«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАҒА САПАР – ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Жаздың жайма-шуақ күндері. Барлық мектептердің оқушылары үш айлық демалысқа шығып, жағаларын кеңге салып жүр. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың арқасында біздің де арманымыз жүзеге асты. Уәлиханов ауданының аз қамтылған және көпбалалы отбасының 12 жеткіншегі жұлдызды қаламыз – Астанада болып қайттық. Екікүндік сапар барысында “Астана-Бәйтерек”, “Ақорда”, “Президент саябағы”, “Хан-Шатыр”, “Қазақ елі” монументі, тағы басқа да сүйікті астанамыздың сәулеті, еліміздің дәулеті болған әсем орындарын араладық.

Сондай-ақ, маған қатты әсер еткен орталықтардың бірі жасанды теңіз әлемі болды. “Думан” ойын-сауық кешенінде орналасқан бұл океанариум – Астанамыздың мақтанышы. Әлемде мұндай кешен он ғана. Оның алтауы – Қытайда, біреуі – АҚШ-та, екеуі – Канар аралдарында. Ал Қазақстандағы ғимарат теңізден 3000 шақырым қашықтықта орналасқандығымен ерекшеленеді. Оған 3 миллион литр су құйылып, 3000 теңіз мекендеушісі мен 100-ден астам әлемнің әр жерінен әкелінген теңіз жәндіктері орналастырылған. Оның 12 аквариум қойылған екі үлкен көрме залы бар. Океанариумда тіршілікті сақтау әрі суды таза және қажетті деңгейде ұстау үшін заманауи құрал-жабдықтар жеткілікті. Оған қажетті тұз Қызыл теңізден әкелінеді.  

Бұл менің Астана қаласына алғашқы сапарым. Маған және басқа балаларға арман болған елордаға саяхат жасау үшін аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлген аудан әкімі Аман Төрегелдинге және билік басындағы басқа ағаларымызға баршамыздың атымыздан алғыс айтқым келеді.

Әсем қаламыз – Астана күннен-күнге гүлденіп, мерейі үстем бола берсін!

Дарын ЕЛМҰРАТ,

Кішкенекөл №1 орта мектебінің

9-сынып оқушысы.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp