Тайынша ауданының тұрғыны Анатолий Габченко ұзақ жылдар бойы көненің көзіндей байырғы заттарды жинаумен айналысып келеді. Оның жеке қорында бүгінгі таңда он шақты ескі көлік, жүздеген монета мен өткен ғасырдағы тұрмыстық құрал-жабдық бар.
Анатолий Габченконың ауласына жинап қойған техникалардың барлығы 1940 жылдан бастап 1970 жылдар аралығында шығарылған. Арасында 1944 жылы құрастырылған “Москвич” көлігі де бар. Әзірге бұл көліктердің ішіндегі ең ескісі.
Көне заттарға аса қызығушылықпен қарайтын Анатолий Габченко көліктерінің қатарынан ерекше орын алған сары түсті темір тұлпарының нақты қай жылғы екенін білмейді. Ол істен шыққан жарамсыз көлікті 1974 жылы Щучинск қаласынан сатып алып жөндеген.
Оның ендігі арманы – соғыс кезінде пайдаланылған “ГАЗ-678” көлігін қалыпқа келтіру. Оның біраз бөлшегін жинаған зейнеткер жақында қаңқасын Степняк қаласынан арнайы алып келген екен.
Өзіне ұнайтын жұмыспен айналысатын ол әр дүниесіне мұқият қарайды.
– Жыл сайын 9 мамырда Анатолий Габченконың көмегімен көне көліктердің шағын автошеруін ұйымдастырып тұрамыз. Қарт коллекционер енді осы бір ашық аспан астындағы көрмесі негізінде музей ұйымдастырғысы келеді. Сол үшін де ол қазір барлық бұйымдарды қалыпқа келтіріп жатыр, – дейді Келлеровка ауылының әкімі Ержан Жұмабаев.
Көліктермен қатар қарт ескі сағаттар, үтіктер мен өткен ғасырға тиесілі басқа да бұйымдарды жинайды. Өткенді еске салатын мұндай тамаша заттарға үлкендермен қатар балалар да қызыға қарап, өз таңданыстарын жасырмайды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.