, түрлі саяхаттар, мерекелік шаралар ұйымдастыру, ауырып қалса, көңілін сұрау, одан қалды аудандарды аралап, жеке құраммен кездесу, департамент бастығының азаматтарды қабылдауларына, есепті кездесулеріне қатысу, жас толқынды тәрбиелеу – осының бәрі ардагерлер кеңесінің жұмысы.
Ол өзінің еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында талай биікті бағындыра білді. Үйіндегі шкаф сөрелері марапаттарға толы. Облыстық партия және атқару комитеттерінің Құрмет грамоталары, 1, 2 және 3-ші дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Еңбек ардагері”, “Қазақстан полициясына 15 жыл”, “Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл”, “ҚР Ішкі әскеріне 20 жыл” медальдары, “Үздік қызметі үшін”, “ҚР ІІМ құрметті ардагері” төсбелгілері, министрдің және облыс әкімдерінің Құрмет грамоталары ардагердің талай жылғы еңбегінің жемісіндей көрінеді. 2012 жылы оның есімі облыстық ішкі істер департаментінің Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды. 2015 жылдың 4 желтоқсанында 5-ші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 40-шы сессиясының шешімімен Сұраған Көпеевке Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
Сұраған Мырзахметұлының кейінгі толқын – інілеріне айтар ақыл-кеңесі ұшан-теңіз. Адал қызмет етуге, адалдық пен шындыққа жақын болуға үндейді. Сұраған Көпеевтің бүгінгі жастардың білімді, көзі ашық, көкірегі ояу екеніне көңілі марқаяды. Өзінің алты немересінің бірі Дана Көпееваның атасының жолын қуып, облыстық ішкі істер департаментінде биыл еңбек жолын бастағанын мақтанышпен жеткізді. Тағы бір немересі Даянаның да заңгерлік оқуға түскенін жақсылыққа жорып отыр. Отасқандарына келесі жылы 60 жыл толатын Құдай қосқан қосағы Бәтима апай екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үшеуін де ел қатарлы жетілдіріп, бәріне жоғары білім әперді. Ұлдары да әке жолын қуып, күшпәрмен құрылымдарында абыройлы еңбек еткен. Өзегін өртейтін бір өкініші – үлкен ұлы Болатының келместің кемесіне мініп, ақтық сапарға ерте аттанғаны. Дегенмен, тірі адам тірлігін жасай береді емес пе? Асарын асап, жасарын жасаған, көптеген марапатқа, атақ-даңққа ие болған Сұраған Мырзахметұлының бәйбішесі екеуінің Құдайдан бар тілейтіні – жастардың тілеуі. Ал біз болсақ, әнші Бахтияр Тайлақбаевтың әнінде айтылғанындай:
“Қажымас қара нарым,
Кең байтақ даналарым,
“Күнім” деп еркелетер
Аман бол, ағаларым!” – деп алдыңғы толқынның амандығын тілейміз. Арамызда осындай ақылгөй даналардың мәуелі бәйтеректей аман жүргені қандай ғанибет!
Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.