
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Қазақ елінің талай алыптары туған қасиетті Қызылжар топырағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен облыс басшылығы тарапынан қолға алынған игі бастамаларға оң бағасын берген Президент еліміздің ең астықты өңірі ретінде Солтүстік Қазақстан облысына мол сенім артылып отырғанын айтты.
Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының негізгі тірегі
Президент алдымен Петропавл халықаралық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстарының жайымен танысты. Әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңаланып, бүгінде жолаушылар терминалы күрделі жөндеуден өткізілуде. Əуежай нормативтік мүмкіндігі бойынша сағатына 200 жолаушы өткізе алады. Аэровокзал ғимаратының жалпы алаңы – 2400 шаршы метр.
Бүгінгі таңда еліміздің ең астықты өңірінде негізгі күш күзгі орақ жұмыстарына жұмылдырылған. Биыл 4375,4 мың гектар алқапқа дән сіңірілсе, соның 3217,7 мыңы дәнді, 512,1 мың гектары майлы, 612,4 мың гектары жемазықтық дақылдарға тиесілі. Бүгінгі күнге дейін диқандар егіннің 80 пайыздан астамын орып, төрт жарым миллион тоннадай астық жинап үлгерді. Ауа райының әрбір ашық сәтін пайдаланып қалуға тырысқан шаруалар күні-түні танап басында. Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барған Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” серіктестігі де мол өнімнен үмітті. Серіктестік директоры Жомарт Омаровтың айтуынша, егістікті әртараптандыру бағдарламасы өз жемісін беруде. 28 мың гектар алқаптың 13,6 мың гектарына нарықта сұранысқа ие рапс пен зығыр егілген екен.
– Биыл жаз жаңбырлы әрі ауа райы жылы болып, егін бітік шықты. Бидай гектарынан 35 центнерден айналуда, ал майлы дақылдардың өнімділігі – 15-17 центнер. Мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Субсидия беріліп, жанар-жағармай мен гербицидтер алуға жеңілдіктер жасалды. Сол үшін алғысымды білдіремін, – деді диқан Елбасымен кездесуде.
Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандық астықты экспортқа шығару мәселесі оң шешіліп жатқанын айтып, шаруаларды бір қуантып тастады. Әрбір диқанның мақсаты маңдай терімен өсірген өнімін тиімді бағаға өткізу екені белгілі.
– Қытайға сапарым барысында астық экспорттау мәселесін келісіп келдім. Иранға темір жол салдық. Енді темір жол арқылы да, теңіз арқылы да Парсы шығанағына шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс артып отыр. Сондықтан біз де еңбек өнімділігін арттыруға тиіспіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны жан басына шаққанда 800 мың теңгеден ғана келеді. Ал өндірісте бұл көрсеткіш 27 миллион, бизнес пен қызмет көрсету саласында 4 миллион теңге екен. Салыстырып қарасақ өте аз. Еңбек өнімділігін арттырудың бір жолы бар, ол – өнімді шикізат күйінде емес, өңдеп сату. Бидай күйінде сатқаннан гөрі, үгіп ұн ретінде немесе макарон жасап саудаға шығарсақ, құны әлдеқайда қымбат болады, – деді Президент.
Президент танап басында механизаторлармен әңгімелесті.
– Біздің елдің диқандары әлемдегі ең еңбекқор жандар екенін үнемі айтып жүремін. Сіздерден асырып ешкім жұмыс істей алмайды. Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы. Бұл өңірде бидай ғана емес, майлы дақылдар да шығымды. Биыл егін бітік шыққанын көрдім, енді астықты ысырапсыз жинап алу міндеті тұр, – деді ол диқандарға.
Масағы дәнге толып, жайқалып тұрған астықты күздің қара суығына қалдырмай жинап алу қолда бар техниканың қуаттылығына да тікелей байланысты. Биылғы егін орағына тартылған сегіз мыңдай заманауи комбайнның дені өнімділігі жоғары техника. Олардың арасында жергілікті зауытта шығарылған, техникалық көрсеткіштері жағынан шетелдік баламаларынан еш кем түспейтін “SAMPOAsia” комбайны да бар. Петропавлдағы зауыттарда жасалатын техникалардың бәсекелік артықшылықтары мен жергілікті машина жасау кәсіпорындарын дамыту жайлы облыс әкімі Ерік Сұлтанов айтып берді. “Авагро” ЖШС егістікті дәрілейтін техника шығарумен айналысқалы бірнеше жыл болды, өнім диқандардың жоғары бағасын алып үлгерді. Биылдан бастап “Петропавл трактор зауыты” ЖШС ресейлік кәсіпорынмен бірігіп, танымал “К-700”-дің негізінде жасалған “Батыр” тракторларын шығаруды қолға алды. Бұл қуатты техника ауыл шаруашылығына ғана емес, коммуналдық қызметтер үшін де пайдалы.
Президентті Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құлағдар етті. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, облыс бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 13,2 пайызға артып, 108 миллиард теңгені құраған. Сегіз айда өңір экономикасына 35,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл салада 2020 жылға дейін құны 191 миллиард теңге болатын 62 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Нұрсұлтан Әбішұлының назарынан Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары шығарған азық-түлік өнімдері де тыс қалған жоқ. Бірнеше ірі сүт зауыттары сөреге айран, қаймақ, майларын қойды. Қызылжардың қымызы мен шұжығы, макароны мен тіл үйірер балы және арақ-шарабы табиғи шикізаттан, ешбір қоспасыз жасалатындықтан, тұтынушылар арасында әр кез сұранысқа ие. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі Астанаға тәулігіне 30 тонна сүт өнімдерін жөнелтуде, енді Ресейдің Қорған облысына шығаруды қолға алуда. “Сұлтан” макароны да Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде өз тұтынушысын әлдеқашан тапқан. Елбасы жергілікті тауар өндірушілерге облыстың тоғыз жолдың торабында жатқанын, бұл кәсіпкерлікті дамыту үшін үлкен мүмкіндік екенін тағы бір ескертті.
– Солтүстік Қазақстан облысының географиялық жағынан сәтті орналасуы ауыл шаруашылығын дамытуға оң ықпал етуі тиіс. Дайын өнімді күннен-күнге тұрғындары көбейіп, өсіп келе жатқан Астанаға және басқа да қалаларға, екінші жағынан, алып нарық иесі – Ресей Федерациясына шығаруға болады. Ауылдарда өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Бұл бір шаруаның қолынан келмеуі мүмкін, сондықтан кооперативтерге бірігудің тиімділігі зор. Бұл іс солтүстікте жақсы атқарылып жатқанын көрдім. Қазір әлем елдерін дағдарыс жайлаған, барлық қаржы институттарының қолы қысқарып отыр. Бірақ біз үшін олардың бәрі қолдау көрсетуге дайын. Бұл – елдің беделінің, жеткен жетістіктерінің арқасы. Мемлекет дамудың даңғыл жолына түскен және бизнесті дамытуға барлық мүмкіндік жасалып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қорғаныс өнеркәсібініңқуаты зор
Алқап басынан облыс орталығына келген Елбасының назарына өңір кәсіпорындары шығарған әскери техника көрмесі ұсынылды. Қазақстан Президентіне отандық қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігі мен жоғары инновациялық әлеуеті көрсетілді. Көрмені аралап шыққан Нұрсұлтан Назарбаев отандық қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігі мен инновациялық әлеуетіне оң баға берді. “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ және “ЗИКСТО” АҚ әскери-өндіріс кәсіпорындарының инженерлерімен және конструкторларымен әңгімелесті. Әскери техника құрастырумен қатар электрлік белгі беру жабдықтарын, азаматтық және арнайы мақсаттағы радиостансаларды, мұнай-газ секторы мен энергетика кешені кәсіпорындары үшін өнеркәсіп құрылғыларын, вагондар және көлік саласы үшін басқа да өнім түрлерін шығару мен жаңарту аталған кәсіпорындардың негізгі қызметі болып саналады.
Спортта да алдамыз
Бүгінгі күні өңір тұрғындарының 28 пайызы саламатты өмір салтын серік еткен. Өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылар санының күрт өсуіне өткен жылы ашылған Спорт сарайының да қосып отырған үлесі зор. Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандықтардың көзайымына айналған Спорт сарайының бүгінгі тыныс-тіршілігімен де танысты. Елбасын ғимараттың алдында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қарсы алды. Осы жерде Елбасы әлемдік додаларда елдің намысын қорғап жүрген солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесіп, жеңіл атлетика манежін, мұз айдынын және оқу-жаттығу базасын аралап көрді. Сондай-ақ, көркем гимнастика өнері көрсетілімін, жеңіл атлетика мен хоккей жаттығуларын тамашалады.
Былтыр пайдалануға берілген ғимарат 14853 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оның жобасы бойынша негізгі үш блок – жеңіл атлетикалық манеж, мың жанкүйер тамашалай алатын жабық мұз айдыны, велошабандоздар мектебі орналасқан. Соған сәйкес шайбалы хоккей, коньки, шорттрек, шағын футбол, волейбол, күш жекпе-жегі, таэквондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім айналыса алады. Велошабандоздарға лайықталған екі трек алаңы, тренажер бөлмесі, көркем гимнастика, акробатика залдары жұмыс істеп, күніне 1200 адамды қабылдай алады. Оларға 73 жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Ересектермен қатар, балалардың да шынығуына жан-жақты мүмкіндіктер тудырылған. Бертінге дейін ұмыт қалған хоккей дәстүрі қайта жанданып, былтыр құрылған “Құлагер” командасы Қазақстан чемпионатында қола жүлдені иеленді. Мұз аренасында “Құлагер” хоккей клубының президенті Болат Қарабалин Мемлекет басшысына команданың жейдесін тарту етті.
Өңірдің әлеуеті артып келеді
Спорт сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен облыс жұртшылығы өкілдерінің алқалы жиыны өтті. Кездесуге кәсіпкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, ардагерлер, жастар белсенділері, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Екі жылдай облыс орталығына ат басын бұрмаған Елбасы жиналған қауыммен емен-жарқын әңгімелесуге ниет танытты.
– Мен жаңа диқандармен кездестiм. Алтын астық пен осындай орақ науқанын көрудiң өзi – бақыт. Солтүстiк Қазақстан, ең алдымен, астық қоймасы, астық өндiрудiң ең үздiк өңiрi. Биыл біз ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын атап өтеміз. Оны жақсы көңiл-күймен қарсы алатын боламыз, – дедi.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыруға облыстың қосып отырған үлесiне назар аударып, “Астана – Петропавл” тасжолының сапасына бағасын берді.
– Әдемі жол салынған. Петропавлдықтар мұндай жолмен бұған дейін жүріп көрген жоқ. 700 километр ауданаралық жолдарды жөндеу керек. Жолсыз іс бітпейді. Мен бүкіл Қазақстанда жоғары сапалы жол салдырғым келеді. Егер біз 25 жылда басқалар жүз жылда жасайтын істі тындырдық деп айтатын болсақ, онда Тәуелсіздіктің осы мерекесі әр ауылда сезілуі тиіс. Жол салынып, ауызсу, мектептер, жақсы дәрігерлер болуы керек. Адамдар өмір өзгерді деп айтып жүрулері тиіс, – деді Президент.
Тәуелсіздік алған жылдары қазақстандықтардың 40 пайызының кедейшілікте күн кешкенін, қазір бұл көрсеткіш 2 пайызға дейін төмендегенін атап өткен Елбасы елді көгалдандыру жоспарларымен де бөлісті.
– Солтүстік Қазақстан облысы – орманды, жасыл желекті, еліміздің көрікті өңірлерінің бірі. Осы байлықты сақтай білуіміз керек. Біздің кең-байтақ жерімізде орман аз. Сондықтан “Жасыл ел” бастамасына қолдау білдіремін. Әрбір жас адам ағаш отырғызуы керек. Барлығыңызды осы іске шақырамын, – деді ол.
Кездесу барысында Елбасын өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуымен таныстырған облыс әкiмi Ерiк Сұлтановтың айтуынша, тәуелсiздiк жылдарында ауыл шаруашылығы кешендерiнде еңбек өнiмдiлiгi үш есеге дейiн артып, жан басына шаққанда 1,7 млн. теңгенi құраған. Өңдеу өнеркәсібінің 19,7 пайызына ие машина жасау кәсіпорындары 15 733 миллион теңгенің өнімдерін өндірген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93 миллиард теңге болған. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге бөлінген. 7964 жаңа жұмыс орны ашылып, 15 961 адам жұмысқа орналасқан. 2622 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Экономикалық белсенді тұрғындардың 0,5 пайызын жұмыссыздар құрайды.
Облыс әкiмi тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесiне ерекше назар аударды. Биыл мемлекеттiк қолдаудың арқасында, өткен жылмен салыстырғанда, пәтер 2,5 есеге артық салып, пайдалануға берiлетiн тұрғын үй көлемiн 33 пайызға арттыру көзделген.
Аграрлық өңірдің қол жеткен жетістіктеріне қаныққан Елбасы ішкі резервтерді барынша тиімді пайдалануға, заманауи үлгідегі озық технологияларды өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға, өнім сапасы әрқашан басты көрсеткіш болып қала беретініне назар аударды. Жиналған қауым соңғы жылдары халықтың әл-ауқатының артқаны жөнiнде ойларын айтып, Қазақстанды дамудың сара жолына салған салиқалы саясаты үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.
– Біз, қазақстандық кәсіпкерлер, Сіздің алдыңызда әрқашан да қарыздармыз. Себебі, Сіздің қамқорлығыңызбен аяғымыздан нық тұрдық. Сіз белгілеп берген бағдарлама мен бағыттарды бетке алып, елмен бірге қызмет етіп келеміз. Мен “ҚАЗТЕХМАШ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарамын. Өзіңіз егіс алқабында көрген комбайндар – біздің отандық өнімдер. Сіз жүзеге асырған “Индустриялық даму” бағдарламасының аясында Финляндия және Польшадағы әріптестерімізбен бірігіп, осындай ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығаруды қолға алдық.
Өткен жылдан бері 50 комбайн, 60-қа жуық басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырдық. Біздің мамандарымыз шетелге барып, техниканы сапалы құрастыруды үйренді. Ендігі мақсатымыз – сол техниканың бөлшектерін елімізде өндіріп, қазақстандық үлесті арттыру болып отыр. Біздің Солтүстік Қазақстан облысында техника жасайтын зауыттар баршылық. Барлығымыз бірігіп, Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру кластерін құруға толық мүмкіндігіміз бар, – деді “ҚАЗТЕХМАШ” ЖШС-нің директоры Сәбит Шәкенов.
Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөз сөйлеген №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі Ирина Тухватулина осы жолы Елбасына оқушыларының сәлемін жеткізіп: “Америка Құрама Штатының өркениетті ел атануы үшін 300 жыл бойы 44 президент тынымсыз еңбек етсе, Сіз бір өзіңіз Қазақстанды 25 жылдың ішінде бүгінгі деңгейге жеткіздіңіз”, – деді. Ал “Серпін” бағдарламасының қатысушысы, бүгінде Петропавл темір жол колледжінің 4-курс студенті Гүлнәр Есбатырова бұла көңілден шыққан алғысын жеткізді.
– Мен Қызылжар өңіріне темір-жол саласы бойынша білім алуға келдім. Солтүстік салқын болса да, тоңған жоқпын. Елдің ықыласы ыстық екен, бәрі бірдей бауырына тартты. Мен өзімді бұл өлкеде бұрыннан бері өмір сүретіндей сезінемін. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында “Серпін” бағдарламасы бойынша мыңнан астам студент білім алуда. Біз оқуымызды аяқтаған соң осы өңірде еңбек етіп, солтүстік аймақтың дамуына өз үлесімізді қосамыз. Сондай-ақ, еңбек күші басым оңтүстік өңірлерден осы жаққа 118 отбасы қоныс аударды. Осы орайда, Сізге айтар тағы бір жақсы жаңалығым бар. Оқушы санының аздығынан жабылудың аз-ақ алдында қалған мектептер қайтадан бала күлкісіне толды. Біз Қазақстанның қай аймағына барсақ та, Сіздің қамқорлығыңызға бөленеміз. Сіз барлық азаматқа бірдей қамқорлық жасайтын әлемдегі бірден-бір Президентсіз, – деді ол.
Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: “Серпін” бағдарламасын бірнеше жыл бұрын қолға алдық. Оңтүстікте ел халқының 10 миллиондайы қоныстанғандықтан, жер тар, жұмыс тапшы. Оқуды бітіргеннен кейін жұмыссыз жүрген жастар көп. Осы жерге келіп, білім алып, түпкілікті қалсаңдар, өте жақсы болады” , – деген ойын ашық айтты.
Келелі мәселелер — нақты тапсырмалар
Кездесу барысында Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдары көп нәрсеге қол жеткізілгенін, бірақ әрбір қазақстандық отбасының тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту үшін әлі де көп шаруа тындыру қажет екендігін еске салып, алда тұрған міндеттерді таратып айтты. Үстіміздегі жылы еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне тағы да 97 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ақша әртараптандыруға, экспортқа, қайта өңдеуге және кооперативтерге бағытталмақ.
Кездесу барысында осыны кеңінен тақылаған Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма да жүктеді. Соның бірі – әртараптандыру.
– Әр шаруашылықта ненің тиімді екендігін анықтау қажет. Біз суармалы жерден айрылып қалдық. Соның салдарынан мал шаруашылығын, қой шаруашылығын жоғалттық. Бір құдық төңірегінде мыңдаған қой өсіруге болады. Мен 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді тапсырдым және оған қаржы да бөлінді, – деді Қазақстан Республикасының Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экспортты ұлғайтып, сол арқылы түскен қаржыға техника мен минералды тыңайтқыштар сатып алу қажеттігін атап өтті. Алыпсатарлар ісіне тосқауыл қою үшін кооперацияларды қалпына келтіру маңыздылығына тоқталды. Ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктерінің өзгеріске ұшырап, ендігі уақытта еңбек өнімділігіне басымдылық берілетіндігін ескертті.
– Ешқандай алтын нанмен теңесе алмайды. Біз құнарлы жеріміздің арқасында үлкен байлыққа иеміз. Қазақстан қазіргідей 17 млн. емес 100 млн. адамды тамақпен қамтамасыз ете алады. Біз мұны жасап та жатырмыз. Жыл сайын 8-10 млн. тонна астық сатамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді алаңдататын жай астықты сату мәселесі болып отыр. Өйткені, нарықтағы бәсекелестік ұлғайып келеді. Мәселен, биылғы жылы көршіміз Ресейде де егіннің шығымдылығы диқандарын қуантып отыр екен. Сондықтан астық өткізетін жаңа нарықтар қажет.
Шағын және орта бизнеске серпін беру, шекаралас аймақтар арасындағы сауда-саттық жүйелерін ырғақты дамыту сияқты мәселелер жайлы ойларымен бөліскен Елбасы алғашқысын дамытуда Германияның тәжірибесін үлгі қылды. Экономикасы жағынан әлемнің төртінші мемлекеті атанып отырған Германияда өнеркәсіп өнімінің 90 пайызын орта және шағын кәсіпкерлік өндіреді екен. “Ірі кәсіпорындардың уақыты өтіп, ұсақ кәсіпорындардың заманы туды”, деді.
Шекаралас аймақтар арасындағы сауда-саттықты дамытуда бізге артылған үміт зор. Әсіресе, алып көршілеріміздің бірі – Ресейдің Түмен, Қорған, Омбы облыстарымен қарым-қатынасымызды барынша нығайтып, олардың жақсысын өзімізге алып, біздегі озық өнімді оларға өткізуде белсенділік таныту қажеттігін қадап айтты.
“Тәуелсіздігіміздің алда келе жатқан 25 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алу – бәріміз үшін мерей”, – деген Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің қорытындысында облыс тұрғындарына сәттілік тіледі.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер
Талғат ТӘНІБАЕВ,
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
Виталий ВЛАСЕНКО.