
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңін өткізді. Жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаты – есірткі мен психотроптық заттардың заңды айналымын бақылау. 5 күн бойы полицейлер медициналық және фармацевтикалық мекемелерде құрамында есірткі құралдары бар препараттарды сақтау, сатып алу және жою ережелерінің қаншалықты қатаң сақталғанын тексерді. Бұл салада бұзушылықтар анықталған жоқ.
Профилактикалық іс-шара шеңберінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің қызметкерлері М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Қарақоға» шекарабекетінде аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасы фактісін анықтады. 1967 жылы туған Ресей азаматы «Toyota Land Сruiser» автомашинасында 397,35 грамм гашишті шекара арқылы өткізбекші болған. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабындағы «Контрабанда» бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 15 жылдан 20 жылғадейін бас бостандығынан айыруды немесе мүлікті тәркілеумен өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді. Қазіргі уақытта ол есірткілік масаң күйде рөлде отыруына байланысты 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар іс-шара аясында 3 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, барлығы 538,76 грамм есірткі, оның ішінде гашиш, марихуана және көкнәр сабағы тәркіленді.