«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АР АЗАБЫ

Шаңқай түске жетпей-ақ күннің көзі табаға түскен майдай шыжғырып тұрды. Есіл өзенінің ауылдың іргесінде ағып жатқаны қандай жақсы, Ксения бірден мұздай суға күмп етті. Су бетіне сүңгіп шыққаны сол, жанұшырған дауыс естілді. Жүрегі тентек құлындай тулай жөнелді. Ту сыртында су бетін ұрғылап, көмек сұраған адамды көзі шалды. Жалма-жан жүзіп жетіп, шашынан тартып шығармақ болып еді, икемге келмеді. Талықсып, ағысы қатты өзенге батып бара жатқан ер адамды қапсыра ұстап, жағаға алып шықты. 40 жастағы еңгезердей жігітті өлім аузынан құтқарып қалған 25 жастағы талдырмаш қыздың бұл ерлігі дүйім елді тәнті етті. Бірақ марапат пен алғыстың астында қалған «су перісінің» ешкім білмейтін қорқынышты құпиясы бар-тұғын…

Қылмыскер ме, батыр ма?

Ксения бұл ерлігі үшін Есіл ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Көп өтпей оған екінің біріне беріле бермейтін Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді. Осылайша Явленка ауылының тумасы келесі күні «атақты» болып оянды. Ол туралы сюжеттер түсіріліп, мақалалар жазылды. Сұлулығы мен қайсарлығы үшін «су перісі» атанған жас қыздың аспан түстес көк көздері жасырған ауыр мұңын кім білген?! Бір күнгі өкініштің мың күндік «әттеген-айынан» жаманы бар ма?.. Ар азабын тартқан қыз тәртіп сақшыларына өзі келіп, болған жайды айтып берді. Бес жылға жуық уақыт ішінде қайнап жатқан запыранның тығыны 2016 жылдың қазан айында сот залында ағытылды.

Петропавлда жұмыс істейтін жас ұстаз облыс орталығынан 100 шақырымдай жерде орналасқан туған ауылы – Явленкаға ат басын жиі бұратын. Бұл жолы да әке-шешесінің хал-жағдайын білмекке туып-өскен ауылына келген-ді. Дәл осы күні – 2012 жылдың 15 сәуірінде жап-жарық өмірі әп-сәтте қара түнекке айналып саларын кім білген?! Араққа сылқия тойып алған көршілері қайта-қайта келмегенде… Асқарды бір рет қуып шыққан еді. Кешке қарай тағы да мойнын ішіне алып, әкесіне сес көрсетіп тұр екен. Ксения тағы да қумақшы болып, шомбал жігітті түйгіштеп еді, қайран болмады. Қаладағы қарбалас жұмыс пен сүлдерін сүйретіп әзер жүрген әкесі жайлы қалың ой титығына жеткен Ксения кешқұрым қалаға қайтпақ болып вокзалға келген еді, жолы болмады. Автобусқа кешігіп қалып, үйіне қайтып келді. Сол жолы үйінен сәл ертерек шыққанда ғой. Әттең…

Үйіне кірсе, тағы сол мас көршісі төсекте жатыр. Сыртқа әрең дегенде итеріп шығарған Асқар енді үй сыртына барып Ксенияның әкесімен арақ ішуді жалғастырады. Арақ жүрген жерде береке болсын ба, отырыс жанжалға ұласады. Шындап ашуланған Ксения әкесін үйіне кіргізіп жіберіп, Асқарды ауладан шығармақ болған. Көздері бұлдырап, аяғынан әрең тұрған жігіт қызды боқтап-ластағанымен қоймай, жұдырығымен бастан қойып қалады…

Ксенияның сыртқа қаруланып шыққаны сот үкімінде айтылады. Асқардың мойын тұсына пышақ сұғып алған. Ішімдіктің әсерінен көзәйнектей бұлыңғырланып кеткен көздері шарасынан шығардай бір нүктеге қадала қараған қалыпта Асқар жерге құлап, қырылдай бастайды. Ксения ойына алғанын соңына дейін жеткізбек ниетте үй ауласында жатқан кесек отынмен селкілдеп жатқан жігіттің басынан салып қалады. Ол сол жерде жантәсілім етеді. Жансыз денеден құтылудың амалы табылады. Моншаның сыртындағы кәріз шұңқырын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Асқарды іздейтіндер де шамалы. Үстіне топырақ пен қоқысты үйіп тастаған «батыр» қыз түк болмағандай кете барады. Кейін ар-ожданымен келісімге келе алмайтынын қайдан білсін?!

Құпияны өзі ашты

Орын алған оқиға жайында ұзақ уақыт ешкімге тіс жармай келген Ксенияның өзі ащы судан ұрттай бастайды. Ішкі күйігін арақпен басам деп ойлаған шығар, бәлкім! Қолынан келмеді. 2016 жылы «ақаң басқарған» отырыстардың бірінде қызып алып, абайсызда барлығын ауылдасына жайып салады. «Оның үйінің сыртында әңгімелестік. «Асқарды жақында көрдім» дегенімде, «Өтірік айтпа. Мен оны өлтіріп, осы маңайға көміп тастадым», – деді. Сенбедім. Ол бәстесейік деп, қолына күрек алып, көрсеткен тұсты қаза бастады. Ары қарай дауласпадық» делінген куәгердің жауабында.

Құпиясы ашылған қыздың жасаған қылмысын мойындаудан басқа амалы қалмады. Десе де, сот алдында тағылған айыпты ішінара ғана мойындады. Өзін қорғағысы келгенін айтты. «Сол жылы ол әке-шешемнің үйіне орналасып алды. Сонда арақ ішіп, әкемді балағаттап, ұрып- соғатын. Үйге келгенде оны қуып шығатынмын, қалаға кеткенімде қайтадан қайтып келетін. Сол күні мен өзімді қорғадым», – деді қыз сот алдында.

Оқиға куәгерлері айыпталушының сөзін растап, Асқардың күн құрғатпай арақ ішкенін, төбелеске жұдырығы дайын тұратынын айтты. Сотталушыға жазаның ең ауырын талап еткенімен, марқұмның анасы да ұлымен бір шаңырақ астында тұрудың оңай болмағанын жасырмады. «Ол 2008 жылға дейін Германияда тұрды. Кейін бізге көшіп келді. Алкогольді ішімдіктерді көп ішетін, қыдырыстары созылып кеткен күндері үйде қонбайтын. Көбіне көршінің үйін жағалайтын. Себебі ол үйде мұндай отырыстар жиі болатын. 2011 жылы отбасылық жанжал болып, полицияға жүгінуге тура келді. Оны қамап тастады. Кейін баламның үйдегі үлесі үшін ақша бердім. Онымен бір шаңырақ астында тұру мүмкін емес еді. Соңғы рет үйге 5 сәуір күні келді. Одан кейін оны көрмедім…» Жарық жалғанның қызығын ащы судан іздеп, соның соңында кете барған бауыр еті баласы жайлы байғұс ананың сот алдында сөйлеген соңғы сөзі осы болды.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жәбірленушінің әрекеттері қылмыстың орын алуына себепші болғанын ескерді. Алайда Ксения өзін-өзі қорғамақ болып абайсызда адам өлтірді дегенге ешкім иланбады. Қыздың басынан қойып қалғаны болмаса, аяғын тұсаған арақтан аттап баса алмай тұрған жігіт оны ұрып-соқпаған. Ал мойнына сұғылған пышақтан қырылдап, қансырап жатқан жігіттен қорғанбақ болып, отынмен ұрып өлтіруі ешбір қисынға келмейді.

Сотталушының айыбын жеңілдетер бірқатар жағдайларды ескере отыра судья оны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жасаған ерлігі де ескерілді. «Сот отырыстары барысында оның сол қылмысы үшін қатты өкінгені көрініп тұрды. Оның үстіне адам құтқару екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Сондықтан айып тағылған бап бойынша ең жеңіл жаза қолдандым. Соның өзі – жеті жыл», – деді судья С.Викторенко.

Өзегін өрттей жалмаған ар азабы оны қатерлі ісікке душар етті. Қас-қағым сәтте бір адамды ажал шеңгелінен құтқарып алып, келесісін оп-оңай өлімге қия салған жас ару ауыр дерттен құрдымға құлдырап барып тұрып кетті ме, құлап тынды ма, кім білсін?

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp