«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНА — ЕЛІМІЗДІҢ ЖҮРЕГІ

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында “Астана – еліміздің жүрегі” атты “дөңгелек үстел” өтті. Оған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының өкілдері, мұрағат қызметінің ардагерлері, “Асыл мұра” орталығының мүшелері қатысты.

Аталмыш шарада сөз сөйлегендер елордамыздың дамуы мен гүлденуі, оның тарихы туралы ой қозғады. Солардың бірі “Асыл мұра” орталығының мүшесі Ахметжан Қуантаев жаңа астананың елдің әлеуметтік және экономикалық өміріне тигізген оң әсерін жіктеп айтып берді. “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізу аясындағы өңірдегі туризмді дамыту мәселелері, елорда құрылысындағы Елбасының рөлі туралы да әңгімеленді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының заңгері Сәбина Байбосынованың айтуынша, бүгінгі Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ұмтылыстарымыздың жемісі.

Мұрағат алдағы мерекеге орай “Астана – еліміздің жүрегі” тақырыбында көрме де ұйымдастырды. Онда елорданың қалыптасу тарихына байланысты маңызды құжаттардың көшірмелері орналастырылған. Мәселен, көрмені тамашалаушылардың назарына “ҚР астанасын ауыстыру туралы”, “Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы” және “ҚР елордасы Ақмола қаласының атауын Астанаға өзгерту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары ұсынылды. Сондай-ақ, көрмеден бас қаламыздың көрікті жерлерін бейнелейтін фотосуреттер мен “Астана – Қазақстанның жүрегі”, “Астана энциклопедиясы”, “Ақмола энциклопедиясы” және тағы басқа кітаптар орын алған.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp