Қарт тарих куә – былайғы жұрт байыбына барып, бағалай қоймағанмен, адамзатқа төніп тұрған қауіп қай кезде де аз болмаған. Солардың салдарынан көне замандардан бері әлемде неше түрлі дағдарыстар орын алғанын білеміз. Бұл орайда, “Жау жоқ деме – жар астында” дегендей, өзіміз өмір сүріп отырған XXI ғасырдың да тосын “сыйлары” аз болмайтын сияқты. Мәселен, ғалымдар біраз уақыттан бері әлемге төнген осындай сын қауіп-қатерлердің қатарында жұқпалы ауруларды да атап келген еді. Енді, міне, сол болжам бір-ақ күнде шындыққа айналды.
Уыты өткен жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус індеті аз ғана уақыттың ішінде төрт құрлықты түгел шарлап, қазірдің өзінде он мыңдаған адамның өмірін жалмап кетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Бірлесе білген ел бәрін жеңеді” атты мақаласында (08 сәуір 2020 ж.): “Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады… Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр” деп жазғанындай, мына індеттің беті қатты, салдары да жеңіл болмайтын сияқты.
Бүгінде күн сайын дерлік коронавирус індетінің зардабы жайлы дабыл қағып жатқан мемлекет, қоғам қайраткерлері, түрлі деңгейдегі сарапшылар, ғалымдар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиындықтарды еске алуда. Иә, ол да ел басына күн туған, “ханға” да, қараға да сын болған кез еді. Сәл шегініс жасасақ, нақ сол кезде он бес республиканы жетпіс жыл бойы ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып мемлекет – Кеңестер одағының шаңырағы ортасына түсіп, ондаған жылдар бойы қалыптасқан саяси, экономикалық, рухани байланыстардың быт-шыты шыққан-ды. Осылай коммунизм елесінің жұртында қалғандай күй кешкеніміз ұмытыла қойған жоқ.
Қалам ұстап, журналистер қатарында жүргеннен кейін қарап отыра алмадық, көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді халыққа жеткізуге тырыстық. “Иә, дәл бүгін ауылда шекесі шылқып отырған ешкім жоқ, нарық әкелген қиындықтар көше-көшені бойлап, қақпаларды кезек-кезек қағып келеді. Бұл бір түсініксіз заман болды: маңдай тер еңбекақыңды айлап ала алмайсың, алаңсыз қарттығымды қамтамасыз етем деп өмір бойы бел шешіп, тізе бүкпеген зейнеткерлердің де қолына көк тиын тиіп жатқан жоқ… Нарықтың торына түскен халықтың не нәрседен болсын қолы байланып отыр” деп жазыппын, “Ауылдастарыма ашық хат” деген мақаламда (“Солтүстік Қазақстан”, 11 наурыз 1995 ж.).
Ол кезде бай да жоқ, кедей де жоқ. Кеңшар, ұжымшар деп аталатын ортақ “өгіз” өліп, жыртық астауды жағалап қалған жұрт қайда барарын білмей қысылғанмен, баяғы үкімет асырайды деген пиғылдан арыла алмай әуре-сарсаңға түскен. Жағдайдың жуыр маңда оңала қоймайтынын байқағаннан кейін жерлестеріме іле тағы бір жанайқамды жеткіздім. (“Самарқаудың соры қалың”, “Солтүстік Қазақстан”, 30 сәуір 1995 ж.) Нарық деген алпауыттың ешкімді аямайтынын, дәл бүгін оның алдында үкімет те дәрменсіздік танытып отырғанын, елде берекесіздік белең алып бара жатқанын, құдайдан да, заңнан да қорықпайтындардың қаптап кеткенін айттым. Кейбір басшылар мен мамандар жаңа экономикалық қатынастардың түпкі мақсатын түсіне алмай, ашықауыздық танытса, жауапкершіліктен жұрдай болған енді біреулері есеп-қисаптың, бақылаудың әлсірегенін, “Әй”-дер әже, “қой” – дер қожаның” жоқтығын пайдаланып, халықтың ондаған жылдар бойы тырнақтап жинаған игілігін оңды-солды шашып, қойны-қонышын толтырып жатқандарын да жасырған жоқпын.
Әңгіменің түйініне келсек, мақсатымыз – біреулерді қаралау емес, осындай жағдайда үкімет бізді асырайды деп қол қусырып қарап отыру дұрыс па, не істейміз, қайтсек жағадан алып, аяқтан шалып жатқан қиындықтардың бетін қайтарып, еңсемізді қалай тіктей аламыз? деген сауалдарға жауап іздеу, шарасыздыққа салынып, қайыршылықтың қамытын киюге шақ қалған халыққа ой салу, елдегі жағдайдың күрт өзгергенін түсіндіру еді.
Содан бері де отыз жылдай уақыт артта қалды. Еліміз өсіп, өркендеп, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Дәл қазір тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолымыздың жарқын сәттерін тізбелеуді жөн көріп отырған жоқпын. Оны, сірә да, қағаз беті көтере қоймас. Сөз жоқ, өзіміз айтып, жазып жүргендей, еліміздің көксеңгір аспанында тәуелсіздік туы желбірегеннен бері біз ғасырға пара-пар жолдан өттік. Десек те, бүкіл дүниежүзін дүрліктірген мына нәубет кімге де болсын оңай соқпайтынына, оның қиындықтарының жоғарыда сөз еткен 90-шы жылдардың ауыртпалықтарын жүз емес, мың есе орап алатынына қазірдің өзінде көз жетіп отыр. Әрлі-бергі тарихта жойқын деген соғыстың өзі адамзатқа мұндай кесапат әкелмеген шығар?!
Әлемді жайлаған жұқпалы дерттің Қазақстанды да орап өтпейтіні бесенеден белгілі еді. Мемлекет басшысы осыны ескеріп елімізде төтенше жағдай жариялады. Іле карантин режімі енгізіліп, өңір-өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осылай қаннен қаперсіз өз елімізді былай қойғанда, бүкіл әлемді шарлап кеткен отандастарымыз әп-сәтте үрей құшағына беріліп, жаһандық сипат алған дертпен үйде отырып күресуге мәжбүр болды.
Үмітімізді үкілеп өскен халықпыз ғой, “Жә, сары уайымға салына бермейік. Бұл дерттің де емі табылар, беті қайтар. Күндердің күнінде қалыпты тіршілігімізге де көшерміз” дегім-ақ келеді. Бірақ, “Тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы”деген бабалар сөзі де көңілімде сайрап тұр. Шыны сол, бұл – біздің ғана басымызға үйірілген нәубет емес, ғаламдық қасірет.
Әрине, мемлекет қазіргідей қиын кезеңде елдің болашағы, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, жұқпалы дерттің елге тигізетін зиянды әсерлерін мүмкіндігінше азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты жасаған мәлімдемесінде (27.04.2020 ж.) мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайтынын, бүгінгі күнге дейін 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетіліп, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылғанын, жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарланып отырылғанын, 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалғанын, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін барлығы 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін атап көрсетті.
Егер Қазақстанның осыған дейін экономикада қол жеткізген толымды табыстары мен Ұлттық қоры болмаса, басқаларға алақан жайып, жетім баладай жаутаңдап қалуы ғажап емес еді. Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамыз, әзірше басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан сағымыз сынып, жігеріміз жаситындай халге түсе қойған жоқпыз. Бірақ, алда бізді халқымыз бұрын-соңды бастан кешпеген қиындықтар күтіп тұрғаны ақиқат. Мемлекет басшысы өзінің мәлімдемесінде бұл жайды астарлап болса да жеткізді. “Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы ойларды одан әрі тарқатар болсақ, біраз жайларға көз жеткіземіз. Біріншіден, осы індетті қашан толық тізгіндейтініміз белгісіз. Қолда бар деректерді талдаған Сингапурдегі технологиялар және дизайн университетінің (SUTD) зерттеушілері Ресейде вирустың таралуы 20 шілдеде, АҚШ-та, Германия мен Францияда, Ұлыбританияда тамыз айында тұрақтанады деп отыр. Ауыздарына май десек те, бұл болжам ғана. Бұлар – басқаларға қарағанда мүмкіндігі мол дамыған елдер. Ал осы індеттің шеңгеліне іліккен қалған 200 шақты елдің жағдай не болмақ? Дәл қазір оны ешкім дөп басып айта алмайды.
Пандемияның кесірінен жаһанда жұмыссыздар саны өсіп барады. Мәселен, сарапшылар АҚШ-та табысынан айырылған адамдар ұлы депрессия кезіндегі деңгейге жетуі мүмкін дейді. Карантин кезеңінде 26 миллион АҚШ азаматы табысынан айырылса, соңғы аптада ғана мұнда жұмыссыздар қатарына тағы 4,5 миллион адам қосылған.
Біздің елімізде де қазірдің өзінде құлдырап кеткен өндіріс көлемі індеттің беті қайтқаннан кейін тез арада өз арнасына түседі, қалыпты тіршілігіміз жалғасады десек, қателесеміз. Баршаға белгілі – тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған негізгі сала – шағын және орта бизнес. Экономиканың күретамыры саналатын да осы жеке кәсіпкерлік. Төтенше жағдай кезінде көптеген жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелер жұмысын тоқтатқандықтан, қызметкерлер жұмыссыз қалды. Енді осыған дейін өз ісін дөңгелетіп, талайлардың нәпақасын табуына, бала-шағаларын тарықтырмауына көмектесіп келген кәсіп иелерінің өздері де тығырыққа тіреліп, тұйықтан шығудың жолын таба алмай дал болып отыр.
Осындай дағдарыстың аяғы неге әкеліп соқтыруы мүмкін? Оған жауап беру үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Біздің елімізде де көптеген адамдар кәсібінен, жұмысынан айырылады, табыссыз қалады. Сөз жоқ, бюджеттің бүйірі ортаяды. Демек, күндердің күнінде осы бюджетке қарап отырғандардың да еңбекақысын немесе зейнетақысын уақытында ала алмай түрлі қиындықтарға тап болулары ғажап емес. Ертеректе осындай қысылған кезде сырттан көмек, қарыз іздесек, коронавирус оның да жолын жапты. Осылай, еліміз, сол сияқты әрбір тұрғын қиындықтармен бетпе-бет қалып отыр. Сонда не істейміз? Алдымен, әр адам қалыптасқан жағдайдың аса күрделі екенін, өзінің отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына жауапты екенін сезініп, қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Үкімет көмектеседі, 42500 теңге бар мәселемізді шешеді деп, масылдық пиғылдан арылмасақ, көп нәрседен ұтыламыз, жағдайымызды бұрынғыдан да қиындата түсеміз.
Бүгінгі таңда билік басындағылардың басты міндеті – ең алдымен экономикадағы жағдайды неғұрлым қысқамерзімде тұрақтандыру, сөйтіп, елді, тәуелсіздікті сақтап қалу. Ал қалғанымыз шамамыз келгенше, қиындықтардан шығудың жолдарын қарастыруымыз, мемлекетті нақты ісімізбен қолдауымыз керек.
Оның жолы қандай десек, біз бір ғана еңбекте екенін көріп отырмыз. Әсіресе, дүйім елді бұл тығырықтан алып шығуға ауылдағы ағайын-жұрттың қосар үлесі көп болуы керек. Қазір қыраулы қыс мезгілі емес, жердің тоңы жіпсіген көктем айы. Халқымыз: “Көктемнің бір күні жылға азық” деп бекерге айтпаған. Соны пайдаланып ауылдағы ағайын, әр тұрғын бос отырмай есік алдындағы жерлеріне картоп, қызанақ, орамжапырақ сияқты көкөністер ексе жөні сол емес пе? Осындай игі істерге кеудесінде жаны бар адамның бәрі жұмылуы керек.
Бұрынырақта да жазған едім, мен қалада тұрып жатсам да, ауылмен байланысымды үзген адам емеспін. Жылдың төрт мезгілінде де ауылға шығып тұрамын. Сонда байқайтыным, ауылда табыс көзін молайтудың мүмкіндіктері ұшан-теңіз. Түгін тартсаң, майы шығатын қаншама жер пайдаланылмай жатыр. Кейбіреулер көкөністі былай қойғанда, “екінші нан” саналатын картоп өсіруді де ұмытқан. Жасыратыны жоқ, ауылда тұрып жатқандардың көпшілігі мал өсірумен айналысады. Ал соның өнімін ұқсатып, құрт-май жеп, қымыз ішіп, рақатын көріп отырғандар шамалы. Ауылда бір қора мал ұстайтын кейбіреулердің сиырларын суалтып жіберіп, сүтті дүкеннен сатып алатынына не дерсің?! Мал баққан ағайынның аузынан ақ май ағып отыруы керек қой. Жоқ, әлі де қара шайға қарап қалғандар, қара нанмен өзек жалғап отырғандар көп.
Баяғы самарқаулық, шаруаға икемсіздік, желкеге мінген жалқаулық. Екі қолға бір күрек ұстамай, бардың қадіріне жете алмай, “жібекті жүн” қылу. Ауылға барсаң, алдыңды қара мысықша кес-кестейтін өзекті мәселелер осылар. Жоғары жаққа қарап ауыз аша беру, “анау неге жоқ?, “мынау неге жоқ?” деген сияқты сансыз сауалдар ғана халықтың ми қатпарларына мықтап сіңіп алған. Тәуелсіздік алғанымызға, елімізде меншіктің сан алуан түрі қалыптасқанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де, сол кеселден әлі арыла алмай келеміз. Ұлы Абай: “Есектің артын жусаң да мал тап” демеп пе еді?! Бүгінгілер мұны неге ескермейді?
Дүниежүзінде айтарлықтай жетістікке жеткен ірі бизнесмендердің, ғалымдар мен ойшылдардың өмірдариясын парақтайтын болсақ, олардың аз ұйықтап, көп жұмыс істегенін аңғарамыз. Осындай маңдай терімен несібесін молайтқан іскер жандар біздің өңірімізде де аз болмаған. Солардың бірі өткен ғасырдың басында өмір сүрген Әлти Көкенұлы шаруаға өте мығым болып, астық та егіп, мал да өсіріп, сауда да қылып, қазақтан шыққан алғашқы миллионер атанған. Ол туралы атақты жазушы Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” кітабында “Миллионердің ауылында” деген арнайы тарау да бар.
Сәбеңнің жазуынша, Қорған қаласында банк ұстаған төрт миллионердің бірі бола тұра Әлти Көкенұлы екі мыңдай жылқы, сонымен бірге күніне үш шелек сүт беретін немістің қызылқасқа “швиц” сиырын өсірумен айналысқан, меншігіндегі көлдерге балықтың неше түрін жіберіп, оны да пайда көзіне айналдырған. Марқұм айналасындағы өзіне алақан жайған жарлы-жақыбайларға көп көмектескен екен. Қол ұшын созып қана қоймай қорасынан мал беріп, мал ұстаудың, картоп егудің қыр-сырына баулыған. Сөйтіп, өзін де, ел-жұртын да талай жұттан аман алып шыққан.
Қазір “алма піс, аузыма түс” деп аспанға түкіріп жататын уақыт емес. Керісінше ел басына төнген қара бұлтты еңбекпен, бірлікпен, жұмыла көтерумен сейілтетін сындарлы сәт туды. Олай болса, әркім жағдайдың қиындығын түсініп, осы бастан қам жасауы, өзіне ғана сеніп, өзгеге масыл болмаудың жайын ойлауы керек. Қазіргідей құбылмалы заманда үкіметке алақан жая беруге болмайды. Оның да мүмкіндігі шексіз емес. Ұлттық қор да сарқылуы мүмкін. Індетке байланысты жұмысын тоқтатқан көптеген кәсіпорындар қайта ашылып, ісін дөңгелетіп әкетсе игі. Оған уақыт керек. Жасыратыны жоқ, бізде қай сала болмасын шетелге тәуелді. Дәл қазір олардың да жағдайы оңып жатқан жоқ. Коронавирус індетінен туындайтын қиындықтардан бұл елдер де сескеніп отыр. Ғаламдастыру заманында ел мен елдің арасындағы қарым-қатынастың, алыс-берістің үзілуі бүкіл әлем мемлекеттерін тұйыққа тіреп отыр десек қателеспейміз.
Дағдарыстан шығудың оңай жолын көріп отырған ешкім жоқ. Ұйқылы-ояу жүріп көштен қалып коймайық. Мұндай жағдайда есті тез жиып, уақыттың талабына сай қарекет жасамасаң, ұтыласың. Осы арада бір айта кететін жағдай, біздің халқымыз ұйқысынан әлі оянар емес. Олар әлі де Үкіметке, жоғары жақтағыларға сеніп отыр. Елдегі жағдайдың күрт өзгергенін де түсінбейді. Тұйықтан шығу жолдарын іздестіріп, басын қатырғысы да жоқ.
Өткен тарихқа көз тастасақ, “мың өліп, мың тірілген” халқымыз басынан түрлі қасіретті нәубеттерді өткізгенін аңғарамыз. Қолдан жасалған аштықта, саяси қуғын-сүргінде, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың бас көтерер игі жақсылары қойдай қырылса да ұлтымыз жігерін жасытқан жоқ. Соқтықпалы соқпақты жолмен азаттықтың арайлы таңына аман жетті. Бүгін сол құндылықтарымыздың бәрі таразы басына тартылып отыр. “Арбам сынды деп көштен қалма, басым ауырды деп істен қалма” деген бабаларымыз, осындай қысылтаяң сәтте арқамызды кеңге салып, бәрін Үкімет реттейді деп уақыттан ұтылып қалмайық, өмірдің мәні, Отанға қызмет етудің үлгісі жан аямай еңбек ету екенін түсінейік. “Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер” дегендей, ортақ мақсатқа жету үшін не нәрсеге болсын, төзімділік танытып, ерік-жігерімізді жанып, бел шешіп, тізе бүкпей еңбек етейік. Бізде басқа таңдау жоқ.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.