«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАЛЫҚТАРДЫ ҚУАНТЫП ТАСТАДЫҚ

Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін Астана тұрғындарына биыл бесінші рет ұсынды. Демалыс күндері бас қаланың Орталық алаңында өткен Қызылжар өңірінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келушілер көп болды.

– Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру қарқыны жыл сайын артып келеді. Соның айғағы ретінде бүгінгі күні арнайы тұрғызылған 55 шатырда облыстың 13 ауданының 62 үздік кәсіпорны әкелген 760 тоннадан астам тауар астаналық тұтынушылардың назарына ұсынылып отыр. Оның ішінде 400 тоннадай көкөніс пен жеміс, 60 тонна ет өнімдері бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.

Азық-түлік өнімдері атауының өзі жүз шақты: шұжық (15 тонна), сүт (15 тонна) , макарон (10 тонна), ұн (20 тонна), бал және ара шаруашылығы өнімдері (15 тонна), балық (15 тонна) және басқа да азық-түліктер (220 тонна).  

Тауарлардың Астана қаласының азық-түлік базарларындағы белгіленген бағадан 15-20 пайызға арзан сатылғаны да жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққаны анық.

– Мұндай жәрмеңкелерді өткізу көптен бері дәстүрге айналып келеді. Бұл игілікті шара Қазақстанның астанасы мен еліміздің облыстарын жақындастыра түседі. Солтүстік Қазақстан облысы жылдағыдай көкөністер мен жемістердің, ет-сүт, ұн өнімдерінің бай да сан алуан түрлерін ұсынып отыр. Барлық өнімдер жаңада ғана өндірілгендігімен және сапалылығымен ерекшеленеді. Біз елорда тұтынушыларына өз өнімдерін әкелген облыс басшылары мен еңбеккерлеріне ризашылығымызды білдіреміз, – деді жәрмеңкені аралап, ондағы тауарлармен танысқан Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов.

“Зенченко және К” КС-нің сүт өнімдері саудаланып жатқан шатыр алдында тұтынушылар кезегі көп болды.

– “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің тамаша сүт өнімдерімен жақсы таныспыз. Бағасы да қолжетімді. Оны кезекке тұрғандардың қатары көп екендігі де айтып тұрған жоқ па?– деді зейнеткер Людмила Жарова.

Ет өнімдері, сол сияқты жемістер, ұн, жұмыртқа мен бал да мол сұранысқа ие болды.

– Азық-түлік өнімдері түрлерінің көп болғандығы үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Қызылжар өңірінің өнімдері өзінің сапалылығымен белгілі, әсіресе, ет пен астық өнімдері, – деп атап айтты астаналық Едірес Сапар.

Өңірдің 170 өнерпазы қатысқан концерт те бұл күнгі жәрмеңкенің көрігін қыздыра түсті.

Алаңға тігілген киіз үйлер ауылында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетілді, ал жастар “Алтыбақан” басында өткен ұлттық ойындарға белсене қатысты. Қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкесі де есте қаларлықтай болды. Қызылжар өңірінің қолөнер шеберлері астаналықтарға сурет, кескіндеме, қабықтан, қыштан, полимер балшықтан және әйнектен жасалған сәндік бұйымдарды ұсынды. Жергілікті тұрғындар шебер жасалған астау мен қымыз ішуге арналған ағаш аяқтар сатып алу мүмкіндігіне де ие болды.

Тұтастай алғанда, аталмыш жәрмеңкенің облыстың инвестициялық мәртебесін қалыптастыруға, сол сияқты өңірде жасалған тауарларды әйгілеуге және өңіраралық байланысты нығайтуға оң ықпалы болғаны сөзсіз.

 (Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp