
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жазушы, сыншы, аудармашы, қоғам қайраткері Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Айтулы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған конференцияға жергілікті ғалымдар мен Алматы, Қарағанды қалаларынан келген қонақтар қатысты. Жиынды жүргізген М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ибраева руханияттың дамуына сүбелі үлес қосқан марғасқаларды ұлықтау – абыройлы парыз дей келе, ұлты неміс болса да, қазақ үшін қам жеген қабырғалы қаламгер халқымыздың мақтанышы екенін жеткізді.
Конференцияда сөз алған осы білім ордасының Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов немістердің өңірімізге жер аударылу тарихына қатысты баяндама жасады.
– Депортация кезеңінде немістер Кеңес одағының құрамында болған барлық мемлекеттер аумағында өмір сүрді. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне көшіп келген этностарды жатсынбай, бір үзім нанымен бөліскен жергілікті тұрғындардың қамқорлығы жайлы Герольд Бельгердің шығармаларында аз кездеспейді, – дей келе Нұрболат Әскерұлы біздің өңірге 1941 жылы жер аударылған жазушының балалық шағы қазақ ауылында өткенін айтты. Ал Алматы қаласынан келген “Wiedergeburt” неміс қоғамдық бірлестігі қауымдастығының төрағасы Александр Дедерер “Герольд Бельгер – халықтың ары” деген тақырыпта баяндама жасады. Ол адамгершілік қасиетті жоғары ұс-таған қоғам қайраткерінің қазақ руханиятының дамуына елеулі үлес қосқанын тілге тиек етіп, жерлесіміздің артына қалдырған бай әдеби мұрасы жалпыға ортақ құндылық екенін атап өтті. Баяндама барысында бірнеше тілді жетік білген қаламгердің өнегелі өмірі кейінгі буынға үлгі болуы тиіс екені де айтылды. Ал Қазақстан Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Евгения Чиликова Герольд Бельгердің жеке қорына тоқталды.
– Қазақстан Президенті Мұрағатында жазушының қолжазбалары сақталған. Оның эпистолярлық мұрасы бай. Көптеген хаттары қорда сақтаулы тұр. Олармен зерттеушілер таныса алады. Қоғам қайраткерінің құжаттары мұрағатқа үш кезең бойынша тапсырылды. 1884-2015 жылдар аралығында жинақталған құжаттардың алғашқы легі 1999 жылы қорға түсті. Қолтаңбасы қойылған кітаптары да бар, – деді Евгения Чиликова. Тіл және әдебиет институты директорының оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Ботагөз Тауғұдретова жазушының еңбектеріне жан-жақты тоқталып, ол ауыл адамдары мен қазақ халқының тағдырын шығармаларына арқау еткенін айтты. Шарада өзге де баяндамашылар сөз алып, кең жүректі жазушының артына қалдырған шығармашылық мұрасы жайлы ой қозғады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.