«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АСАУҒА — ТҰСАУ”

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Асауға – тұсау” спектаклінің премьерасы болып өтті.

Қойылымға бай-бағлан, сол заманғы көпес-саудагердің тұрмыс-тіршілігі және оның екі бойжеткен қызын айттыра келген жігіттердің іс-әрекеті арқау болған.

Басты рөлдердің бірін сомдаған Татьяна Фомиченконың өнеріне көрермендер зор қошемет көрсетті. Себебі, актрисаның театр сахнасында жүргеніне тура 20 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол жетпістен астам спектакльде ойнаған. Соның елуінде басты рөлді сомдаған өнер иесі өзінің бүгінгі қойылым барысындағы көңіл-күйін жасырмады.

– Әрине, өте қобалжыдым. Мен үшін өте жауапты кеш болды. Бұл – Шекспирдің ұлы шығармаларының бірі. Басты рөлдегі Катаринаны сомдауда актерлік жағынан да, физикалық тұрғыдан да қиыншылықтар болған жоқ. Өйткені, асау мінез өзімнің бойымда бар. Сахнадағыдай жігіттерді жамбасқа алып ұру сынды әрекеттерді жасадым. Спектакль сүйгеніңді сыйлап, оны әрқашан қолдай білуді үйретеді, – деді актриса Татьяна Фомиченко.

“Асауға – тұсау” спектаклінде жиырма бес актер өнер көрсетті. Заманауи үлгіде қойылған спектакль комедиялық оқиғаларға толы. Өр мінезді Петручио қиқар Катаринаны баурап, әзіл арқылы тентектігін жеңеді. Катарина тұрмысқа шыққан соң сіңілісі Бьянкаға сөз салушылар көбейіп, әкесі Баптиста екінші қызын да ұзатады

– Бүгінгі “Асауға – тұсау” спектаклінің мағынасы көрермендерге анық жетуі үшін әуендер мен би, хореографияны қостық. Қызықты шығуы үшін қалжың мен түрлі декорацияларды ойластырдық. Іс-қимылдарды да ширақ жасауға тура келді. Көрермен көңілінен шықты деген ойдамыз, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас.

Кеш соңында жиылған қонақтар Татьяна Фомиченкоға құшақ-құшақ гүл сыйлады.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp