«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АР МЕН АЖАЛ

(“Солтүстік Қазақстан” газеті,

9 ақпан 2017 жыл)

Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда жан түршігерлік қылмыс жасаған кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп мүлде ойламаппын. “Солтүстік Қазақстан” газетінде жарық көрген “Ар мен ажал” деген мақаланы оқып, жағамды ұстап отырмын. “Сұмдық-ай” дегеннен басқа аузыма сөз түсер емес.

Жарты ғасырға жуық уақыт прокуратура саласында қызмет істедім. Ол уақытта да өмір болған соң түрлі қылмыстар орын алып жататын. Бірақ құқық қорғау органының “бармақ басты, көз қысты” әрекеттерге жол бергенін көрмеп едім. Заңның үстемдік құруына мүдделі болудың орнына полиция, прокуратура, тіпті, адвокаттың он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың “ащы өліміне” бейжай қарағаны жанымды ауыртып отыр.

Өрімдей қызды өлімге итермелеген оқиғаны жылы жауып қойған құзырлы органдардың қылығын түсіне алар емеспін. Мақаладан ұққаным аудан прокуроры, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы бұл оқиғада қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылғанын алға тартып отыр. Сонда кінәлі адам зорлау фактісі бойынша ғана жазасын алған, ал жасөспірімді суицидке мәжбүрлегендер сүттен ақ, судан таза кейіп танытып, бүгінгі күні тайраңдап жүр. Тіпті, қылмыскердің адвокаты өз қорғаушысына 13 жыл жаза кесілгенін құптамай, жоғары инстанцияға шағым беріпті. Мұндайлар жазасыз қалмауға тиіс. Қазақта “Қолыңмен жасағанды мойныңмен көтер” деген сөз бар. Қылмыскерді адам деп айтуға аузым бармайды, ол бір азғын екен. Өте ауыр қылмыс жасаған адамнан мұндайда жақындары да теріс айналуы керек еді ғой. Бірақ оны жақтаушылар табылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын дегендей сыңай танытқандары ақылға симайды.

Адам өмірін ойыншыққа айналдыру барып тұрған бассыздық емес пе?! Соның кесірінен өрімдей баланың өмірі қиылды. Бұл шаңырағында қыз өсіріп отырған ата-ана үшін де, ұстаздарға да, тіпті, бүкіл халыққа сабақ болса екен. Бала – ата-анаға Алланың берген үлкен сыйы, өмірінің жалғасы. “Көзімнің қарашығы” деп өсірген баласын әлдебіреулер мазаққа айналдырса, әке-шешенің жарық күні түнге айналады ғой.

Шындыққа қол жеткізу үшін күресу керек. Әлде өз пайдасын күйттеген қаскөйлер ауыл адамдарының аңқаулығын, заңды жетік білмейтіндігін пайдаланып отыр ма?! Обал-ай, қыршыннан қиылған ғұмырдың өтеуін кімнен сұраймыз.

Заң қызметкерлерінің де қарындастары, қыздары бар шығар? Егер өз жақындары осындай қиындыққа тап болса, әлгі погон таққандар қылмыскерді су түбіне дейін жіберуден тайынбас еді. Ендеше, жәбірленушінің жайын неге ойламады. Ол да біреудің мәпелеп өсіріп отырған баласы емес пе. Меніңше, құзырлы орган қызметкерлері “басы ауырмастың қасында балтыры сыздамас” дегендей пиғыл танытқан. “Біреуге мал, біреуге жан қайғы” деп осындайда айтатын шығар.

Ең сорақысы, қорғаушы бейкүнә сәбиді айналасындағыларға жеккөрінішті қылып көрсету үшін өсек-аяңға жол беріп, жала жапқан, қолынан келгенше қаралаған. Шындықты өтірікпен бүркемелеуге адами қасиеттерден жұрдай жандар ғана баратыны айдан анық. Мұндай қорғаушыдан не қайыр, не үміт.

Жәбірленуші егер дұшпандары ойлағандай жаман бала болса, мұндай масқараға мән де бермес еді ғой. Арын ажалмен арашалап алған марқұмның жанын маңайындағылардың түсінбегені, өкінішті-ақ. Қызғалдақ гүлдей ғана ғұмыр кешкен жасөспірім күйзелісін жанында жүргендер түсіне алмағанын көргенде, жаралы жаны тіпті ауырды ғой.

Абыз жасқа келген шағымда қолыма қалам алып, бір отбасына бақытсыздық әкелген оқиғаға бекерден-бекер үн қосып отырған жоқпын. Сөзімді естір құлақ табылып, жас қыздың өліміне кінәлі жандар өз жазасын алса екен деген өтінішімді құзырлы органдар жеріне жеткізіп, зерделейтін шығар деп ойлаймын.

Сапар ДҮЙСЕНОВ,

еңбек ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp