«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АССОРТИІМЕН” АТАҚТЫ

Той-томалақсыз отырмайтын қалалықтардың жөн-жоралғы үшін іздеп жүріп алатын тауарларының бірі – әсем безендірілген, жылтыр қорапты “Ассорти” кондитер бұйымдары. Ол алып жүруге де ыңғайлы, сый-сияпат жасауға да қолайлы. Пірәндіктер мен печеньелердің бірнеше түрінен, түрлі түсті балқытылған кәмпиттердің жиынтығынан құралып, салмағына қарай фирмалық қораптарға салынған тәтті тағамдардың “Бензострой” шағынауданындағы “Петропавл-Кондитер” ЖШС-де шығарылатындығына тұтынушылар аса назар аудара бермейді.

Аталмыш “Петропавл-Кондитер” ЖШС 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Фабрика М.Әуезов көшесі, 291 мекенжайындағы үшқабатты ғимаратқа орналасқан. Серіктестік директоры Евгений Шевелевтің айтуына қарағанда, өндіріс цехтары жабдықталған ғимараттың жалпы аумағы – 2 мың шаршы метрдей, орамымен қоса ептегенде 1 гектардай жерге орналасқан.  

Кәсіпорын басшысы Евгений Владимирович жоғары білімі бойынша физика пәнінің мұғалімі болғанымен, еліміз егемендік алғаннан бері ұстаздықты қойып, отбасы жағдайына байланысты сауда-саттықпен айналыса бастаған. Сөйтіп, жеке кәсіпорын ашуға қор жинаған. Шағын және орта бизнеске Елбасы тапсырмасымен Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіле бастаған кезде М.Әуезов көшесінен Бензострой шағынауданына бұрылар жердегі бос тұрған ғимаратта өз кәсібін қолға алған. Оған да 10 жыл уақыт болып қалыпты. Содан бері ғимараттың екі қабатына кондитер бұйымдарын өндіруге қажетті италиялық, ресейлік және отандық заманауи компьютерлермен басқарылатын құрал-жабдықтар орнатыпты. Соның арқасында қаттама бұйымдар, кондитерлік тағамдар, пірәндік, дәмделген печенье, түрлі түсті балқытылған кәмпит өндіру, пісіру-балқыту цехтары жабдықталды.

Фабрикада 70 адам тұрақты еңбек етеді, оның 70 пайызы – әйелдер.

Өндіріс орнында кондитерлік бұйымдардың сапасына ерекше назар аударылады.

– Біз пірәндік әзірлеумен дәстүрлі түрде айналысқан ежелгі орыс шеберлерінің рецептерін негізге алып, кондитерлік бұйымдарымызға дәмі жағынан қазақстандық тұтынушылардың талғамын қанағаттандыратындай өзіндік өзгеріс және жаңалық енгіздік. Сондықтан біздің өнімімізді еліміздің барлық өңірлері Самараның атақты, Туланың дәстүрлі пірәндіктеріндей жақсы қабылдайды және іздеп жүріп, сатып алады, – дейді Евгений Шевелев.

Бас технолог Светлана Масаеваның айтуынша, пірәндіктің негізін Тимирязев ауданындағы Ақсуат ауылында, Есіл ауданындағы “Егін” ЖШС-де өндірілетін ұнның үздік сұрыптары құрайды. Сонымен бірге қара бидай ұны да пайдаланылады. Хош иістендіргіштердің құрамына имбирь, кардамон, ақ, қара, хош иісті бұрыш, корица сияқты табиғи, таза ингредиенттер кіреді. Жасанды қоспалар мүлдем қолданылмайды. Пірәндікке қосылатын повидло – Беларусь пен Ресейдікі, микроэлементтерге бай кептірілген өрік пен жаңғақ – Өзбекстандікі, қара өрік – Чилидікі, мейіз – Ауғанстандікі. Бұлар – сапалы өнім алу үшін қолданылатын шикізаттар.

– Кәсіпорынның өзіндік имиджін қалыптастыру үшін шикізатты сатып алғанда өнімдерді әзірлеу және дайын өнімдерді қабылдау кездерінде жүйелі түрде үш сатылы бақылау жүргізіледі. Осы талаптарды қатаң сақтаудың арқасында сапалық көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан “Петропавл-Кондитер” тауарлы белгісімен шығатын өнімдеріміз сауда орындарының сөрелерінде жатып қалмайды, “Ассорти” қорабындағы сан алуан түрлі кондитерлік бұйымдарымыз тұтынушыларымыз үшін сапа өлшемі және элиталық өнім болып табылады, – дейді кәсіпорын басшысы.

Серіктестік Алматы қаласында “ITE Group Plc” және “Itec” компанияларының ұйымдастыруымен өткен “WorldFood Kazakhstan – 2008” үздік тауарлар байқауына “Капелька” балқытылған кәмпитімен, “Самара” пірәндігімен, “Калифорния” кексімен, “Березка” печеньесімен қатысып, комиссия төрағасы, Қазақ тамақ академиясының вице-президенті Юрий Синявскийден, 10-шы кәсіби дегустация ұйымынан жоғары баға алды. Бұл кәсіпорынның алғаш рет алған арнайы дипломдары мен 4 алтын медалі болатын.

Елена Замяткина, Елена Бабықбаева, Оксана Яркова сияқты өз ісінің білгірлері басқаратын цехтарда кондитерлік бұйымдардың жүзден астам түрі шығарылады. Бір айда өндірілетін өнім көлемі 70 тоннаны құрайды, оның 10 пайызы Ресейдің Түмен облысына және Моңғолияға экспортталады.

Кәсіпорын өткен жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша өндіріс орнына дейінгі жолды қалпына келтірді.

– Алдағы уақытта шоколад, орама кәмпиттер шығаратын цех ашсақ па деген ойымыз бар. Сол үшін ғимараттың үшінші қабатын толықтай күрделі жөндеуден өткізіп қойдық. Кәсіпорында еңбек ететіндерге арналған 40 орындық асханамыз да бар. Кешенді түскі тамақтың бағасы 250 теңгеден аспайды. Өндіріс орны арқылы өтетін жолдардың бәріне де асфальт төселген, тек жүргінші жолы ғана жетіспейді. Сонымен бірге Бензострой шағынауданының соңғы аялдамасына М.Әуезов көшесі арқылы қатынайтын жаңа автобус бағыты ашылса, осы көшенің бойындағы “Фрегат”, “Қазмясопродукт”, “Маслодел”, “Мұнаймаш”, “Богатырские продукты”, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” сияқты ЖШС-лерге қатынау жеңілдей түсер еді. “Сенная база” шағынауданынан Бензостройға қатынайтын автобус бағыты мүлдем жоқ, – дейді өз серіктестігіндегі барлық мәселелерді шешуге жете көңіл бөлетін Евгений Шевелев.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp