Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізін құрайтын маңызды бағыттардың бірі. Биыл аграрлық секторда айтарлықтай оң өзгерістер мен жетістіктерге қол жетті. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов оқырмандарымыздың сауалдарына жауап беріп, саладағы қазіргі жағдай, биылғы егін орағы, техникалық қамтамасыз ету, мал шаруашылығының дамуы және өзге де мәселелер туралы айтып берді.
Айнаш ҚАНАПИНА,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Мен көп жылдар осы салада еңбек еткен ардагермін. Күзгі орақ науқаны басталған сәттен тақымымды қысып, шаруалардың тілеуін тілеп отырамын. Жалпы биылғы орақ науқаны қалай жүргізілуде?
– Өңір шаруалары егіс даласында уақытпен санаспай еңбек етуде. Барлығының мақсаты – жаз бойы баптап өсірген егінді шашау шығармай жинап алу. Өңірдегі барлық негізгі күш осы науқанға жұмылдырылған. Жұмыстың қарқыны агротехникалық кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бірқатар шаруашылықтар өз алқаптарындағы егіннің жартысынан астамын жинап алды. Әзірге әр гектардан орташа есеппен 16,5 центнерден өнім алынуда. Шаруашылықтар ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар күзгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында шаруаларға 68,6 мың тонна көлемінде жеңілдікпен дизель отыны бөлінді. Аталған қолдаулар агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің күзгі егін жинау және топырақ өңдеу жұмыстарын тиімді атқаруына мүмкіндік береді.
Аманжол НҮРСЕЙІТОВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны:
– Өнімнің мол әрі сапалы болуы техникаға да байланысты. Биыл қанша техника сатып алынды?
– Жыл басынан бері сатып алынған жаңа техникалардың саны – 1 648. Бұл техникалық парктің 7 пайызға жаңартылғанын білдіреді. Ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті он пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр.
Нұрлан АРҒЫНҰЛЫ,
Жамбыл ауданының тұрғыны:
– Былтыр астықты сақтайтын жер болмай, шіріп жатқандығын өз көзіммен көрдім. Биылғы ахуал қандай? Бидайды сақтау, өңдеу және экспорттауда кедергілер бар ма?
– Астықты сақтау, өңдеу және экспорттауда айтарлықтай қиындық жоқ. Өңірде астықты қабылдау үшін 45 элеватор жұмыс істейді, олардың жалпы сыйымдылығы – 3,2 млн. тонна. Ұн туралы да айта кетейін, өңірде жылына 1 156 мың тонна ұн үгетін 28 диірмен бар. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 316,9 мың тонна ұн өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға көп. Астықтың 440,1 мың тоннасы өңдеуге жіберілді. Ұн мен ұн өнімдері өзге өңірлерге, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Қытайға сатылады. 2025 жылдың басынан бері 1 908,2 мың тонна астық Еуропа және Азия елдеріне экспортталды.
Зәмзәгүл НҰРҒОЖИНА,
Мамлют ауданының тұрғыны:
– Біздің өңір тауарлы-сүт фермаларын салудан республика бойынша алда келеді. Алайда сүттің бағасы қымбат. Сиыр сауып, оның сүтін өткізумен айналысатын біз сияқты ауыл тұрғындарын да алаңдатқан мәселе көп. Кей кәсіпорындар «ашып кеткен, майлылығы аз» деген сылтаумен сүтімізді алмай кететін кездері де кездеседі?
– 2024 жылы өңірде 17 ферма іске қосылды, ал 2025 жылдың соңына дейін 5 мың басқа арналған 8 ферма салу жоспарда бар. Бұл фермалардың сүт өндіру қуаттылығы жылына 30 мың тонна болады. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 268 мың тонна шикі сүт өндірілді. Сіз қаузап отырған ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселе осыдан екі жыл бұрын көп көтерілген болатын. Арнайы құрылған жұмыс тобы ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Мәселе оң шешімін тапты. Қазір сүт өңдейтін кәсіпорындар тұрғындардан 1 литр сүтті 150 теңгеден сатып алуда. Сүттің бағасына келсек, ешқандай заң бұзушылықтар, асырасілтеушілік орын алып отырған жоқ. 1 литр сүт дүкендерде шамамен 400-460 теңге аралығында саудалануда. Өңірдегі сүт өндіретін кәсіпорындардың өнімдеріне еліміздің басқа облыстарынан ғана емес шетелдердерден де сұраныс жоғары.
Аян СӘБИТОВ,
Тайынша ауданының
тұрғыны:
– Ет бағасы қымбаттап жатыр. Сиыр етінің бір келісі базарларда әртүрлі бағада саудалануда? Мұның себебі неде?
– Бұл мәселеге бірнеше фактор әсер етуде. Оның алғашқысын инфляцияның жоғарылауымен және бағаның құнсыздануымен байланыстырамыз. Екінші себеп бізден басқа өңірлердегі бағаның ырыққа көнбей, өсуі. Мәселен, елордада сиыр етінің бағасы соңғы бірнеше айда 18 пайызға өскен. Бұл іргелес жатқан біздің өңірге де әсер етті. Қазір баға тұрақталды. Бір келі сиыр еті 3500 теңгеден сатылуда.
Жалпы ет бағыты бойынша айтар болсақ өңірде 677 шаруашылық ірі қара мал өсірумен айналысады.
Тоқтар ЖОМАРТҰЛЫ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Мен қаланың іргесіндегі Қызылжар ауданында тұрамын. Болашақта мал шаруашылығымен айналысқым келеді. Мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған. Субсидия ала аламын ба?
– Мал шаруашылығына мемлекет тарапынан субсидия түрінде қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар — бұл кәсіпкерлерге шығындарының бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек. Субсидиялар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімділік пен сапаны арттыруға бағытталған.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы — бұл ауыл шаруашылығының маңызды саласы, сол себепті мемлекет селекциялы және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарымен айналысатын тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялайды, яғни бір бөлігін өтеп береді. Субсидия мөлшері малдың түріне байланысты болады. Мысалы, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі (мемлекет селекция жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тұқым сатып алуға мүдделі). Жалға алынған малға субсидия берілмейді. 2025 жылы 105 шаруашылық осы мемлекеттік қолдауға ие болды. Фермер субсидия алу үшін арнайы талаптарға сай болуы керек. Ол талаптар мал түріне қарай өзгеріп тұрады. Мысалы, селекция мен асыл тұқым өсіруге байланысты жұмыстарға субсидия алу үшін барлық мал басы селекция және асыл тұқым жұмысының ақпараттық қорында және ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасында тіркелуі керек. Мал шаруашылығымен айналысқыңыз келсе жергілікті жердегі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне барып, ондағы мамандардан кеңес алсаңыз болады. Малды сатып алуға ғана емес, күтіп-бағуға, қолдан ұрықтандыру, селекциялық жұмыстарға, өндіріс пен өңдеуге, бордақылауға және жемшөпке де қолдау көрсетілетінін айтқым келеді.
Айсұлу ШЕКЕНОВА,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Аудан орталығы – Бескөлде мал соятын арнайы орындар жоқ. Бата-дұғаларда, Ораза айт, Құрбан айт сияқты мерекелерде тұрғындар ауылдардағы туыстарын жағалап кетеді. Бұл мәселені шешуге көмек көрсете аласыз ба?
– Бұл сауал облыстық ветеринария басқармасына жолдануы тиіс. Көпті толғандырып жүрген мәселені жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы шешуге болады.
Бауыржан ТЕКЕБАСОВ,
Уәлиханов ауданының
тұрғыны:
– Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін субсидиялау, кооперативтер құру және жеңілдетілген несие беру бағдарламалары бар ма?
– Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып келеді. Бұл жоба барлық аудандарды қамтыды. 2023 жылы 1,8 млрд. теңге бөлініп, 236 жоба қаржыландырылып, 249 жаңа жұмыс орны құрылды. Жоба биыл да жүзеге асырылуда. Өтініштеріңізді https://amanat-nesie.kz сайтына жолдауға болады.
Жанарбек ҚАЛИЕВ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
–Менің көршім 100 қаздың балапанын тегін алды. Бұл жобаға мен де қызығып, жергілікті әкімдікке барған едім, ондағылар балапандардың барлығы таратылып берілгенін айтты. Алдағы көктемде қаз балапандарын ала аламын ба? Ол үшін не істеу керек?
– Жергілікті әкімдікке аты-жөніңізді тіркетіп қойсаңыз жеткілікті. Балапан тегін берілмейді. Мұндай қолдауға ие болғандар қыстың алғашқы айларында барлық қаздың (100) 10 пайыз етін және мамығын қайтаруы тиіс.
Дайындаған
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».