«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІ МЕН ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері мен БАҚ өкілдерін қабылдап, жыл қорытындысына орай арнайы сыйлықтар табыс етті.

Салтанатты рәсімде Ерік Хамзаұлы 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып белгіленгенін, соған орай еліміздің тәуелсіздігін, ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге солтүстікқазақстандықтар да қомақты үлес қосып жүргендігін айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің шешімімен марапатталған Ғ.Мүсірепов атындағы аудан мәслихатының депутаты, ҚХА депутаттық тобының мүшесі Ирина Гроотқа, “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” РҚБ облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырманға, Петр-Павел шіркеуінің басшысы, протоиерей Сергей Снопковқа Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалін табыс етті.

Биыл 1 тамыздан 15 желтоқсанға дейін жылдағы дәстүр бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының өзекті мәселелерін айшықты көрсетуге арналған байқау өткізілді. Оған облыстың, республиканың баспасөз және электронды БАҚ-тарының, баспасөз қызметтерінің, Интернет сайттарының 49 журналисі қатысты.

Ерік Сұлтанов “Облыс экономикасындағы оң өзгерістерді көрсету”, “Өңірдегі мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру”, “Объективте – Солтүстік Қазақстан”, “Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекетке арналған тақырыпты үздік көрсету” аталымдары бойынша үздік деп танылған БАҚ өкілдерін өңір басшысының дипломымен және ақшалай сыйлығымен марапаттады. Олардың арасында “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің аға тілшісі Ләйла Жанысова мен фототілшісі Талғат Тәнібаев, “Қазақ радиосының” меншікті тілшісі Ербақыт Амантай, “Астана” телеарнасының меншікті тілшісі Абзал Құрманкин, облыстық “Северный Казахстан” газетінің шолушысы Марат Ермұқанов, “Тайынша таңы” газетінің бас редакторы Гүл Нұралина және басқалар бар.

Облыс әкімі жаңа жылда Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүкіл еліміз Қазақ хандығының – 550, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың – 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдықтарын атап өтетіндігін, оны өз дәрежесінде көрсетуге БАҚ өкілдеріне ерекше сенім артылатындығын баса айтып, журналистер қауымына толағай табыс тіледі.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

  Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp