“Астана” құрама командасының велошабандозы Микель Ланда “Джиро д’Италия” велокөпкүндігінде екі мәрте жеңіске жетті.
Аталмыш сында испандық саңлақ Микель Ланда 165 шақырымдық 15-ші кезеңді бірінші болып бағындырды. “Катюша” командасының атынан өнер көрсеткен ресейлік Юрий Трофимов мәре сызығын екінші болып қиса, үздіктер үштігін “Tinkoff-Saxo” командасының шабандозы Альберто Контадор тұйықтады. Ал “Астана” құрамасының капитаны Фабио Ару бұл кезеңде төртінші орынды қанағат тұтты.
Сондай-ақ, Ланда 16-шы кезеңде 174 шақырымдық қашықтықты бірінші болып аяқтады. Екінші орында “LottoNL-Jumbo” клубының мүшесі, голландиялық Стевен Крейсвейк болса, үшінші орында жалпыкомандалық есептің көшбасшысы, испандық Альберто Контадор (“Tinkoff-Saxo”).
(Өз тілшіміз).