
Өткен демалыс күндері дарынды балаларға мамандандырылған “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғысқан қызылжарлықтардың қарасы қалың болды. Олар бұл күні дүниежүзілік бокс сериясы бойынша атақты клубтардың бірі – қазақстандық “Astana Arlans” боксшыларының өнерлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Отандастарымыз пуэрторикалық “Puerto-Rico Hurricanes” клубымен кездесті.
Дүниежүзілік бокс сериясының алтыншы маусымы аясында өткен спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов былғары қолғап шеберлеріне сәттілік пен жеңіс тіледі. Ал жекпе-жектерді ұйымдастырған “Аstana Arlans” клубының бас директоры Серік Сәпиев осындай байрақты бәсекені өз дәрежесінде өткізуге жағдай жасаған облыс әкіміне алғысын жеткізіп, жерлестеріміздің саламатты өмір салтын ұстанғанын қалайтынын айтты, солтүстікқазақстандықтарды спортқа бір қадам жақын болуға шақырды.
Айта кетейік, 64 килограмм салмақта өнер көрсететін команда капитаны Самат Бәшеновтің қарсыласы Янкарлос Ривера кездесуге қатыспады. Сондықтан біздің команда 1:0 есебімен алға шыққан болатын.
Екі сағатқа созылған бокс кешінде отандастарымыз айқын басымдықпен жеңіске жетті. Атап айтқанда, алғашқы жекпе-жекте 25 жастағы Мардан Берікбаев (49 кг.) Джон Ортиспен қолғап түйістірді. Үш минуттық 5 раундтың қорытындысы бойынша Мардан таза жеңіске жетті. Есеп – 3:0 (50:46, 50:46, 50:46). Шаршы алаңға екінші болып 56 килограмда Нұрсұлтан Қосшығұлов пен Оскар Варела шықты. Бұл жекпе-жек ауыр соққылармен есте қалды. Қосшығұлов пен Варела рингте бір-біріне лайықты қарсылас екенін көрсетті. Төрешілердің шешімімен Нұрсұлтан басым түсіп, жеңіс тағы да арландарға бұйырды. Есеп – 3:0 (48:47, 49:46, 49:46).
Тағы бір тартысты кездесу 73 килограмм салмақ дәрежесінде өтті. “Astana Arlans”-тың абыройын команданың ең жас өкілі, 18 жастағы Әбілхан Аманқұл қорғады. Ол Рауль Санчес Мартемен кездесті. Шынын айту керек, алғашқы кезеңдер залға лық толған алты жүзден астам қызылжарлықтар күткендей тартысты болған жоқ. Тек төртінші раундта ғана екінші демі ашылғандай болған Әбілхан пуэрторикалық жігітті ауыр соққының астына алды. Есеп – 3:0 (50:45: 49:49: 49:46). Бұл кештің ең есте қаларлық жекпе-жегі 91 килограмм салмақта болды. Иван Росаро Торресқа жұдырықты жаудырған “Astana Arlans” клубының мүшесі Мұхамеджан Еркін қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберіп, кездесудің екінші минутында техникалық нокаутпен ұтты.
Кездесудің соңында жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген “Аstana Arlans” клубының бас директоры Серік Сәпиев: “Біз солтүстікқазақстандықтарға нағыз кәсіпқой бокс көрсеткенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі әр кездесуде жеңіске жету оңайға соқпады. Залдағы және тікелей эфир арқылы тамашалаған жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырыстық”, – деді.
Арландар 2 сәуір күні Өскемен қаласында өзбекстандық “Uzbek Tigers” командасымен кездеседі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.