«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАЛЫҚТАРДЫ ТАМСАНДЫРЫП ҚАЙТТЫ

Астана қаласында өткен отандық тауар өндірушілердің көрмесіне қатысқан петропавлдық “Попова” жеке кәсіпкерлігі олжалы оралды.

Кондитерлік өнім шығаратын ұжымның нарықта жұмыс істегеніне – 14 жыл. Күн сайын орта есеппен 1 тоннаға жуық өнім шығарылады. Қазіргі таңда мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған. “Печенькино” тауар белгісімен шығарылатын кондитерлік өнімдерді енді елордалықтар да тұтынатын болады. Жаңа тапсырыстар мен өтім нарығының кеңеюіне байланысты кондитерлік фирмада қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Олар Астанаға әр апта сайын 2 тоннадан астам өнім жөнелтуді жоспарлауда. Мұндай іскерлік байланыс мамыр айының соңында Астана қаласында өткен көрмеге қатысу барысында орнады. Кәсіпкер аталмыш көрмеге 750 килограмм кондитерлік өнім апарған болатын. Дәмі тіл үйіретін тәтті тағамдар дайындап шығаратын ұжымның өнімдеріне тұтынушылар тарапынан жақсы баға берілді. Нәтижесінде көрменің ұйымдастырушыларынан бір жылға келісімшартқа отыру жөнінде ұсыныс түсті. “Попова” жеке кәсіпкерлігі директорының міндетін атқарушы Светлана Подгорная жақында “Халық маркасы” белгісін алған соң үстіміздегі жылдың 6 шілдесі күні Астана қаласында жәрмеңке-көрмеге қатысуға мүмкіндік болатынын жеткізді.

– “Халық маркасы” белгісі 300 мың теңге тұрады. Көрмеде өз өнімдерімізді жұртшылық назарына ұсыну үшін 12 шаршы метр тегін орын қарастырылған. Бұл – өнімдердің өтім нарығын кеңейтіп, жаңа тұтынушыларды табуға мүмкіндік беретін ауқымды шара, – деді ол.

“Печенькино” кондитерлік өнімдеріне өзге елордалық бизнесмендер тарапынан да қызығушылық байқалуда. Астана қаласынан “Авдувахитов” жеке кәсіпкерлігі де аталмыш ұжыммен келісімшартқа отырмақ. Жыл басынан бері кәсіпкер, шамамен, 20 миллион теңгенің өнімін сатты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp