«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚТЫ АЙМАҚ — АСТАНА ТӨРІНДЕ елордада Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтті

 

Қызылжар өңірі өткен аптада бас қаламыз – Астанада Солтүстік Қазақстан облысының күндерін өткізді. Байлығы жердің бетінде өсіп-өнген аққайыңдар өлкесі елорда тұрғындарын әнімен де, дәмімен де тамсандырды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған осынау маңызды шара барысында Қызылжар өңірінің елордаға тартуы өзіне тән ерекшелігімен айшықталғаны сөзсіз. Себебі, Қызылжардай аққу ұшып, қаз қонған керемет өлкені бірер күннің ішінде таныстыру мүмкін болмаса да, Қазақстанның солтүстік қақпасы атанып, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірдің зор әлеуетін жан-жақты көрсете білдік.

Солтүстік Қазақстан облысы күндерінің шымылдығы танымдық, тағылымдық мәні зор мәдени шаралармен түрілді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының “Дауылпаз баба – Қожаберген” және Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының “Мағжанның соты” спектакльдері арқылы Астана тұрғындарының Қызылжар өңірінің мақтан тұтар тұлғаларын жаңа қырынан танығандары сөзсіз.

“Мағжанның соты” спектаклінде көрерменді тартымды тақырып, драмалық шиеленіс, шебер режиссерлік шешім, актерлік дарын тәнті етті. Бала Мағжанды, ақын Мағжанды, тұтқын Мағжанды, қасіретті тағдырдың үш кезеңін үш түрлі актер шынайы бейнелеп, елордалықтардың көңілінен шықты.

Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай!” дастанының желісі бойынша сахналанған “Дауылпаз баба – Қожаберген” спектаклін көруге келген халықтың нөпірі көп болды, тіпті, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында бос орын қалмады. Ол түсінікті де. Спектакльде батыр бабаларымыздың туған елі үшін күн, түн қатып, ат үстінде өткізген жорық жолдары шынайы суреттеледі. Онда көрініс тапқан Қожаберген жыраудың, Тәуке ханның образдары нанымдылығымен көрермендердің жандүниесін баурап, өткен тарихымызға деген ерекше құрмет сезімін тудырды десек, артық айтқандық емес. Қойылым Қожаберген жыраудың ақындығы мен батырлығын, көсемдігі мен көшелілігін сомдау арқылы қилы заманның ауыр қасіретінен мол мағлұмат береді. Орыс патшалығынан көмек сұраған жауларымыздың сұрқия істері мен зымияндық айлашарғылары әшкереленеді. Осының барлығын көрермен жүрегіне жеткізе білген С.Мұқанов атынағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері патша көңілді елордалықтардың ыстық ықыласына бөленді.

Астананың кішкентай көрермендеріне облыстық қуыршақ театры да өз тартуын дайындаған болатын. Театр ұжымы “Жастар” сарайында “Әуеле, домбыра!” спектаклін сахналап, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне “Менің досым – бағдаршам” атты қайырымдылық қойылымын көрсетті. Ал облыстық мұрағат ұжымы “Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих” көрмесін ұйымдастырды. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс орталығының атақты тұлғалары туралы “Петропавл қаласы” атты деректі фильм көрсетілді. Ал Бейбітшілік және келісім сарайында облысымыздағы мұражайлар бірлестігінің ұйымдастыруымен “Өзіне тартады туған жер” көрмесі, сондай-ақ, жергілікті суретшілердің “Өңір маржаны” көрме экспозициясы қанат жайды. “Өзіне тартады туған жер” көрмесінде Солтүстік Қазақстан облысының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері көрсетілді. Көрме өңіріміздегі ауыл шаруашылығының, өндірістің, денсаулық сақтау және білім беру салаларының, мәдениеттің, спорттың дамуы жөнінде, жерлес жазушылар мен ақындар жайлы бөлімдерден құралды. Осылайша, танымдық, тағылымдық шаралар барысында облыстың бүгінгі экономикалық әлеуеті де таныстырылды.

Өткен 25 жылдың ішінде елмен бірге қиын-қыстау кезеңдерді де бастан кешірген Солтүстік Қазақстан облысы мерейлі жылды экономика саласында да зор табыстармен қарсы алып отыр. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров келтірген деректерге қарағанда, өңірлік жалпы өнімнің көлемі 25 жыл ішінде 13 есеге артып, 837 миллиард теңгеге жеткен. Өңірлік жалпы өнім жан басы­на шаққанда 20 есеге артып, 1 мил­лион 700 теңгені құраған. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 34 есе көбейіп, 2015 жылы 155 миллиард теңгеге жетті. Өндірістік өнім көлемі 1991 жылы 7 миллион теңге болса, былтыр 167 миллиард теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы кешеніндегі еңбек өнімділігі жан ба­сына шаққанда 1 миллион 666 мың теңге болды. Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 289,6 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда аграрлық секторда осызаманғы техника­лар қолданылудың, шаруашылыққа жаңа тиімді технологиялар енгізудің арқасында өнім көлемі де ұлғайған.

Өңіріміздегі өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласының да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Бүгінгі таңда өңдеу индустриясы өнімінің көлемі 93,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өңір экономикасының алға басуына индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы оң серпін беруде. Себебі, индустрияландыру картасы жүзеге асырылғаннан бастап 116 млрд. теңгенің 53 жобасы іске қосылса, оның бестен бірі өңдеу өнеркәсібі екенін атап өткен жөн. Ал тәуелсіздік жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 17 есеге артқан.

Бұл жетістіктеріміз Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің “Өңір берекесі” жәрмеңкесінде де көрсетілді. Өңіріміздің 150-ге жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындар жәрмеңкеге 741 тонна өнім әкелді. Қызылжардан осындай тарту жеткенде Астананың ауа райы сәл салқындап, қыстың ызғары сезілді. Алайда, “Хан Шатыр” сауда ойын-сауық орталығының жанындағы алаңда өткізілген жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы қалың болып, сапалы әрі арзан өнім сатып алуға асыққандарға ауа райы да тосқауыл бола алмады. Жәрмеңкеде 95 тонна ет, 10 тонна шұжық, 24 тонна сүт өнімдері, 400 қорапша жұмыртқа, 100 тонна ұн, 10 тонна макарон, 16 тонна бал, 450 тонна картоп және басқа да көкөністер, 20 тонна балық, 15 тонна өзге де азық-түлік түрлері саудаланды. Қара малдың еті – 1100, қой еті – 1050, жылқы еті 1250 теңгеге бағаланды. Картоптың килограмын 55 теңгеден сатып алған елордалықтардың жоғары сұрыпты ұнға да сұранысы байқалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев жәрмеңкедегі өнім бағасы Астанадағы бағадан 40 пайызға арзан болғанын айтты. Сол себепті, сөмке тасыған, қап арқалаған, арба сүйреген Астана тұрғындарының легі толастамады. Әсіресе, дәмі тіл үйіретін Булаевтың сары майына ұзын сонар кезек болды. Мұндай кезекті көптен бері көрмеп едім.

– Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан Булаевтың сары майын іздеп жүріп аламын. Бүгін осы сары май үшін жәрмеңкеге арнайы келдім. Бұл жәрмеңке ерекше ұйымдастырылған екен. Сауда жасай жүріп қызылжарлық өнерпаздардың әнін тыңдап, биін тамашаладым, – дейді Роза Әбдірахманова.

Көңілдері қалаған өнімді қалтаға салмақ түсірмейтін бағамен сатып алып жүрген астаналықтардың бойларын жылыту үшін тегін ыстық ас пен шай ұйымдастырылса, аға буын өкілдері арнайы тігілген қайырымдылық киіз үйлерінің құрметті қонағы болды. Мұндай құрметті күтпеген қарттарымыз ақ баталарын жауырып, игі тілектерін жеткізді.

Ыстық тамақтан ауыз тиіп, бойлары жылынған кейбір тұрғындар қызылжарлық өнерпаздар ұйымдастырған ойындарға қатысып, көңілдерін көтерді. Осындай көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатқан жәрмеңкені көруге Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сөреге қандай өнім түрлері қойылғанынан және олардың бағасынан хабардар етті. Жәрмеңке алаңын толық аралап шыққан Малика Бектұрова: “Астаналықтар Солтүстік Қазақстан облысы өткізетін жәрмеңкені асыға күтеді деп ойлаймын. Себебі, сапалы өнім арзан бағамен сатылады. Сондай-ақ, өзге өңірлердің де тауарлары елордалықтардың көңілінен шығып жүр” – деді. Екі күнге созылған жәрмеңке барысында бүкіл өнімдер толық сатылып, Қызылжардан барған керуен өңірге бос қайтты десек те болады.

Солтүстік Қазақстан облысының күндері Бейбітшілік және келісім сарайында өткен “Мағжан елінен – Елорда төріне” атты галаконцертпен түйінделді. Облыстың үздік шығармашылық ұжымдары – “Сегiз серi” атындағы қазақ халық аспаптарының оркестрi, “Қызылжар” халық музыка ансамблi, “Әдемi-ау” қазақ би ансамблi, камералық хор, “Туған жер” би ансамблi, жекелеген дәстүрлі және эстрадалық әншілер Қызылжар өңірінің топырағына тән өнерді танытты. Мәдениет қайраткері Михаил Лахтиннің “Туған жер” би ансамблі көрермендердің ықыласына бөленгені соншалық, олардың әр биіне ұзақ қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді. Бидің қыр-сырын меңгерген ансамбльдің бұл жетістігі тасыған көңілді одан сайын асқақтатып, жиналғандарды бір марқайтып тастады.

Міне,18-23 қазан күндері аралығында өткен Солтүстік Қазақстан облысы күндерінде Қызылжар өңірінің Астана халқына тартуы осындай болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp