“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі қарсаңында елордадағы қоғамық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларынан құралған жасақ өз міндеттерін орындауға бірден кірісіп кетті.
Олар үш аптаның ішінде астаналық тәртіп сақшыларымен бірге жұмыс істеп, кәсіби біліктіліктерін көрсетіп те үлгерген. Жангелді көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысында “Мерседес-Бенц” маркалы көлік мінген 22 жастағы елорда тұрғынын тоқтатып, алты грамм гашиш тәркілеген де солар. Бұл істе полиция аға лейтенанты Әділ Исманов ерекше көзге түсті.
Ал полиция аға лейтенанты Абай Сағындықов “Ырғыз-221” экипажының құрамында Астана қаласының ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірге “Рахат” сауда үйінде есірткіге қатысы бар астаналық азаматты ұстауға көмектесіпті. Тексеріс барысында одан 1,7 грамнан артық героин табылған. Облыстық ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальонының полицейі Әділ Шаимов елордалық әріптесімен бірге көпқабатты үйлердің бірінің ауласында ұялы телефон ұрлаған қылмыскерді ұстады.